Экономика • Бүгін, 09:20

Мұрагерліктің де жауапкершілігі бар

11 мин
оқу үшін

Жақын адамнан айырылу оңай емес. Бірақ қазадан кейін қағаз қуалау, мұра рәсімдеу, құжат түгендеу сияқты тіршілік тағы бар. Осы қат-қабат шаруаның қалтарысында қаншама даулы мәселе жатыр. Бірі 6 айлық мерзімді өткізіп алып, мұрасынан қағылса, енді бірі марқұмның қарызын өтеуге мәжбүр болады. Бұл турасында мұрагерлікке қатысты заң не дейді? Азаматтар қандай қателікке жиі ұрынады?

Мұрагерліктің де жауапкершілігі бар

Коллажды жасаған – Гүлмария ӘШІМХАНҚЫЗЫ ,«EQ»

Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Баян Тоқтарованың айтуынша, елімізде жыл сайын мұрагерлікке қатысты шамамен 7 мың азаматтық іс қаралады. Оның басым бөлігі мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіруге байланысты. Сондықтан да Жоғарғы сот мұрагерлік туралы заңнаманы қолдану тәртібін қайта қарап, жаңа нормативтік қаулы қабылдады. Құжатта мұраның ашылу уақытын анықтаудан бастап, мұраны қабылдау мерзімі, мұрагерлердің құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ тәжірибеде жиі кездесетін даулы мәселелерге дейін егжей-тегжей түсіндірілген. Мысалы, Жамбыл облысында мұрагерлік рәсімдеу кезінде жекешелендіру туралы келісімшартта кеткен қате азаматты сотқа жүгінуге мәжбүр етті. Шу қаласындағы пәтер 1992 жылы жекешелендірілгенімен, құжатта жекешелендіруге қатысушылар туралы мәлімет көрсетілмеген. Салдарынан нотариус мұрагерлік рәсімді аяқтай алмаған. Сот барысында талап қоюшының пәтерге жалғыз мұрагер екені анықталып, басқа үміткерлердің жоқтығы расталды. Нәтижесінде, сот азаматты жекешелендіруге қатысқан жалғыз тұлға деп танып, оның мұрагерлік құқығын рәсімдеуге мүмкіндік берді.

Мұрагерлік мәселесінде көп­шілік біле бермейтін тағы бір түйткіл – қайтыс болған адам­ның несиесі. Жақында әлеуметтік желіде тараған жазбада бір отбасы марқұм туысының көлемді несиесін өтеуге мәжбүр болғанын баяндаған.

«Сіңілімнің көзі тірісінде алған несиелері әкем мен ше­шемнің атына аударылды. Еуразиялық банктен үй жө­н­деу үшін алған 2,6 млн теңге несиесінің екі жылын өзі төле­ген. Бірақ төлемдердің бәрі негізінен пайыздарды жабуға кеткендіктен негізгі қарыз сол күйі қалған. Бүгін анам екеу­міз банкке барып, 2,6 млн тең­гені толық төлеп жаптық. Сақ­тандыру рәсімделмеген екен. Ал сақ­тандыру болған жағдайда қарызды сақтандыру компаниясы өтейтін еді. Адам аяқ астынан өмірден өтемін деп ойламайды ғой», деп жазған автор.

Осы мәселеге бейжай қара­май «Қаржылық сауат» телеграм-арнасы Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агент­тігіне хабарлап, сауал жолда­ған. Агенттік жауабында қазір­гі кезде несиені міндетті сақтан­­дыру тетігін енгізу қарасты­рылмағанын мәлімдеді. Өйткені Азаматтық кодекстің 806-бабына сәйкес азаматты өз өмірін сақтандыруға міндеттеуге болмайды. Сақтандыру тек ерікті түрде жүзеге асырылады.

