Спорт • Бүгін, 15:34

Жетісу өңірінде Берік Жетпісбаевтың жүлдесі үшін жарыс өтті

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайында самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Берік Жетпісбаевтың жүлдесі үшін жасөспірімдердің республикалық турнирі дүркіреп өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жетісу өңірінде Берік Жетпісбаевтың жүлдесі үшін жарыс өтті

Бұл күндері жігіт ағасы жасына жеткен Жетпісбаевтың қандай қарымды балуан болғанын көзі қарақты жанкүйерлер жақсы біледі. Спорттық мансабын қазіргі Жетісу облысы Кербұлақ ауданының Қоянкөз ауылында өз кәсібіне жан-тәнімен берілген жергілікті жаттықтырушы Бақыт Қоқысбековтың қол астында бастаған ол тоқсаныншы жылдардың бел ортасында Қазақстанның белді балуандарының біріне айналды. Самбошылардың елішілік жарысында Берікке тең келер ешкім табылмады. Ол бес-алты жылдай 57 және 62 кг салмақ дәрежелерінің тізгінін қолына мықтап ұстады. «Самбоның академигі» атанған Керей Қойшыбектің өзі бұл жігіттің келешегіне зор үмітпен қарады.

Шетелде де Жетісудың жолбарысына жарытып қарсылық көрсете алған балуандар сирек еді. Кейіпкеріміз қарсы келгендерін алып та, жалып та жықты. Ең бастысы, ол қорқуды, қаймығуды білмейтін. Жеңіліп жатса, жігері жасымайтын. Соңғы сәтке дейін күресіп, табандылық пен төзімділіктің, жеңіске деген жігердің үлгісін көрсетті. Жеңіп жатса, өзгелер секілді уақыт созып жүріп алмайды. Кесірінше, атойлап ұтуға тырысатын. Міне, осы қасиеттері үшін көрермен Берікті ерекше жақсы көретін. 

Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі өтеді 

Сарыөзектің саңлағы дзюдоны да еркін меңгерді. Алматыға келіп, танымал бапкер Манарбек Таутановтың қол астында шеберлігін шыңдады. Ол кісіден көп нәрсе үйренді. Күрестің бұл түрінен де елеулі табыстарға қол жеткізіп, спорт шебері нормативін орындады. Бірақ жапондар ойлап тапқан өнерді шындап қумады. Егер оған мықтап ден қойғанда Беріктің бағындырған белестері бұдан да биік болар еді. Бұл әсіре мақтау емес, шын сөзіміз. Олай деуге негіз, тоқсаныншы жылдардың екінші жартысы мен жаңа ғасыр табалдырықтан аттаған тұста дзюдо күресінің жұлдыздарына айналған жампоз жігіттердің дені дәл осы Жетпісбаевтан оңбай жеңілгенін біздің де көзіміз көрді.     

 –  Әрине, дзюдодан одан да зор табыстарға қол жеткізуге болар еді. Оған күш-жігерім де, қарым-қабілетім де жететін еді. Бірақ «жоқтық жомарттың қолын байлайды» демекші, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманында кеңінен көсілуге мүмкіндік болмады. Оқу-жаттығу жиындарына қатысып, жауапты жарыстарда бақ сынау үшін әркімнің алдына барып, ақша сұрауға тура келді. Жасыратыны жоқ, қолы ашық, жаны жайсаң ағаларымның қамқорлығын көрдім. Оны жоққа шығармаймын. Бірақ үнемі кішірейе беру қайбір жақсылық дейсіз. Соған қынжылдым. Бозкілемнен қол үзгеннен кейін кәсіпкерлікпен айналыстым. Сол кезде артымыздан ерген іні-қарындастарға қолдау көрсетуді өзіме парыз санадым. Менің қамқорлығымды көрген шәкірттерімнің алды әлем чемпионаты, Азия ойындары және құрлық біріншіліктерінде жеңіс тұғырына көтерілді. Өзім тек демеуші болып қана қоймай, олардың жаттығу жұмыстарына тікелей араластым. Үнемі жандарында жүрдім. Сол үшін де Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын алдым. Былтырғы жылы Жетісу облысы дзюдо федерациясының вице-президенті қызметіне тағайындалдым. Өзіме жүктелген жауапкершілікті барынша абыройлы атқаруға тырысып жүрмін.  Ал жеке өзімнің өмірлік принципім – қазақтың дарынды жастарын халықаралық аренаға шығару үшін барынша күш салу, – деп Берік Жетпісбаев кеңінен көсілді.

«Жастар» спорт сарайында төрт татами төселді. Ұйымдастыру мәселесінде бір мін жоқ. Бәрі жоғары деңгейде болды. Екі күн бойы республикамыздың бірқатар өңірінен келген жас өрендер бір-бірімен арпалысып, жеңіс тұғырында кімдердің марқайып тұруға лайық екенін анықтады. Ұлдар арасында шырайлы Шымкенттен келген балуандар шашаларына шаң жұқтырмай, жалпы командалық есепте көш бастады. Қыздардың сайысында Жетісу өңірінің сұлулары топ жарды. Аталған турнирде есімдері төменде аталған дзюдошылар өз салмақ дәрежелері бойынша топ жарды:

Ұлдар:

50 кг – Әлинұр Жасұлан (Шымкент), 55 кг – Ерасыл Ермекбай (Шымкент), 60 кг – Батырхан Асқарұлы (Алматы қаласы), 66 кг – Алдияр Аймұрат (Алматы облысы), 73 кг – Темірхан Мұхтар (Шымкент), 81 кг – Бекзат Қоғайбек (Жетісу), 90 кг – Алдияр Айтмұхан (Алматы облысы) және +90 кг – Нұрқанат Қабдылсәмет (Абай).

Дзюдошылар Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды

Қыздар:

0 кг – Сезім Сейітнұр (Жетісу), 44 кг – Айым Айдосқызы (Жетісу), 48 кг – Жанбота Күнғазы (Абай), 52 кг – Жанерке Қанағат (Абай), 57 кг – Марал Еркін (Жетісу) ,63 кг – Ажар Ерболқызы (Жетісу), 70 кг – Меруерт Әділжан (Жетісу) және +70 кг – Айғаным Марат (Жетісу). 

Соңғы жаңалықтар