Тұлға • Бүгін, 08:22

Қаламы сайлы, қалжыңы жайлы біртуар

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әкім ағаның өмір жолына шолу жасап, айтылып жүрген жайларды тағы қайталап, таптауырын жолға түспей-ақ қояйын. Есесіне шығармашылығына қатысты жекелеген ойларымды ортаға салып өткенім дұрыс болар.

Қаламы сайлы, қалжыңы жайлы біртуар

Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразиды қаламгер ретінде атын шығар­ған шығармалардың бірі – «Құйрықты жұлдыз» повесі. Шығарма бір жағынан лирикалық сипатта жазылса да, реалис­тік суреттерімен, әсерлі штрихтарымен оқырман есінде сақталып қалады. Оқырманның жадында қалуға тиісті көркемдік кілттің негізгісі – шығарманың бас кейіпкері Кірпішбай. Осы адамның өз ортасындағы орны реалистік бояулармен беріле отырып, юморлық реңкке ауыса салатын тұстары да жоқ емес.

Ә.Тарази – өзін роман жанрында көрсете білген қаламгерлердің бірі. Оның «Үлкен ауыл», «Асу-асу», «Қиян-соқпақ», «Бұлтқа сал­ған ұясын», «Тасжарған», «Қыз махаббаты», «Гнездо на облаках», «Журавли-журавушки», «Ба­сынан Қара­таудың...», «Кен», «Тәж» тәрізді жинақ­тарына енген повесть, әңгімелері мен романдары замана тынысын көрсете білді. Бұл аталған шығармаларының мазмұнында өз кезеңінің шынайы суреттері басым.

Өз уақытында оқырман назарын аударған романдарының көлемдісі – «Кен» деп аталады. Бір қарағанда, өндіріс тақырыбына арналған сияқты көрінгенімен, бұл шығарманы түбірлей оқыған оқырман тұрмыстық романға жатқызуы да әбден ықтимал.

Өйткені мұнда Қараспанов­тардың отбасылық тіршілігі суреттеле отырып, қазақи салт-дәстүр мен мінез-құлықтың жақсы қырлары бейнеленеді. Ро­манда бір әулеттен тараған ұрпақ­тардың әр түрлі тіршілігі көрініс тауып, түрлі оқиғалар осы кісілердің қарым-қатынасынан тармақталып шығып жатады. Бір әулеттің мүшелері болғанымен, кейіпкерлердің мінез-құлықтары әрқилы. Біреулері өмірдегі келелі мәселелерге үстірттеу баға беріп жатса, енді біреулері олардың осындай жеңіл-желпі қарым-қатынастарын сынап жіберуге бейім. Пірәлі, Сағат, Ақлима, Ботабай, Жан және т.б. кейіпкерлер қазақи салт-дәстүрді бағалауда, туыстық қарым-қатынастың бола­шағына көңіл бөлуде өзара пікір қағыстырып жатады.

Туысқаншылық байланыстың астарынан келіп шығатын әлеу­меттік мәселелер романның салмағын арттырып, оқырманды белгілі бір ой түюге жетелейтіні сөзсіз. Осы мәселе Пірәлі мен Ақлиманың үйленгендеріне елу жыл толуына арналған той үстінде көрініп, көзқарастар арасындағы қайшылықтар одан әрман желі­леніп, дами түседі. Алтын той жай той болып қалмай, облыс басшылары да қатысқан, ел аузында жүретін дүбірлі басқосулардың біріне айналады.

Жазушының «Бұлтқа салған ұя­сын» деп аталатын романында да жеке адамның тағдырына қатысты әлеу­меттік мәселелер бой көрсетіп, оның шешім табуы реалистік сипатта кө­рінеді. Жас адамның күрделі өмір соқ­пақтарынан өзі­нің жолын таба білуі, адасқан сәттері, жаңсақ қадамдары, ақыр соңында қордаланған түйінді мәселе­лерді шешу жолындағы ізденістері оқырманды бейжай қалдырмаса керек. Бас кейіпкер Омардың айналасындағы әртүрлі жұғымсыз жандардан зардап шегуі ішінара дрмалық тартыстардың ширығуына әкеліп соғып отырады.

Жазушы өзінің көптеген шығарма­ларында адам баласы­ның бойындағы күншілдік, парықсыздық, іштарлық, дөре­кілік, тоғышарлық, бойкүйез­дік, безбүйректік тәрізді жағымсыз мінездерді сынай отырып, оқыр­манды жаманнан жиренуге жетелейді.

Ә.Таразидың «Тас жарған» романы­ның кейіпкері де Омар шындық үшін күресуші, белсенді, принципті адам ретінде көрінген. Оның өмірден қиындық тартуы осындай мығым көзқарасына байланысты болып келеді. Әйел болса да, Ұлмекен бейнесінен де ер адамдарға тән болып келетін осындай табандылық қасиеттері көрінеді. Бұлардың рухани даму жолдарын көрсету барысында автор психологиялық шие­леністер мен пайымдауларды жиі қол­данатынын атап айту керек. Бұлар­да суреттелетін адам тағдырлары оқырман­ды бейжай қалдыра қоймаса керек.