«Банктерге қайтыс болған адамның қарызын толық немесе ішінара есептен шығаруды міндеттейтін талап енгізу жос-парда жоқ. Әрбір қаржы ұйы­мы мұндай жағдайларды өз ішкі сая­сатына сәйкес және мұ­ра­гердің жағдайын ескере отырып жеке қарайды. Мұраны қабылдау үшін берілетін 6 айлық мерзім ішінде пайыздар мен өсімпұлдарды есептеуді тоқтатуды міндеттейтін нақ­ты норма заңнамада жоқ. Сон­дық­тан бұл мәселе де банктің шешіміне байланысты. Кейбір банктер жеңілдік жасап, есеп­теуді тоқтатса, енді бірі қарызды толық көлемде өндіріп алуы мүмкін», делінген жауапта.

Осыған байланысты агенттік банктердің мұндай жағдайларда бірыңғай саясат ұстанбайтынын растады. Мұрагерлер қарыз­ды реттеу үшін банкке жүгі­ніп, келіссөз жүргізуге мәж­бүр болады. Дегенмен заң мұра­гер­лерді толық көлемдегі жауап­кершілікке жүктемейді. Олар марқұмның қарызын өздеріне мұра ретінде өткен мүліктің құны шегінде ғана өтеуге мін­детті. Бұл туралы заңгер Алмаз Отаровтан анықтап сұрадық.

Заңгердің сөзінше, мұра­герлік туралы әңгіме қозғалғанда көпшілік, ең алдымен, үй, пәтер, жер немесе банктегі ақшаны елестетеді. Шын мәнінде, мұра – тек мүлік емес. Оның құрамына марқұмның өмір бойы жинаған қаржылық міндеттемелері де кіреді. Сондықтан мұрагер болу дегеніміз байлыққа ғана емес, белгілі бір жауапкершілікке де ие болу деген сөз. Нақты­рақ айт­сақ, Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Азаматтық кодек­сінің 1 040-бабына сәйкес мұра­герге марқұмның мүлкімен қатар кейбір міндеттемелері де өтеді.

«Егер азаматтың атында пәтер, көлік немесе депозит бол­са, мұрагер соған иелік ете­ді. Алайда төленбеген несие, коммуналдық қарыз немесе басқа да қаржылық міндет­темелері болса, олар да мұра құра­мына кіреді. Кейін нотариуста рәсімдеу кезінде немесе банкпен есеп айырысқанда туындайтын мәселелердің көбі осыны ескермеуден болады. Мәселен, адамнан 20 млн теңгеге бағаланатын пәтер қалып, оның берешегі 15 млн теңге болса, мұрагер қарызды толық өтейді. Ал қарыз көлемі 25 млн теңге болса, ол тек пәтердің құны шегінде, яғни 20 млн теңгеге дейін ғана жауап береді. Қалған 5 млн теңге өндірілмейді. Сол сияқты азамат 5 млн теңге несие алып, артында 3 млн теңгелік көлік қалдырса, мұрагер көлікті қабылдаған жағ­дайда тек 3 млн теңге көлемін­дегі қарызды өтейді. Егер мар­құмның ешқандай мүлкі болмаса, мұрагерлер де ештеңе төлемейді. Сонымен бірге бар­лық міндеттеме мұра­герге өте бермейді. Мысалы, алимент төлеу міндеті, мораль­дық зиянды өтеу сияқты адамның жеке басына байланысты міндеттемелер оның қайтыс болуымен бірге тоқтатылады және мұрагерге жүктелмейді», дейді А.Отаров.

Демек, азаматтар жиі жібере­тін қателіктің бірі – мұраны бөліп қабылдауға болады деп ойлау. Кейбір адамдар «маған пәтері мен депозиті керек, ал қарызы қажет емес» деп ойлайды. Бірақ заң аясында мұра бөлшектенбейді. Егер мұра құрамындағы қарыз көлемі тым көп болса немесе мұрагер жауап­кершілікті өз мойнына алғысы келмесе, мұрадан толық бас тартуға құқылы. Заң­гердің зерделеуінше, мұрагер­лік мәселесінде кепілгер мен ке­пілзат институтының да маңызы зор. Егер несие рәсімделген кезде кепілгер көрсетілген болса, банк қарызды сол тұлғадан өндіріп алуға құқылы. Ал кепілмен берілген несие бойынша қаржы ұйымы кепілге қойылған мүлікті сатуға құқылы.

