Парламент • Бүгін, 12:10

«Моральдық құқығымыз жоқ»: Депутат мас жүргізушілерге рақымшылық жасауға қарсы шықты

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 17 наурызда  жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты ел тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық өткізуді ұсынған еді. Бұл шара азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін жекелеген қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған тұлғаларға қатысты қолданылады. Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Айдос Сарым жүргізуші куәлігінен айырылғандарды көлік басқару құқығын қалпына келтіруге бағытталған кез келген рақымшылық тетіктеріне енгізуге қарсылық білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Моральдық құқығымыз жоқ»: Депутат мас жүргізушілерге рақымшылық жасауға қарсы шықты

Депутат жуырда Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылында болған қайғылы оқиғаны тілге тиек етті. 

«Апатқа кінәлі деп танылған айыпталушының әрекеттері салдарынан үш адамның өмірі қиылды. Балалар ата-анасынан айырылды, ата-аналар баласынан айырылды. Бұл трагедия олардың отбасыларының өмірін түбегейлі өзгертті. Енді олардың өмірі бұрынғыдай болмайды.

Ашығын айтуымыз керек, мұндай қайғылы оқиғалар әрқайсымызда дәрменсіздік сезімін, алаңдаушылық пен жақындарымыздың өмірі мен қауіпсіздігі үшін қорқынышты тудырады. Бұдан да сорақысы – мұндай жағдайлар қоғам мен билік арасындағы сенімсіздікті күшейтіп, заң мен тәртіптің тиімділігіне күмән туғызады, қоғамды бөлшектейді», деді Мәжіліс депутаты.

Алматыдағы жантүршігерлік жол апаты: Полиция басшылары қызметінен босатылды

Айдос Сарымның айтуынша уәкілетті органдар мас күйінде жасалып, адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғалары үшін жауапкершілік тетіктерін жан-жақты бағалап, жасалған қылмыстың ауырлығына сай жаза мерзімдерін белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізуі қажет. Бұл ретте халықаралық озық тәжірибені негізге алуға болады. 

«Президентіміз бастамашылық еткен әкімшілік рақымшылық қоғамда оң қабылданды. Көптеген сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері мұндай амнистия «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы тағы бір қадам болады деп есептейді, әрі әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға жеңілдік әкеледі деп бағалайды. Алайда, біз теріс үрдістерді де байқап отырмыз. Бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтардың рақымшылыққа енгізу және оларға көлік басқару құқығын қайтару жөніндегі ұйымдасқан талаптарын естіп отырмыз. Біз бұл мәселе бойынша ұстанымымызды ашық және нақты білдіреміз: бұған баруға моральдық құқымыз жоқ.

Кімдер жүргізуші куәлігінен айырылған? Көп жағдайда – заңды жүйелі түрде бұзған, алкогольдік немесе өзге де мас күйде көлік тізгіндеген, жол қозғалысы ережелерін елемеген және сол арқылы айналасындағылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген адамдар», деді ол.

Атырау облысында жол апатынан екі бала көз жұмды

Депутаттың ойынша рақымшылық – мемлекет пен қоғамның гуманизм актісі. Бірақ гуманизм адам өміріне тікелей қауіп төндіретін әрекеттерге қатысты қолданылмауы тиіс.

«Бұл жай ғана ереже бұзушылар емес, бұл – әлеуетті қауіп көзі. Бұрын өз әрекеттерімен өзгенің өміріне қауіп төндірген адамдар. Оларға рақымшылық аясында құқықты қайтару – ертең тағы да біреудің өміріне қауіп төндіруге мүмкіндік беру деген сөз. Бұл жаңа қайғылы оқиғалардың пайда болу қаупін арттырады. Біздің міндетіміз – заң бұзушыларды ақтау емес, жаңа қылмыстар мен қайғылы оқиғалардың алдын алу. Біз «жүргізуші куәлігінен айырылғандарды» көлік басқару құқығын қалпына келтіруге бағытталған кез келген рақымшылық тетіктеріне енгізуге түбегейлі қарсымыз», деді депутат.

Соңғы жаңалықтар