27 Маусым, 2015

Құрмет

300 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Мұнайлы өлкедегі Қаламы қарым­ды қаламгердің бірі – Жоламан Бошалақ. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан бері жүрегі қалаған кәсібі – журналистикаға адалдығынан жаңылмады. Осы салада табан аудармастан 40 жылдан астам жемісті еңбек етті. Аудандық басылымнан арна тартқан еңбек жолы тек баспасөзбен байланысты өрілді. Қаламынан шыққан туындыларында майлы қиянға айналған Маңғыстау өңірінің түйткілді мәселелерін кеңінен толғады. Өңірдегі жақсы істерді оқырманға жеткізуге асықты. Әулиелер мекеніндегі жасампаз істермен бірге, айтулы адамдары жөнінде де қалам тербеді. Жоламан ағамыз тақырып тал­ғамай жазатын қаламгер ғана емес, әріптестерін жақсы істерге ұйыстыра білетін тамаша басшы болуымен де танылды. Телеарнаны да басқарды, әсіресе, «Маңғыстау» газетіне бас редакторлық еткен жылдарда ұйым­дас­тырушылық қабілеті жар­қырай көрінді. Әріптес ағамыз­дың өзі ел басылымы – «Егемен Қазақ­станның» Маңғыстаудағы меншікті тілшісі қызметін атқарған жылдарын өмірінің бір белесіне балайды. Жақында «Егеменнің» ардагері Жоламан Бошалақты Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов арнайы шақырып, ерекше құрмет көрсетті. Өйткені, Жоламан аға­мыз осы ауданда дүниеге келіп, осы ауданнан үлкен өмірге қа­нат қаққан. Оны ұдайы айтып жү­реді. Бауырмалдығымен, адами қасиеттерімен баршаға тілеулес болып жүретін Жоламан Бошалаққа Жылыой ауданының құрметті азаматы атағы берілді. – Елдің ықыласынан артық не бар? Әсіресе, туған жердегі жақсы істерге сүйсініп, жерлестердің ыстық ықыласына бөленгенге, құрметін көргенге не жетсін! – деп ағынан жарылды Жоламан аға. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.