27 Маусым, 2015

Тіршілік тірегі – тіл

497 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ТИЛИМДЕОңтүстік Қазақстан облыстық сотында Қабыл Дүйсен­бидің «Тілім – тірегім» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті Кітапқа автордың 1990 жылдан бүгінгі күнге дейінгі мемле­кеттік тілді қолдану мен дамыту, оқытып-үйрету, қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізу және ономастика, терминология салала­рын­­дағы өзекті мәсе­лелер жөнінде жазған еңбек­тері мен баспасөз беттерінде жарық көр­ген бірқатар мақалалары енгізілген. Жарияланған ма­қалалар мен еңбектерде «Қазақстан Респуб­ликасындағы Тіл туралы» және «Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы» (жер-су, елді мекен, мектеп, көше атауларына қатысты) заңдарын іске асыру барысында қол жеткізген жетістіктер туралы, сонымен бірге, орын алған кемшіліктер де ашық көрсетіліп, оларды жоюдың тиімді жолдары мен тетіктері ұсынылған. Айта кету керек, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңей­ту бүгінгі күннің өзекті пробле­масының бірі болғандықтан, бұл кітап мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жолында қызмет етіп жүрген мамандар мен туған тіл тағдыры қызықтыратын көп­шілік қауымға арналған. Қазақ­стан Журналистер одағының мү­шесі, «Тіл жанашыры» құрмет бел­гісінің иегері, «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпазы, облыстық соттың ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенбидің 2000 да­на­­мен жа­рық көрген «Тілім – тірегім» кіта­­бы­ның тұсаукесер рәсіміне облыс­т­ық соттың төр­ағасы мен алқа төр­аға­лары, судьялар мен кеңсе басшысының орынбасары, тілші-ға­лым­дар, облыс­тық және Шымкент қа­лалық әкім­діктерінің білім, жастар саясаты, тіл­дерді дамыту басқар­маларының басшылары, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты. Іс-шараны төраға Н.Шәріпов ашып бер­ді. Мұнан кейін Нұр­серік Кәрімұлы Қ.Дүй­сенбидің об­лыс­тық сотта мем­лекеттік тіл мәселесіне жауапты маман болып бекітілген үш жылдан бергі уақытта жергі­лік­ті соттардың 36 қызметкері мем­лекеттік тілді меңгеру курстарында оқып шыққанын және облыс соттарындағы жалпы құжат айна­лымының мемлекеттік тілдегі орташа көрсеткіші 67 пайыздан 97 пайызға дейін өскенін, ал қазақ ті­лінде қаралған істердің үлесі 55 пайыз­дан 74 пайызға жеткенін атап өтті. Сонымен қатар, жиын барысында «Тілім – тірегім» кітабының мән-маңызы туралы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік уни­верситеті Гуманитарлық зерттеулер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мыр­захметұлы баяндама жасады. Баяндамадан кейінгі жарыссөзде Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, халықаралық «Алаш» сый­лығының лауреаты, Оңтүстік Қазақстан облысының «Құрметті азаматы», белгілі жазушы Еркінбек Тұрысов, Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы-драматург Захар­дин Қыстаубаев және Шым­кент қаласы әкімдігі Тілдерді оқыту орталығының директоры Нұрила Жұманова сөз сөйледі. Қаршыға КҮЛЕН.