Алғаш рет 1962 жылдың 9 сәуірінде КСРО жоғарғы кеңес президиумының өкімімен белгілі бір республикаларда ғана тойланып жүрді. Кейін 1968 жылы халықаралық авиация федерациясының конференциясында айтулы күнді әлемдік дәрежеде атап өту туралы шешім қабылданды. 2011 жылдан бастап бұл күн халықаралық адамның алғаш ғарышқа ұшқан күні (International Day of Human Space Flight) деп аталып келеді.
Ғарыш саласы – тек ғылыми жетістік қана емес, ол бүкіл адамзаттың дамуына ықпал ететін стратегиялық бағыт. Бүгінде ғарыш технологиялары байланыс, навигация, метеорология, қорғаныс және ғылыми зерттеулерде кеңінен қолданылып келеді. Жерді қашықтан зондтау арқылы табиғи ресурстарды бақылау, экологиялық жағдайды бағалау, төтенше жағдайларды болжау мүмкіндігі артты. Сонымен қатар спутниктік байланыс жүйелері әлемнің кез келген нүктесін байланыстырып, ақпарат алмасуды жеделдетті.
Қазақстан үшін ғарыш саласының орны ерекше. Себебі елімізде әлемдегі ең ірі – Байқоңыр ғарыш айлағы орналасқан. Дәл осы жерден алғаш рет адам ғарышқа ұшып, кейін көптеген тарихи миссиялар жүзеге асты. Байқоңыр – тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің ғылыми мұрасы.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан ғарыш саласын дамытуға ерекше көңіл бөлді. Ұлттық ғарыш бағдарламалары жүзеге асырылып, отандық спутниктер ұшырылды. Бүгінде елімізде байланыс және жерді қашықтан зондтау жүйелері жұмыс істейді. Бұл технологиялар ауыл шаруашылығы, экология және қауіпсіздік салаларында кеңінен қолданылып келеді.
Бұл күнге дейін жер шарындағы 7 млрд адамның 600-ге жуығы ғарышқа ұшқан. Оның үшеуі – қазақ.
Тоқтар Әубәкіров – тұңғыш қазақ ғарышкері. Ол 1991 жылы ғарышқа экспедициялық сапармен барып, сол жақта 7 күн 22 сағат 13 минут болды. Әубәкіров нөмірі бірінші ғарышкер ғана емес, ол алғаш рет басқа кеңістікте жүріп қазақтың ұлттық тағамын жеген адам. Сол жылы ғалымдар ірімшік, айран және қазақша етті ғарышта жүріп жеуге болатындай етіп әзірлеген. Ол 1991 жылдың 2 қазанында ғарышқа старт кезіндегі экипаж командирі Александр Волков және австриялық ғарышкер Франц Фибекпен бірге «Союз ТМ13» кемесімен ұшты. Бір апта бойы «Мир» орбиталық кешенінің бортында жұмыс істеді.
Екінші ғарышкер – Талғат Мұсабаев бірнеше рет ғарышқа ұшып, халықаралық деңгейде үлкен тәжірибе жинақтады. Мұсабаев ғарышқа үш мәрте ұшып, сол жақта 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд болып қайтты. Талғат Мұсабаев Гиннесс рекордтар кітабына енген: осы күнге дейін ол секілді ешкім ғарыш кеңістігінде ұзақ уақыт болып көрмеген. Ғарышкер алғашқы сапарына 1994 жылы 1 шілде мен 4 қараша аралығында «Союз ТМ-19» және ЭО-16 кемесінің бортинженері ретінде ұшып, ғарышта 125 күн 22 сағат 53 минут және 36 секунд жүрді. Екінші сапары 1998 жылы 29 қаңтар мен 25 тамыз күндері орындалды. «Союз ТМ-27» мен ЭО-25 кемелерінің командирі ретінде ұшып, сол жақта 207 күн 12 сағат 51 минут 2 секунд болған. Үшінші сапарын 2001 жылы 28 сәуір мен 6 мамыр аралығында «Союз ТМ-32» және «Союз ТМ-31» экспедиция жүргізуге бағытталған кемелердің командирі ретінде орындады. Ғарышкердің бұл сапары 7 күн 22 сағат 4 минут 3 секундқа созылды.
Ал Айдын Айымбетов тәуелсіз Қазақстан атынан ғарышқа ұшқан үшінші ғарышкер ретінде тарихта қалды. Айымбетов 2015 жылдың 2-12 қыркүйегі аралығында «Союз ТМА-18М» және халықаралық ғарыш станциясына бағыт алған «Союз ТМА-18М» кемесінің екінші бортинженері ретінде ұшты. Халықаралық ғарыш станциясына барған ЭП-18 экспедиция мүшесі. Жерге «Союз ТМА-16М» кемесінде оралды. Ұшу уақыты 9 тәулік 20 сағат 13 минут 51 секундқа созылды.
Соңғы жылдары адамзат Айды қайта игеруге бет бұрды. Соның айқын мысалы – NASA жүзеге асырып жатқан «Артемида-2» миссиясы. Бұл жоба аясында жаңа буын ғарышкерлері Айға аттанды. Олар Айды айналып ұшып, болашақ қонуларға дайындық жүргізеді.
Жаңа рекорд: «Артемида-2» экипажы Жерден ең алыс ұшқан топ атанды
Бұл миссиялар адамзаттың ғарыштағы жаңа кезеңінің басталғанын көрсетеді. Алдағы уақытта Ай бетіне қайта қону, тіпті Марсқа ұшу жоспарлары жүзеге асуы мүмкін.
65 жыл бұрын басталған ғарыш дәуірі бүгінгі күні де қарқынды дамып келеді. Ғарыш – адамзаттың ортақ игілігі. Қазақстан да осы бағытта өз үлесін қосып, әлемдік ғарыш қауымдастығының маңызды мүшесіне айналып отыр.