«Мәселен, азамат автокөлік сатып алу үшін несие алып, інісін кепілгер ретінде көрсеткен делік. Егер несие алушы қайтыс болса, банк кепілгерден қарызды өтеуді талап ете алады. Сол сияқты несие алу кезінде үй немесе басқа мүлік кепілге қойылса, банк оны сатып, қарызды жабуға құқылы. Жалпы, есте сақтайық, қарыз тек белгілі бір жағдайда ғана жойылады. Егер марқұмның артында ешқандай мүлкі қал­ма­са, мұрагерлері мұраны қа­был­дамаса, кепілгер болмаса және кепілге қойылған мүлік те жоқ болса, онда қарызды өнді­ретін тұлға болмайды. Мұн­дай жағдайда берешек іс жүзін­де тоқтатылады. Ал несие сақ­тан­дырумен рәсімделген болса, қарызды сақтандыру компаниясы өтейді. Сол себепті тәуекелдерді азайту үшін несие рәсімдеу кезінде сақтандыру мәселесіне де назар аудару керек. Өйткені күтпеген жағдай орын алғанда сақтандыру қарыз­ды өтеуге көмектесіп, қаржы­лық ауыртпалықтың мұрагер­лерге жүктелуіне жол бермеуі мүмкін», дейді заңгер.

Жалпы, мұрагерлікке қатыс­ты дау-дамайдың көбі заң­ның күрделілігінен емес, қара­пайым талаптарды елемеуден туын­дайды. Сондықтан бұл мәсе­лені «кейін қараймын» деп кейін­ге ысыра салу кейде жыл­дарға созылған сот дауы­на ұласып жатады. Қаржы нары­ғын реттеу және дамыту агенттігі Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауат­тылық департаменті Қар­жылық сауаттылықты арттыру депар­таментінің бас маманы Ғаділбек Әкімнің ­айтуынша, мұрагер­лер, ең алдымен алты айлық мерзімнің маңызын ұмытпауы керек.

«Тәжірибеде азаматтардың жиі жіберетін қателігі – қайтыс болған адамның үйінде тұрып немесе мүлкін пайдаланып жүрген соң ол дүние автоматты түрде өз атыма өтеді деп ой­лауы. Бірақ заңда мұндай ұғым жоқ. Нотариус арқылы рәсімделмеген мүлікке меншік құқығы да болмайды. Кейін басқа мұрагерлер пайда болып, мәселе сотқа дейін жетуі мүмкін. Сондай-ақ кейбір азаматтар банк шоттары, депозиттер немесе жер телімдері туралы мәліметтерді көрсетпеуге тырысады. Алайда мұндай әрекет кейін күрделі дауға себеп болады. Нотариустың мемлекеттік дерекқорлардан ақпарат сұрату­ға құқығы бар екенін де естен шығармаған жөн», дейді маман.

Сарапшының сөзінше, алты айлық мерзім өтіп кеткен жағдайда да мәселені шешу­дің жолы бар. Егер қалған мұра­герлер қарсы болмаса, олар жаңа мұрагердің мұраны қабыл­дағанын жазбаша түрде растай алады. Ал келісімге келу мүм­­кін болмаса, мәселе сот арқы­­­лы қаралады. Бұл ретте сот мер­­­зімнің қандай себеппен өткізіліп алғанын бағалап, шешім шығарады.

Дамыған елдердің тәжі­рибесіне көз жүгіртсек, мұра­герлік дауларын азайтудың басты тетігі – құқықтық мәде­ниет пен алдын ала жоспарлау. Мысалы, Еуропаның бір­қатар мемлекетінде азаматтар өсиет қалдыруды қалыпты тәжірибе санайды, ал банктер мен мемлекеттік органдар мұрагерлік рәсімдерді цифрландыру арқылы құжат айналы­мын жеңілдеткен. Соның арқа­сын­да мұраны қабылдау мерзі­мін өткізіп алу немесе мүлікті анықтау сияқты мәселелер сирек кездеседі. Елімізде бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Дегенмен ең бастысы – заңды білу ғана емес, оны уақытында қолдану.

Соңғы жаңалықтар