Президент • Бүгін, 17:47

Қасым-Жомарт Тоқаев: Екі елдің байланысын бекемдеу – халықтарымыздың ортақ мақсаты

2 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Кипр президенттері келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арнап өткізген брифингте Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ұстанымдары ұқсас екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Екі елдің байланысын бекемдеу – халықтарымыздың ортақ мақсаты

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында халықаралық және аймақтық мәселелер де назардан тыс қалмағанын айтты.

«Жаһандық геосаяси ахуалдың ушығуына, қақтығыстардың көбеюіне бәріміз алаңдап отырмыз. Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты мемлекеттеріміздің ұстанымы – ұқсас. Екі ел де кез келген шиеленіс бейбіт және дипломатиялық жолмен шешілуі керек деген қағидатты қатаң ұстанады. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, басқа да халықаралық ұйымдар аясында тиімді жұмыс істеуге келістік. Бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысамыз деп уағдаластық. Қазақстанның ұстанымы бойынша барлық елдер Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын, халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын қатаң сақтауға міндетті. Қазақстан басқа елдердің аумақтық тұтастығын құрметтейді және бүкіл әлем мемлекеттерін осы қағидатқа басымдық беруге шақыруда. Жалпы, екі елдің байланысын бекемдеу – халықтарымыздың ортақ мақсаты. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзара тиімді ынтымақтастығымыз жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Достығымыз әрдайым берік болсын! Қазақстан мен Кипрдің қарым-қатынасы нығая берсін!» деді Президент.

Қазақстан мен Кипр арасында қандай құжаттарға қол қойылды?

Никос Христодулидистің айтуынша, бүгінгі келіссөздер барысында екі ел басшылары саяси және экономикалық салалардағы қарым-қатынасты одан әрі ілгерілету жолында саяси ерік-жігер танытатындарын растаған.

«Біз барлық деңгейде тұрақты байланыс орнатудың маңызын атап өттік. Өйткені орнықты саяси диалог – сенімді нығайту мен нақты нәтижеге қол жеткізудің негізгі факторы. Осы орайда жоғары білім, ғылыми зерттеу, мәдениет, спорт, инновация, цифрлық басқару және ақпараттық технология секілді маңызды салаларда өзара түсіністік туралы бірқатар меморандумға қол қойылғаны қуантады. Бұл келісімдер – жай ғана техникалық құжаттар емес, екіжақты байланыстардың әлеуетін құрылымдық және мазмұндық тұрғыдан жандандыруды көздейтін ортақ шешіміміздің айқын дәлелі», деді Кипр Президенті.

Екі ел президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді

Соңғы жаңалықтар