Әкім ағамыз – тек прозашы ғана емес, драматург және киносценарист ретінде де жақсы танымал болған қалам иесі. Оның жастай жазған драматургиялық шығармалары өз кезінде әдебиет пен театр әлеміне жаңа бір талант иесінің келгенін әйгіледі.

Оның прозалық туындыларында тілге тиек болып келе жатқан адалдық, әділдік үшін күрес тәрізді адами-әлеуметтік факторлар пьесаларынан да көрініс тауып отырды. Атап айтқанда, «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі» , «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ» және тағы басқа драмала­рында осындай әлеуметтік маңызды мә­се­лелерді қозғайды. Кейіпкерлерді ты­ғы­­­рыққа әкеліп тірейтін ұтымды си­туа­­­циялар арқылы олардың адами бол­мыс­­т­арының да қоса ашылуы көңілге қонымды.

Кезінде оның пьесалары негізінде орындалған сахналық қойы­лымдар Алма­тыдағы акаде­миялық қазақ драма теат­рында жиі қойылып жүрді. Соның өзі-ақ автордың драматург ретіндегі деңгейі­нің қандай болғандығын көрсетсе керек.

Қаламгердің үшінші қыры деп оның кино саласындағы еңбектерін айтар едік. Әкім Тарази – «Тұлпардың ізі» (1984, реж. М.Бегалин), «Арман атаман» (1965, реж. Ш.Бейсенбаев), «Қараш-Қараш оқиғасы» (1972, реж. Б.Шәм­шиев), «Мұстафа Шоқай», т.б. кинофильм сценарийлерінің авторы. Бұлардың басым бөлігі рес­публика экрандарында табыспен жүрді, кейбіреулері бүкілодақтық кеңістікті де шарлап кетті.

Қаламгердің бірқатар кітап­тары шетел тілдеріне де ауда­рылған.

Мен өз басым Әкім ағамен тығыз араластым деп айта алмаймын. Қазақстан Жазушылар одағы ғимаратындағы әр­түр­лі жиында кездесіп, амандасып тұ­ра­тынбыз. Ішінара шағын дастарқан үс­тінде де тоқайласудың реті келіп қалатын.

Әкім аға ақырын ғана аяң­дап келе жатқан жүрісінің өзінен бір кеңпейіл­ділік сезілетін, алғаш көрген адамының өзіне жағымды әсер ететін жан еді. Менің­ше, ол кісінің бойында ашу деген сезім болмаған сияқты. Жайдары қа­лыпта жылы жымиып келе жататы­нын көретінбіз. Жасыратыны жоқ, кей­де базбі­реулер оған сын пікір айтып, тіпті шамына тиген жағдайлар да болды. Сондайда шыбын шаққан құр­лы шытынамағанын, қыңқ етпестен, кеңкіл­дей күлгенін көріп, таңғалушы едік.

Сол замандарда қаламгерлер арасында «Бес тапал» деген юмор­лық атау жиі айтылып жүретін. Бұл – жұптары жазыла бермейтін, көзарастары үйлесіп, пікірлері тоғысып жататын бес достың ортақ атауы. Олардың қай-қайсысы да қазақ оқырмандарына жақсы таны­мал қаламгерлер еді. Ұмытпасам, бұл «Бес тапалға жататындар» – Әкім Тара­зи, Рамазан Тоқтаров, Қабдеш Жұма­­ділов, Сайын Мұратбеков және Қали­­хан Ысқақов сынды ағаларымыз. Осылар­­дың қай-қайсысы да қал­жың сөзге жүйрік, алдары кең, маңдайлары жазық мар­қасқалар еді десек, жараспақ. Бесеуінің де қаламдары қарымды жазушылар екендігі оқырман халқына жақсы мәлім болатын.

Бір-екі рет осылардың ортасына түсіп қалып, өзара адами қарым-қатынастарына куә болғаным бар. Соның бірі – «Ақсу – жер жаннаты» деген романы үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған Қалихан Ысқақов­тың дастарқанының басында. Қарқылдай күлісіп, қалжың қағысулары, бір-бірінен сыр жасырмай, іштерін кеңіте, әңгіме-дүкен құра білуі бесеуінің бес саусақтай жақын екендігін, достық­тарының шымыр­лығын сездіріп тұрды.

Мысалы, Рамазан Тоқтаров ерке ба­ла­дай сөз күрмеуін тігінен тіліп түссе, Әкім ағаның өзіндей жайлы әзілі артық аусар­лыққа жібермей, рухани жақын­дыққа қарай еппен жанастырып жібе­ретін.

 

Нұрдәулет АҚЫШ,

жазушы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері

Соңғы жаңалықтар