Шаруашылық • Бүгін, 11:40

Үкімет ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарын бекітті

3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде мал шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін сапалы ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру мақсатында Үкімет 2026-2030 жылдарға арналған ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкімет ветеринарияны дамытудың кешенді жоспарын бекітті

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, кешенді жоспар халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға, сондай-ақ жануарларды аурулардан сақтау мен ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.

«Жүйелі шаралардың нәтижесінде Қазақстанда бүгінде аусыл, африкалық жылқы обасы, африкалық және классикалық шошқа обасы секілді жануарлардың бірқатар аса қауіпті аурулары бойынша тұрақты эпизоотиялық ахуал қалыптасып отыр. Бұл өз кезегінде отандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік берді», деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Жоспардың негізгі басымдықтары ретінде жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы күрес, ветеринария мамандарының жалақысын көтеру, ветеринариялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, экспорттық жеткізілімдерді кеңейту және ішкі нарықты қорғау, зертханалық бақылауды күшейту, өнімнің өмірлік циклінің барлық кезеңінде (туған сәтінен бастап өнімді өткізуге дейін) қадағалау, ветеринария саласын цифрландыруды кеңейту және ветеринариялық фармацевтика технологияларын дамыту мәселелері айқындалды. Қазіргі таңда елімізде ветеринариялық препараттар өндіретін 21 зауыт жұмыс істейді.

Отандық ветеринарияның жетістігі

Қазақстан аумағын жануарлардың аса қауіпті ауруларынан қорғау, еліміздің эпизоотиялық тұрақтылығын сақтау және техникалық регламенттеріне сәйкес келмейтін өнімдердің ішкі нарыққа енуіне жол бермеу үшін шекара маңындағы аумақтарда ветеринариялық 67 бақылау бекеті жұмыс істейді.

2025 жылы Қазақстан шекарасы арқылы импорттық, экспорттық және транзиттік операциялар барысында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлар 700 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімін тасымалдаған 60 мыңға жуық автокөлікті тексеруден өткізген.

«Үдерістерді цифрландыру, сондай-ақ деректерді жинау мен беруді автоматтандыру шеңберінде «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесіне бастапқы және нақты деректерді ақпараттық жүйелерге автоматты түрде тікелей жолдауға мүмкіндік беретін жаңа функционалдар әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Олардың қатарында ISZH-MOBILE, TortTulik жүйелері бар. Мал шаруашылығы өнімдерін қадағалауды «фермадан үстелге дейін» қағидаты бойынша қамтамасыз ету шеңберінде «Ветеринариялық-санитариялық сараптама» модулі жүзеге асырылып отыр. Аталған жүйеге ішкі сауда, зертхана, сою нысандары қосылған. Сонымен қатар қоғамдық тамақтану объектілерін модульге кезең-кезеңімен қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», делінген Үкіметтің хабарламасында.

Бұдан бөлек, 2030 жылға қарай Ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық ұйымдарының материалдық-техникалық жарақтандырылуын 80%-ға дейін жаңарту және толықтыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға қатысты ветеринариялық ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақы төлеу қоры 1,5-2,5 есеге дейін артады.

Былтырғы жылдың соңында Сенатта өткен Үкімет сағатында ветеринария саласы ақсап тұрғаны айтылған.

Соңғы жаңалықтар