Сурет Павлодар облысы білім беру басқармасынан алынды
Ұстаздарының айтуынша, Әлтайырдың білім бәйгесіндегі жеңісті жолы жыл бойғы талпынысынан анық байқалған. Қаңтар айындағы сынама тестілеуде 123 ұпай жинаса, наурыз айында нәтижесін 131 ұпайға дейін көтерген. Ал негізгі сынақта өз мүмкіндігін толық дәлелдеп, абсолютті нәтиже көрсетті. Мұндай көрсеткішке жету – кез келген талапкердің арманы, ал оған қол жеткізу – тек үздіктердің еншісіндегі жетістік.
«Әлтайыр Әсет – білімімен ғана емес, жан-жақтылығымен де ерекшеленген дарынды жас. 2024–2025 оқу жылында қалалық және облыстық «Абай оқуларына» қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Бұған қоса Абай облысында өткен республикалық кезеңде І орынды жеңіп алып, өзінің әдебиетке, сөз өнеріне деген ерекше қабілетін дәлелдеді», дейді №7 орта мектептегі ұстаздары.
Дарынды түлек ғылым-білім сайыстарында да биіктерден көрінген. «Алтын түлек» олимпиадасының қалалық және облыстық кезеңдерінің І орын иегері атанып, үздік оқушылар қатарынан табылды. Ал жалпы білім беретін пәндер олимпиадасында математика пәнінен ІІІ орын алып, аймақ намысын абыроймен қорғады.
Әлтайыр қазіргі уақытта Астанадағы Мақсұт Нәрік-баев атындағы университетті таңдап, «Менеджмент» мамандығына оқуға түсуді ұйғарып қойыпты. Ол үшін ағылшын тілінен қосымша ielts емтиханын тапсырмақшы. Ал өзі ҰБТ-дан қосымша курс оқыған білім ұйымы оған елордадан пәтер тарту еткен.
Білімге құштар, жауапкершілігі жоғары талапкер өз жетістігі арқылы мектебінің ғана емес, бүкіл Ертіс–Баян өңірінің мерейін үстем етті. Оның жетістігі – ата-анасының тәрбиесі мен ұстаздарының тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Білім мен парасатты серік еткен Әлтайыр көптеген жас талапкерге үлгі болғаны айдан анық.
ПАВЛОДАР