Мамандардың айтуынша, жаңадан ашылған кәсіпорындарда жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтып қана қоймай, құрылыс секторындағы импортқа тәуелділікті азайту көзделген. Осылайша, жергілікті өнімді өткеру мақсаты қойылып отыр.
«Alit Holding» ЖШС-ның мәрмәр ұнтағын және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыттардың ашылу салтанатына өңір басшысының бірінші орынбасары Нұржан Календеров, «Бəйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ, «Baiterek Venture Fund» АҚ өкілдері, сондай-ақ сала сарапшылары мен іскерлік қауымдастық өкілдері қатысты.
Жалпы,облыс орталығында кейінгі жылдары бірнеше өндіріс ошағы бой көтергені белгілі. Ал еліміздің құрылыс материалдары нарығында 30 жылдық тәжірибесі бар «Alit» компаниясының Тараз шаһарында жаңа зауыт ашуы құптарлық қадам. Өйткені облыс орталығында құрылыс қарқыны жыл өткен сайын артып келеді. Тараз төрінде бұған дейін «Kazgyps» гипс өнімдері зауыты салынғанын да айта кеткен жөн.
«Құрғақ құрылыс қоспалары іс жүзінде кез келген жөндеу жұмысында қолданылатыны мәлім. Бір пəтерге орта есеппен 2 тонна шамасында осындай материал қажет екені белгілі. Жаңадан іске қосылған бұл зауыттар жыл сайын еліміз бойынша 70 мыңға дейін пəтерді материалдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді компанияның атқарушы директоры Бағлан Алжанқұлов жаңа кәсіпорындардың әлеуеті туралы ой бөлісіп.

Ауқымды жоба «Бəйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіретін «Qazaqstan Investment Corporation» АҚ тарапынан, «Baiterek Venture Fund» АҚ тікелей инвестициялар қоры арқылы қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды. Тартылған инвестицияның жалпы сомасы 3,8 млрд теңгені құрап отыр. Қаражат өңдеу өнеркəсібін дамытуға, жергілікті жердегі өндірісті кеңейтуге, отандық құрылыс материалдары өндірушілерінің мүмкіндігін нығайтуға бағытталған.
Мамандар келтірген дерекке сенсек, еліміздегі құрғақ қоспалар нарығындағы жағдай сұраныстың артқанын байқатады. Нақтырақ айтсақ, 1-1,3 млн тоннаға дейін жеткен. Ел аумағында жыл сайын 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде сапалы құрылыс материалдарына деген сұранысты арттырмаса, азайтпасы анық.
Таразда салынған құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін жаңа зауыттың қуаттылығы жылына шамамен 150 мың тонна өнімді құрайды. Бұл жыл сайын 70 мыңға дейінгі пəтерді жөндеуге қажетті материал көлемімен шамалас. Өңірде мəрмəр ұнтағын өндіретін зауыттың іске қосылуы компанияға шикізаттан бастап дайын өнімге дейін толық өндірістік цикл қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Компанияда шикізатқа тәуелділік жоқ. Өйткені өндірістік кешеннің өзінің шикізат базасы бар. Үлкен Бурыл кен орны шикізатпен толықтай қамтып отыр екен. Жоба аясында 100 жаңа жұмыс орны ашылатынын да айта кеткен жөн.
«Таразда ел аумағында баламасы жоқ зауыт ашылғанына қуаныштымыз. Өйткені бұл – автоматтандырылған кәсіпорынның алғашқысы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, әр жылдың межелі жоспары өсіп келе жатқанын айтпай кетуге болмас. Мәселен, өткен жылы 246 млрд теңге шамасында инвестиция тартылған болса, осы жылы көрсеткішті 361 млрд теңгеге жеткізу межесі қойылып отыр. Жаңа өндіріс ошақтарын ашу арқылы жергілікті жұртты жұмыспен қамту мүмкіндігі де артатыны белгілі», дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова.
Қалай десек те өңірде кейінгі жылдары инвестиция тарту жұмысы қарқынды жүргізіліп жатқаны белгілі. Әсіресе өңдеу өнеркәсібін өркендетуге басымдық беріліп отыр. Осылайша, жергілікті атқарушы билік өкілдері Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы түрде жүзеге асыруға бел буып отырғаны көңіл тоғайтады.
ТАРАЗ