Саясат • Бүгін, 10:12

Экспортқа қолдау күшейеді

2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Инвестициялық, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қаржы тарту, шикізаттық емес экспортты дамыту, сондай-ақ экономиканың нақты секторын мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

Экспортқа қолдау күшейеді

Мемлекет басшысының экономиканы қаржыландыруды көбейту туралы тапсырмаларын орындау аясында Директорлар кеңесі Холдингтің ресурс­тық базасын кеңейтуге әрі басым са­лаларды қолдауды арттыруға бағыт­талған бірқатар шешім қабылдады.

Отандық экспорттаушыларды қол­дау мәселесіне ерекше назар ауда­рыл­ды. Директорлар кеңесі «Қазақ­­станның экспорттық-кредиттік агенттігіне» мемлекет кепілдігімен 250 млрд теңге тартуға рұқсат берді. Ке­пілдік 10 жыл мерзімге беріле­ді. Бұл қаражат агенттіктің экспорт­тау­шы­ларға сақтандыру мен кепілдік беру мүмкіндігін кеңейтіп, шикізат­тық емес өнім өндірушілерге қолдау көр­сету көлемін кеңейтуге жол ашады.

Нәтижесінде кәсіпкерлердің экспорт­тық қаржыландыруы жақсара­ды. Биыл агенттіктің сақтандыру мен кепілдік міндеттемелерінің жалпы көлемі 1,2 трлн теңгеге жетеді деген үміт бар. Сондай-ақ «Бәйтерек» холдингінің 2026–2028 жылдарға арналған орнықты даму жоспары бекітілді. Құжат экологиялық таза жобаларды қаржыландыруды көбей­туге, көміртегі шығарын­дыларын азайтатын бастамаларды қол­дауға, корпоративтік басқару­дың ашықтығын арттыруға әрі тәуекелдерді тиімді басқаруға бағытталған. Бұдан бөлек, әлеуметтік жобаларды іске асыру, кадрлық саясатты жетілдіру, халықаралық үздік тәжірибелерді енгізу де негізгі басымдықтардың қатарына енгізілді.

Қазір холдинг Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының 17 бағытының 15-ін өз қызметінде ескеріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысында Sustainable Fitch халықаралық рейтинг агенттігі холдингтің ESG-рейтингін «3» деңгейден «2» деңгейге көтерді. Осы көрсеткіш холдингтің тұрақты даму саласындағы халықаралық талап­тарға сәйкестігін растайды. Оты­рыс соңында тәуекелдерге қатысты шоғыр­ландырылған есеп, Ішкі аудит қыз­метінің есебі, Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы комплаенс-қызметтің 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмысы туралы есеп бекітілді.

Соңғы жаңалықтар