Дін • Бүгін, 18:30

Талғат Жақиянов: «Діни сенім еркіндігі» деген абсолютті еркіндік емес

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов әлеуметтік желідегі парақшасында діни сенім еркіндігіне қатысты пікір білдірді. Ол бұл ұғымның шексіз емес екенін, заң мен қоғам құндылықтарын сақтау әр азамат үшін маңызды екенін атап өтті, деп жазады Egemen.kz

Талғат Жақиянов: «Діни сенім еркіндігі» деген абсолютті еркіндік емес

Оның айтуынша, соңғы уақытта жекелеген әсіре діншіл азаматтар зайырлылық құндылықтары мен нормаларына қайшы келетін мәлімдемелер жасап жүр.

«Жуықта жекелеген әсіре діншіл азаматтар зайырлылық құндылықтары мен нормаларына қайшы келетін (Наурыз мерекесі, әйелін шәкіртіне «сыйға» тартқаны туралы) мәлімдемелер жасап, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты бұзуға әкелетін әрекеттер жасады. Бұл азаматтар зайырлылықтың қағидаттарының бірі болып табылатын «діни сенім еркіндігі» қағидатына сүйенген болар. Солай болған жағдайда, олар аталған қағидаттың мазмұнын дұрыс ұқпаған», деп жазды ол. 
Т. Жақиянов демократиялық қоғамда діни сенімнің әртүрлі формалары қатар өмір сүретінін атап өтті:
 
- діндарлар (түрлі жамағаттарға тиесілі мұсылмандар, христиандар, иудейлер, т.б. сенім иелері);
- діни ұйымдық нысаннан тыс («мешіттен тыс», «шіркеуден тыс») наным-сенім формалары («белгілі дін өкілі болу үшін мешітке немесе шіркеуге бару міндет емес, интернет дәуірінде ақпаратты кез-келген жерден алуға болады, ал ғибадатты үйде де атқаруға болады» деген ұстанымдағылар);
- агностиктер (қарапайым тілмен айтқанда, «құдай бар ма, жоқ па, оны дәлелдеу мүмкін емес» дейтіндер);
- итсистер (қандай да бір жаратушы бар екендігін мойындайтындар, алайда діндерді жоққа шығаратындар);
- атеистер (жаратушы идеясын да, діндерді де жоққа шығаратындар), т.б.
«Біздің қоғамда да осындай діни сенімнің түрлі формалары бар және олар үздіксіз түрленіп келеді. Сәйкесінше, мұндай діни плюрализм (саналуандылық) жағдайында дінге қатысты түрлі көзқарастар мен ұстанымдардың теңгерімін (балансын) қамтамасыз ету маңызды. Міне, осы балансты «діни сенім еркіндігі» қағидаты қамтамасыз етеді. Діни сенім еркіндігі – абсолютті еркіндік емес. Қоғамдық балансты сақтау мақсатында қандай сенім түрі болса да, белгілі деңгейде заңмен шектеледі. Яғни, діни сенім еркіндігі – дінге қатысты көзқарас пен ұстанымды заң шеңберінде орындау деген сөз», деді Т. Жақиянов.
 
Оның айтуынша, діни сенімді желеу етіп, заңды орындаудан бас тартуға болмайды. Сенімімді еркін іске асыруға құқығым бар деп, ойыңа келгенді істеп, тіл мен жағыңа еркіндік беруге, қоғамның құндылықтарына, түрлі әлеуметтік топтар мен институттарға тіл тигізуге, қарсы әрекет жүргізуге болмайды.
«Түрлі сенім мен көзқарас-ұстанымға, әлеуметтік құндылықтар мен негізгі институттарға (отбасы, заң, білім, медицина, ғылым, өнер, салт-дәстүр, т.б. институттар) әрдайым құрмет көрсетіп, төзімділік таныту қажет. Зайырлылық қағидатын сақтау, дін саласындағы заңнаманы бұлжытпай орындау – қоғамдық келісім мен тұрақтылықты, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі шарты. 
Жаңа Конституциялық реформа аясында да зайырлылықты нығайту міндеті айқындалған. Себебі діни тұрғыдан қоғамның тұрақтылығы мен қалыпты дамуын қамтамасыз ете алатын жалғыз тетік – ол зайырлылық», деді ол. 
 
Соңғы жаңалықтар