27 Маусым, 2015

«Білгенім үшін кітапқа, үйренгенім үшін адамдарға ризамын»

418 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
*28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні Сергей Харченко– дейді «Костанайские новости»  облыстық-аймақтық газетінің  бас редакторы, әлеуметтану ғылымдарының докторы Сергей Харченко – Сергей Васильевич, жа­қын­да Ресейдің Карловы Вары­дағы консулы Константин Прова­ловпен жүргізген сұхбатыңызда мәскеулік бір баспадан кітабы­ңыздың шық­қанын айтқан еді­ңіз. Әңгімені жа­ғымды жаңа­лық­тан бастайық, жа­ңа туынды не туралы? – Кітап «Екі ел, екі тағдыр, бір мақсат» деп аталады. Мұнда Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ре­сей Президенті Владимир Путин туралы ойларымды жинақтадым. Кітаптың бірінші бөлімі «Нұрсұлтан Назарбаев: Елбасы, еуразиялық ойшыл» деп аталады. Кітаптың «Владимир Путин: барлаушы, саясаткер, патриот» деп аталатын екінші бөлімі көрші ел басшысы туралы жазбаларымнан тұрады. Мен Қазақстан Президентімен жас құралпым шамалас адаммын, бір заманда, бір қоғамда ержеттік. Нұрсұлтан Әбішұлы өмір сүрген, ержеткен қоғамның, уақыт­тың қиын­дықтары, жетістігі – бар­лығы маған да таныс. Мен әлемдік дәрежедегі лидердің өсу жолына үңілдім, ол туралы әдебиеттер, мақалалар, кітаптар мені ерекше қызықтырады. Өз басым лауазымдық биікке көтерілген жандарды екіге бөліп қараймын. Оның бірі биікке көтеріліп алған соң, проблемалардың барлығын өзінен ысырып тастап отырады, демек, өзінің көлеңкесінен арғыны көрмейді. Екіншісі – халық үшін туған адамдар. Олар қызметінің алғашқы күнінен бастап, кішкентай мүмкіндікті жібермей, адамдарға көмек­ке ұмтылады. Мұны ол қызмет­тегі міндеті емес, өмір деп ұғынады. Сосын кең көлемде, биік деңгейден халқының болашағын ойлайды. Мұндай көшбасшылар үлкен-кішінің, алыс-жақынның өзіне деген терең құрметін оятады, нұрымен шуақ шашып тұрады. Нұрсұлтан Назарбаев осындай дәрежеге көтерілген лидер. Көшбасшының жалпы басшыдан айырмашылығын түсіну де ешкімге қиындық тудыра қоймас. Көшбасшы өзі өмір сүріп отырған қоғамнан озық ойлайды, ісімен де оқ бойы алға кетеді, болашақты болжайды. Мен осы кітапты жазар алдында Америка президенттері Джордж Вашин­г­тон, Томас Джефферсон, Джордж Кеннеди және тағы басқа да әлемдік тұлғалардың өмірі мен қызметі тура­лы көп оқыдым. Қазақстан Прези­ден­тінің де ел тізгінін қолына алға­лы бергі қызмет жолын, баяндамалары мен сөздерін қалт жібермей қада­ғалап отырамын. Осы кітапқа дайын­дық үстінде де Елбасы туралы қазақ­стандық және ресейлік саясаткерлер мен ғалымдардың, журналистердің мақалаларын қолыма алуға тура кел­ді, ол туралы түсірілген соңғы фильм­дер Нұрсұлтан Әбішұлының тұлға­сын жан-жақты аша білді. Назарбаевты уақыт мойындады, болашақ та мойындайтын болады. Мұндай адамдарды уақыт тудырады, уақыт өсіреді. Қарап отырсаңыз, Нұрсұлтан Назарбаев саясат сахнасына шыққан 90-шы жылдар мен оның бүгінін салыстырыңызшы. Мемлекет басшысының мәселені тереңнен ойлауы, әлем бетбе-бет келіп отырған проблемаларды кең қамтуы жөнінен тек алға және биікке өсіп отырды. Заманның адамзат алдына тосып отырған барынша күрделі мәселелерін тереңнен қайырып талдап қана қоймай, оның шешу жолдарын айтады. Елбасы сол үшін де көшбасшы! Мен жаңа кітабымда әлемдік екі лидер Нұрсұлтан Назар­баев пен Владимир Путин өмірі мен қызметі туралы айта отырып, көрші әрі бір-біріне ұқсамайтын екі ел – Қазақстан мен Ресей халықтары куә болып отырған бүгінгі күрделі уақыт жайынан да ой қозғадым. – Қазір ақпарат билеген заманда тарихи құндылықтарға қайта баға беру, тарихты қайта қарау секіл­ді ұмтылыс көп. Осы неге байланыс­ты? Мұның халықаралық жағдай­дың тыныштығына кері әсері болмай ма? – Сұрақ маңызды. Ақпарат ғасырында өмір сүріп отырмыз. Қа­зір­гі ақпарат кеңістігінің дам­уы әр адам­ға өзінің айналасында және жал­пы әлемде не болып, не қо­йып жат­қанын ой таразысынан өткі­зуге мүмкін­дік береді. Ал тарихи құнды­лық­тар­ға келсек, олар да қоғам­ның, ұрпақ­тың ауысуына қарай өзгере­тін болуы тиіс. Өйткені, оның ар жа­ғында мүдде жатыр. Алайда, нақты шын­дық­қа негізделген іргелі тарихи құн­ды­лықтар бар. Оны ешкім орнынан қозғал­та алмайды. Сосын қоғам­ның дамуына да, қоғамдық пікірге де ешқандай әсер ете алмайтын, бірақ айтыла беретін әңгімелер де болады. Екінші дүниежүзілік соғыс қоры­тындыларына қалайша қайта баға береміз? Түрлі пікір айтылады. Соғыс және соғыстан кейінгі саяси сахна­да аласа­пыран уақыт болды. Саяси тұлға­лар көзқарас­тарының өзі желге қой­ған қалқандай құбылып отырды. Фашистік Германияны жеңу үшін Ұлыбритания, АҚШ, Кеңес Ода­ғының әскери-саяси одағы құрылды. Фашизм ұясы жойылды. Ал соғыстан кейін Англияның Премьер министрі, ірі мемлекет қайраткері У.Черчилль өзінің Фултондағы сөзінде Кеңес Одағына қарсы сөйледі. Солай бола тұра Сталин ауырып жатқанда күн сайын елшілігі арқылы оның халін біліп тұрды. «Ол Ресейді соқамен қабылдап, соңында атом бомбасы бар ел қалдырып кетті» деп баға берген де сол. Саясаттағы өз күшін таразылау және құндылықтарды қайта бағалау Черчилльден басталған секілді. Бүгін біз Ұлы Отан соғысында жеңген Ресей емес, Кеңес Одағы екенін жазу­ға тиіс­піз. Бұлай жазбасақ, ол тари­хи құнды­лықтарды бұрмалау бола­ды. «28 пан­филов­шылар ерлігі – аңыз» деген қаң­қу сөздер шығып жүр. 28 панфилов­шылардың ерлігі, олардың қазақстандық жауынгерлер, Алматыда құрылған дивизиядан екендігі, генерал-майор И.В.Панфилов, батальон командирі Б.Момышұлы тарихи тұлғалар болғандығы – шындық. Тарихи факт – ешкімнің, ешқандай пікіріне көнбейтін бірбеткей, сол күйінде қалатын құбылыс. Тарихи шындықты лақапқа айналдырғысы келгендердің өзі мазаққа айналады. Оларды тарих та, тарихи тұлғалардың аруағы да кешпейді. – Қазақстан тарихи тағдырымен көп этносты ел болып отыр. Елба­сы саясатының арқасында бірлік­тің қандай болатындығының қазақ­стан­дық үлгісін жасаған елміз. Де­мок­­ра­тия осы бірлігіміздің, тұтас­ты­ғы­мыздың сақталуына қанша­­лықты қызмет етеді? Сіздің ға­лым және Қазақ­стан халқы Ассамб­леясы­ның мүшесі ретінде пікі­рі­ңізді білгім келеді. – Әлемде қоғамдық-саяси өмір тым саясаттанып кетті. Кейбір журналистер, саясаттанушылар кез кел­ген оқиғадан, көріністен саяси ас­тар іздеп тұрады. Бұл түбірімен қате. Мы­салы, Батыс елдерінде бір жыныс­тылар­дың отбасын құратыны қазір көп айтылады. Адам психологиясында мұндай ауытқушылықтар бұрынғы заманда да болған. Ал Еуропа мұндай некені шарасыздық деп таниды, кейбір елдерде оған рұқсат берілгені де белгілі және олар бар­лығы да осыған келеді деп ойлайды. Егер өзге елдерде жұрт мұхит­тың жағасындағы биік жарға шығып алып, суға секіріп жатса, біз де соны қайталап қырылуымыз керек пе? Демократия мен анархияның аражігі бар емес пе? Демократия деп түсі­нетін мұндай ағымға немен қарсы тұруымыз қажет. Бұл орайда, қазақтардың даналығы керемет қару. Қазақ халқының тамырын тереңнен тартқан, қанға сіңген дәстүр-салты бар. Үлкенді сыйлау, жеті атаға дейін қыз алыспау, ағайынның татулығын ойлау, ұрпақтар сабақтастығы секілді қасиеттері, түрлі тыйым сөздері, ұл мен қыз­дың тәрбиесі сырттан келе­тін саясат­танған азғындыққа жол бер­­мейді. Сонымен қатар, қазақ­тар­дың қонақжай­лылығы, қарым-қаты­настың барлығын адамгерші­лікке, сыйластыққа құруы – бүгінгі Қазақстандағы жұдырықтай жұмыл­ған бірлік негізінің бірі дер едім. Толе­ранттылық, өзгенің мәдениетін, кісілігін сыйлап тұрып, өзін сыйлату – қазақ халқынан бөліп болмайтын тағы бір қасиет. – Сергей Васильевич, қазақ­стандық­тардың арман-мұраты – қазақстандық патриотизм туралы не айтар едіңіз? – Кеңес Одағы кезінде, біздің жастық шағымызда пионер, комсомол ұйымдары болды. Пионер, комсомол батырларды пір тұттық. Олардың барлығы да саясатпен жасал­ған еді. «Жас гвардияның» өзі партия­ның Орталық комитетінің тапсырмасымен жазылды. Бұл фашизмге қарсы жастардың қарсылығын, рухын көтеру үшін жасалды ғой. Сол кездің өлшемімен қарағанда дұрыс та болар. Әр заманның өз мұраты болады. Менің бір байқағаным, қазақстандық патриотизм бар. Мысал айтайын. Жеңіс күні Қостанайда жаңбыр сү­мек­­теп құйып тұрды. Соғыс құрбан­дарына арналған мемориалға гүл шоқтарын қою үшін Жеңіс саяба­ғына халық сыймай кетті. Мен кіре алмай кезек күтіп, саябақтың сыртында бір жарым сағат жүрдім. Мен сияқтылар құйған жаңбырдың астын­да тырп етпей кезекке тұрып, саябаққа кірді. Жаңбырға малшынған қостанайлықтарды сол күні ешкім ескерткішке гүл шоғын қой деп қыс­таған жоқ. Қарттар да, жастар да Мәң­гілік алауға тағзым етіп, қабырғада жазылған боздақтардың аты-жөнін сипап өтеді. Міне, бұл көзіңе жас үйірер көрініс еді. Бұл патриотизм емес пе? Мен сол күні мынандай ойға келдім. Өткеніңді білу, ұмытпау пат­ри­о­тизмнің бастау бұлағы болса керек. Сондықтан, Елбасының «Мәң­гілік Ел» идеясы өте өзекті әрі уақ­тында көтерілген даналық шешім дер едім. – Сіз отыз жылға жуық уақыт бойы аймақтағы ірі газетті басқа­рып келесіз. Бүгінгі журналистика және шығармашылық ұйымды бас­қару жөніндегі пікіріңіз де қызықты болар еді. – Журналистика – өмірдің, қоғам­ның айнасы ғой. Қазір халықаралық саяси өмір өте күрделі. Осы тақы­рыпқа жазатын журналистер елдер мен мемлекет басшылары ара­сындағы қарым-қатынасты бұз­байтындай, елдестіретін елшідей ма­қала жазуы тиіс. Әлеуметтік, эко­номикалық тақы­­рып­қа жаза­тын­дарға тақырыпты сауат­ты талдап, іске пайдаң тиетіндей етіп жаз дер едім. Журналистика саласы жақсы кадрларға зәрулігін де айтқым келеді. Қазіргі журналис­тер қызыл сөзге берілмей, өмірді бақылап, адамның ішкі жан дүниесіне үңіліп жазса деймін. Ал ұжымға басшы ретінде мен журналистердің жұмыс істеуіне жағ­дай жасауды алдыңғы орынға қоя­мын. Сосын олардың күнделікті ісіне араласа бермеймін, жазғанына өзі жауап­кершілік алуына үйретемін. Журналистерді өзін өзі тәрбиелеуге, өздігінен ізденуге, білім алуына итермелеймін. Бүгінгі журналистер коммерциямен айналыспауы тиіс. Бұл дұрыс бағыт емес. Сондықтан, бүгінгі газет редакторлары – менеджер болуы тиіс деп ойлаймын. Әрине, басшының жоғары ішкі мәдениеті ұжымды тәрбиелейді. Мен мұны өзімнен талап етіп отырамын. – Соңғы сұрақ. Сергей Василь­е­вич, Елбасының замандасымын, ер жет­кен уақытымыз қатар деді­ңіз әңгіме басталғанда. Өзіңіз туралы айта кетсеңіз. – Заманымыз бір дейтінім, біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі ауыр уақытқа тап келді. Мен 1945 жылы Украинаның Житомир облысында туғанмын. Өзім өскен Рясное селосы фашистердің қолында үш рет болып, үш рет кейін қайтарылыпты. Аштық, күйзеліс. Бала кезімде соның шет жағасын көрдім. Жасөспірім кезімде комсомолдық жолдамамен Қостанайдың Жітіқара ауданындағы асбест комбинатының құрылысына келдім. Мұндағы жұмыстың ауыр­лығы да адам айтқысыз еді. Комсо­мол­дық екпінді құрылысқа келген бір жарым мың жастың 500-і үш күннен кейін қашып кетті. Мен мұндай ауыр жұмыстан тек оқу арқылы кететінімді түсіндім. Мектепті сырттай қысқа мер­зімде бітіріп, ҚазМУ-ге оқуға түс­тім. Содан бері кітаптан бас алмай оқу­мен келемін. Білгенім үшін кітап­қа, өмірді үйренгенім үшін жолымда кездескен жақсы адамдарға ризамын. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.