Жексенбі күні дауыс беру аяқталғаннан кейін үш сағат өтпей-ақ Орбан сайлау нәтижесін мойындап, оны «ауыр, бірақ айқын» деп бағалады. «Мен жеңіске жеткен партияны құттықтадым. Біз мажар халқына, Отанымызға әрі қарай да оппозиция қатарында болсақ та қызмет етеміз», деді ол Будапештегі жақтастары алдында.
Дауыстың 98,74 пайызы саналған сәтте-ақ «Tisza» партиясы 199 орынның 138-ін иеленіп, парламентте айқын басымдыққа қол жеткізгені белгілі болды. Бұл көрсеткіш жаңа билікке Конституция мен негізгі заңдарға өзгеріс енгізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұрынғы үкіметтің кейбір шешімдерін қайта қарау, Еуропалық одақ бұғаттаған қаржыны қайта ашудың ықтималдылығы да жоғарылап тұр.
Ал Орбанның «Fidesz» партиясы 55 мандатпен шектелсе, «Mi Hazank» атты әсіре оңшыл саяси күш алты орынға ие болды.
Жалпы, сайлауалды науқан барысында Петер Мадьяр елдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуге, мемлекеттік қызметті жандандыруға, Еуропалық одақпен қатынасты барынша жақсартуға уәде берген еді. Оның үстіне жұрт кейінгі кездері қазіргі Үкіметтің жемқорлыққа қарсы күресте лайықты қауқар таныта алмай отырғанын, одан бөлек, Еуроодақпен арадағы салқындықты одан сайын ушықтырып барады деп айыптаған еді. Петердің берген уәдесінің халыққа жаға кеткені де сондықтан деуге болады.
Бұл сайлау мажарлықтарға ғана емес, халықаралық деңгейде де ерекше назарға ілікті. Сарапшылар оны әлемдегі оңшыл популистік қозғалыстың болашағын айқындайтын маңызды сынақ ретінде бағалап, соңғы сәтке дейін бақылап отырды. Ұзақ уақыт бойы Орбанды қолдап келген Дональд Трамп пен оның айналасындағы саяси топтарға бұл нәтиже күтпеген соққы болды.
Сонымен қатар Марин Ле Пен, Джорджа Мелони, Биньямин Нетаньяху секілді бірқатар оңшыл саясаткерлер де Орбанға қолдау білдіріп келген еді.
Еуропа көшбасшылары жаңа үкіметті жаппай құттықтады. Урсула фон дер Ляйен бұл оқиғаны «Еуропаның жүрегі Мажарстанда бұрынғыдан да қатты соққан тарихи сәт» деп бағаласа, Кир Стармер оны «еуропалық демократия үшін маңызды кезең» деп атады.
Жалпы, кейінгі жылдары Виктор Орбан үкіметі мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынас айтарлықтай шиеленіскен еді. Ал жаңа билік бұл бағытты қайта қарауы мүмкін. Дегенмен Петер Мадьяр Украинаға қару жеткізу және оның Еуропалық одаққа жедел кіру мәселесінде асығыстыққа бармай, барынша сақтық танытатынын айтты. Өз кезегінде Владимир Зеленский Мажарстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.
Сарапшылардың пікірінше, Орбан билігі кезеңінде елде демократиялық институттарға қысым күшейген екен. Үкімет сайлау заңдарын өз мүддесіне бейімдеп, бұқаралық ақпарат құрадарының басым бөлігін бақылауға алған, сот жүйесіне өзгерістер енгізген. Осылайша, билік ауысып, Мажарстандағы ұзақ жыл бойы қалыптасқан саяси жүйе түбегейлі өзгеріске бет алды.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылдың 19 қарашасында Мажарстанға ресми сапармен барды. Бұл сапар Президенттің аталған елге 17 жылдан кейінгі қайта ат ізін салуы болды. Сапар аясында Мемлекет басшысы Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен, Премьер-министр Виктор Орбанмен келіссөз жүргізіп, екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық серіктестігін одан әрі дамыту келешегін талқылады. Сонымен қатар Президент Мажарстанның ірі бизнес өкілдерімен кездескен-ді.