Жасанды интеллект • Бүгін, 11:35

«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» эпосы желісімен ЖИ-фильм түсірілді

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтың ең көрнекті эпостарының бірі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» заманауи технология арқылы жаңаша сипат алды. 29 сәуірде көпшілікке «Махаббат серті» атты ЖИ негізіндегі медиажобаның трейлері ұсынылып, таныс хикаяның жаңа қыры ашылды, деп жазады Egemen.kz.

«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» эпосы желісімен ЖИ-фильм түсірілді

Фото: «Махаббат серті» фильмі трейлерінен алынған кадр

Төрт бөлімнен тұратын «Махаббат серті» ЖИ-фильмінде махаббат пен адалдық тақырыбы заманауи тәсілмен қайта зерделенген. Жоба эпос кейіпкерінің есімімен үндесетін «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының қолдауымен жүзеге асқан.

«Біз үшін бұл – жүйелі бағыт. Бұған дейін «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» театр қойылымын қолдасақ, енді осы оқиғаның технологиялық форматтағы жалғасын көріп отырмыз. Баян Сұлу туралы аңыз – біздің мәдени кодымыздың бір бөлігі. ЖИ-сериал арқылы эпосты жаңа қырынан танытып, оның мазмұнын сақтай отырып, жас аудиторияға жеткізуге мүмкіндік бар. Біз мұндай жобалар дәстүр мен заманауилықты ұштастырады деп сенеміз», деді «Баян Сұлу» АҚ президенті Тимур Садыков.

Фильмде сезімдері түрлі кедергілерге, сатқындыққа және трагедияға ұшырайтын қос ғашықтың тағдыры баяндалады. Жоба қазақ тілінде кәсіби дыбысталып, орыс және ағылшын тілдерінде субтитрлермен ұсынылады. Компания мәліметінше, дыбыстау жұмыстарына арнайы дубляж актерлері тартылған.

Көріністерді визуализациялау, цифрлық кейіпкерлер жасау және бейнені өңдеу барысында жасанды интеллект кеңінен қолданылған. Нәтижесінде оқиға жаңа визуалдық сипатқа ие болып, аудиторияға түсінікті бола түскен.

Қазақстанның байлығын жасанды интеллект іздей бастады

«Махаббат серті» жобасының тұсаукесері 2026 жылдың мамыр айының ортасына жоспарланған. Көрермен қауым фильмнің барлық бөлімін Adai Media Group компаниясының әлеуметтік желілердегі парақшаларынан еркін тамашалай алады.

Жоба авторларының айтуынша, бұл туынды – эпостың түрлі нұсқаларын, соның ішінде ақын Жанақ мұрасы мен Ғабит Мүсірепов пьесасын негізге алған авторлық пайым.

«Түпнұсқа рухын сақтай отырып, кейбір сюжеттік желілерді өзгертіп, заманауи философиялық мән қостық. Бұл – мәңгілік махаббат тақырыбына жаңаша көзқарас», дейді олар.

Жобаны жасаушылар ЖИ форматы ең алдымен цифрлық платформалар арқылы контент тұтынатын жас буынға бағытталғанын атап өтті. Ал «Баян Сұлу» компаниясы мұндай бастамалар классикалық туындыларды мектеп бағдарламасынан тыс форматта таныстырудың тиімді жолына айналады деп есептейді.

Енді Ұлттық ұлан сарбаздарының эмоциялық жағдайын жасанды интеллект бақылайды

Айта кетейік, бұл – компанияның ұлттық мұраны дәріптеудегі алғашқы қадамы емес. 2024 жылы «Баян Сұлу» Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қойылған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектакліне қолдау көрсеткен еді. Сол кезде бастама мәдени мұраны насихаттаумен қатар, 15 сәуір – Ұлттық ғашықтар күнін дәріптеуге бағытталған еді.

Соңғы жаңалықтар

Алпамыстың ұрпағы әлжуаз...

Пікір • Бүгін, 11:25