Қазір медиация тек тараптардың келісімімен жүзеге асып келеді. Соның өзінде Астана қаласындағы ювеналды сот жанынан құрылған Отбасылық жанжалдарды шешу орталығы жұптардың шамамен 25 пайызын татуластыруға сеп болған.
– Биыл медиаторлар ажырасуға өтінім берген 100-ден аса шаңырақтың шайқалуына жол бермеді. Сондықтан олардың тәжірибесін республиканың барлық өңіріне кеңінен енгізу қажет. Алдағы уақытта судьялар арасында тәжірибе алмасу ұйымдастырылады, сондай-ақ орталық психологтерін басқа облыстардағы мамандарды оқытуға тарту жоспарланып отыр. Өйткені отбасы әл-ауқаты – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл мәселе 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасының негізгі міндеттерінің қатарына кіреді, – деді С.Имашева.
Кездесуде Астана қаласы Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ләйлә Зинашева ажырасу тұсында балалардың мүддесін қорғау маңызды екенін атап өтті.
– Соттың басты міндеті – баланы ауыр отбасылық жанжал мен психологиялық қауіп-қатерден қорғау. Барлық сот шешімі кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын барынша қамтамасыз ету қағидатын негізге ала отырып қабылданады. Астана қаласындағы ювеналдық сот татуластыру рәсімдерін қолдануда кейінгі екі жыл қатарынан көш бастап келеді. Өткен жылы 3 380 іс медиативтік келісімдер мен тараптардың өзара татуласуы арқылы аяқталса, 4 665 келісім сотқа дейін жасалды. Тағы 200 отбасы талап-арыз сотқа түспей тұрып-ақ өзара мәмілеге келді. Бұл көрсеткіштердің артында ажырасу кезінде жиі болатын түрлі жанжалдан ада балалардың тағдыры тұр. Бұған судьялардың психологтермен, медиаторлармен тығыз әрі үйлесімді жұмыс істеу нәтижесінде қол жеткізілді, – деді Л.Зинашева.
Отбасылық жанжалды шешу орталықтары Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жоғарғы соттың бірлескен жобасы аясында 2021 жылы құрылған. Күні бүгінге дейін орталықтарда 9 мыңға жуық кешенді кеңес (құқықтық және психологиялық) беріліп, 786 отбасыға қатысты психологиялық-әлеуметтік зерттеу жүргізілген.
Статистика мұндай тетіктердің тиімділігін көрсетіп отыр. Жобаны іске асыру нәтижесінде республика көлемінде қаралған істердің үштен бірінен астамы тараптардың татуласуымен аяқталған. Мәселен, 2024 жылы қаралған 67 621 істің 25 378-і (37,5%) татуласумен аяқталса, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 33,1% болған.
Отырыс барысында жиынға қатысқан мамандар ажырасу тәртібін қатаңдатуды да ұсынды. Себебі бүгінде неке бұзу туралы өтінімді телефон арқылы қалдыруға болады әрі шағын мемлекеттік бажды төлеп, қарапайым рәсімдерден өту жеткілікті. Олар «бұл асығыс шешімдердің үлесін көбейтіп, шайқалған шаңырақ санын арттырып отыр», дейді.
Ұлттық статистика бюросының былтырғы деректеріне мән берсек, ажырасқандардың басым бөлігі отбасын құрған алғашқы жылдары-ақ осындай шешім қабылдаған. Қазақстан қоғамдық даму институтының талдауларында дәл осы кезең ерлі-зайыптыларға ең күрделі уақыт екені жазылған. Өйткені жұптар көбіне қаржылық қиындыққа, отбасылық өмірге психо-логиялық тұрғыда дайын болмаған соң, ақыры түрлі тұрмыстық келіспеушілікке әкеледі. Мұның бәрі отбасының ойрандалуына түрткі болып отыр. Тиісті заңға жоғарыда аталған өзгерістер енгізілсе, елде ажырасу саны едәуір азаюы ықтимал.