Фото: Ашық дереккөз
Әлем жылдан жылға жылынып келеді. Сәйкесінше, әлемдегі ең суық астаналардың қатарында үшінші орынды иеленетін Астана қаласы да уақыт өткен сайын жылып барады. Күн жылынғаннан бастап қалада маса көбейіп кетеді. Саябақтар мен аллеяларда жайма-шуақ қыдыру мүмкін емес. Қала тұрғындарына терезені ашу мұңға айналған.
«Кешке үй ысып кетеді. Сол уақытта терезе ашайын десең, маса қаптап тұрады. Аяқтары ерекше ұзын, ұшырсаң денеңде қозғалмай тұрады. Кешкі серуенге ұзын жеңді киім киіп шығамыз. Соның өзінде киімнің сыртынан шағады», дейді қала тұрғыны Эльмира Тілеуова.
Расында елорданың қансорғыштары қадалған жерінен қан алмай қоймайтын ерекше үлкен болып келеді. Мамандардың айтуынша, жәндіктерді улау олардың дернәсіл кезінде басталады. Жалпы қалада көлдердің көп болуынан маса да азаймай отыр. Оның бір аналығы 300 мыңға дейін дернәсіл шығарады. Олардың барлығы бір жазда жетіліп кетпесе де, ылғалды жерде бірнеше жылға дейін сақталады. Сондай-ақ қалада жарықтың көп болуы да маса мен шыбын-шіркейдің азаймауына себеп болып отыр.

Елордада масаны улау жұмыстарының алғашқы кезеңі аяқталған. Зиянды қанаттыларға қарсы Ресей мен Қытай елінің препараттары қолданылған. Өткен жылдары үндістандық дәрі де себілген. Алайда қансорғыштарды азайтуға бұл препараттың әлі келмеген.
«Энтомологиялық мониторинг сәуір айында басталды. Мамандар су қоймаларын, оның жалпы көлемін зерттей бастады. Ал біздің тарапымыздан өңдеу жұмыстарының алғашқы кезеңі 20 сәуір-8 мамыр аралығында жүргізілді. Залалсыздандыру жұмыстары кезінде 120 адам жұмыс істеді. Олар қаладағы саябақтар, аллеялар, су қоймалары мен тұрғын үй алабтарында улау жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар түнде, яғни 23:00-ден кейін жүзеге асырылады. Себебі күндіз және кешкі уақытта халық серуендеп жүреді», дейді «Столичная дезинфекция» ЖШС-нің атқарушы директоры.
Атырауда масаларға қарсы күреске дрондар тартылады: Бюджеттен 200 млн теңге бөлінді

Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мәліметінше, масалар экожүйенің бір бөлігі болғандықтан, оларды толық жою мүмкін емес. Дегенмен, маса, сона, шіркей секілді қансорғыштарға қарсы өңдеу жұмыстары жылдағыдай сәуірден, қазан айына дейін жалғасады. Дезинсекция жұмыстарына 120 маман, арнайы бүрку техникалары мен термогенераторлар жұмылдырылған.
«Маусым барысында барлығы 6 кезең жоспарланған. Негізгі мақсат − масалардың санын 90%-ға дейін азайту. Қансорғыш жәндіктердің санын анықтау және азайту жұмыстары ғылыми топ пен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мамандарының ұсыныстарына сәйкес жалғасып жатыр», дейді Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының бөлім басшысы Азат Тұрапбаев.
Биыл бірінші кезеңде 13 мың гектар аумақ өңделді. Ал 13–20 мамыр күндері су айдындарында маса дернәсілдерінің бар-жоғына мониторинг жүргізілген. Екінші кезең 22 мамырда қаланың орталық бөлігінен басталды. Жұмыстар түнгі уақытта − сағат 21:00-ден 04:00-ге дейін, әр кезеңде 20 күн бойы жүргізіледі.
Күн жылынғалы еліміздің барлық аумағында жәндіктерге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, масалары ерекше үлкен деп айтылатын Атырау қаласында да улау жұмыстары басталған. Мұнда зиянкестерге қарсы залалсыздандыру шараларына дрон пайдаланылады. Бұл аппараттар адам жете алмайтын су қоймаларын улайтын болады.