27 Маусым, 2015

Діни білімнің негізін өз елімізде алған абзал

1454 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Галым шойкинМәдениет және спорт министрлігі  Дін істері комитетінің төрағасы  Ғалым ШОЙКИНМЕН әңгіме – Құрметті Ғалым Нұр­мағам­бетұлы, қазақстан­дықтардың көп­­­­ші­­лігі өз балаларын түрлі шет­ел­­дік  оқу орындарына оқу­ға жі­бе­ре­тіні үйреншікті үде­ріс­­ке айналды.  Кешегі мектеп түлек­терінің алдында  енді универ­ситет таңдау міндеті тұр. Деген­мен, бүгінгі күнде әлем елде­рі­нің көбінде жағдай тұрақсыз екен­дігі аян. Осыған қарай, шетел­дік жоғары оқу орындарын таң­даған болашақ студенттер мен олардың ата-аналары әлемнің түрлі елде­ріндегі діни ахуалдың ерекше­ліктері туралы нені білгендері абзал? – Әрине, мемлекет  жастардың шетелдерде білім алуын, олардың елге қажет мамандықтарды игеруін және басқа елдерден оң тәжірибе жинауға деген құштарлығын құп­тайды. Сондықтан, қазіргі күн­де біздің елімізде жастардың «Бола­шақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында және, сонымен қатар, әртүрлі гранттар мен ата-аналарының жеке қаражаты есебінен  шетелдерде білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Өкінішке қарай, соңғы уақытта жастарымыздың шетелдерде оқып жү­ріп әртүрлі келеңсіз оқиға­лар­ға тап болуы орын ала бастады. Сондықтан, мемлекет біздің жастарымыздың шетелдерде әр­түрлі сипаттағы қақты­ғыстарға ұшырамауына, олардың жапа шекпеуіне және басқа елдердің заңдарына қатысты мәселелер туындамауына мүдделі. Жалпы, бұл мәселеде Еуропа елдері мен Америкада жағдай тыныш болса, араб мемлекеттері мен Азияның кейбір және Таяу Шығыс елдерінде жағдай  мезгіл сайын тез өзгеріске түсіп отырады және көп жағдайда діни фактор басымдыққа ие. Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттерде, атап айтқанда, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуымен, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік, сондай-ақ, террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделеніп кетті. Бұған қоса, қазіргі күнде  әртүрлі жалған және деструктивті ұйымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елдерден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қа­та­р­ларын толықтыруды көз­дей­ді. Сондықтан, ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діні мен ділін біліп алғаны жөн. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана шетелдерде білім алудың кейбір тұстарына мұқият назар аудармас­тан,  өз балаларының  басқа елдерде оқуын қуана құптайды. Олар балалары білім алғысы келген елдің ыңғайына бейімделуі үшін уақыт керек екенін, басқа мәдениет пен өзге менталитеттегі адамдармен қатар өмір сүріп, араласатынын білулері тиіс. Қиындықтардың басқа да жағы жоқ емес. Шетелге білім алуға кеткен жастарымыздың бес немесе одан да көп жыл өткен соң Қазақстанға қайта оралуы кезінде күтпеген жағдайлар орын алуы мүмкін. Елге қайтқан жас­тар мұндағы қоғамға қайта үйренісуі қажет, бәсекеге қабілетті жұмыс тауып, туған топырақтың игілігі үшін өзгелермен қатар қызмет етуі керек. Аталған жағдайдың бәрінде де ата-ана көмегінің маңызы өте жоғары. Әсіресе, шетелге шығу кезінде қазақстандық жастар тап болуы ықтимал төмендегідей қауіп-қатер­лер­ге ерекше тоқталғанды дұрыс деп есептеймін. Біріншіден, сол білім алуға барған елде немесе оқу ордасын­да жат діннің ықпалына түсу қау­пі. Әдетте, адам мұндай келең­сіз­дік­тер­ге аты беймәлім ұйымдар, ба­уыр­ластық, достық атын жамылған түрлі діни қауымдастықтар мен хұжыралардың (ордендер) тарапынан қаржылай көмек алатын түрлі шет тілдерін үйрету орталықтарына қатысу, мемлекет бақылауынан тыс ғибадат ету орындарын аралау, сенімсіз дін лидерлерінің жеке сабақтары мен дәрістерін тыңдау кезінде тап болуы мүмкін. Екіншіден, балаңыз шетелде діни білім алатын болса, онда ата-ана баласының қандай діни меке­меде немесе діни орталықта оқып жат­қанын білуі керек.  Мүмкіндігінше жиі бақы­лауда ұстап,  балаларының ресми медреселер мен жоғары оқу орындары қабырғасында оқып жат­қанын анықтағаны жөн. Сондай-ақ, сенімсіз «хұжыралар» мен «марказаларға» (діни мектептер) байқамай түсіп кет­пеуін де жіті қадағалап отырғаны абзал. Және балаларының бос уақытын қалай және кіммен өткізетіні аса маңызды. Үшіншіден, ата-аналар мен жас­тар шетелдің кейбір діни ұйымдары аттарын әртүрлі зайырлы неме­се ресми атаулармен жасыратынын білулері керек. Мысалға, ағылшын немесе араб тілдерін, бизнес жүргізу негіздерін тегін үйрету курстары, өзін өзі дамыту, танымал психология, шешендік өнер курстарының артында шетелдік азаматтарды арбаумен айналысатын деструктивті ұйымдар тұруы мүмкін. Барлық аталған факторлар дес­трук­тивті, соның ішінде діни идея­лар мен көзқарастардың елімізге енуі мен таралу қаупін тудыратынын естен шығармаған жөн. Олар діндарларымыздың арасында ой мен көзқарас қақтығыстарының, қоғамымыздың азаматтық, әлеу­меттік-экономикалық және мораль­дық-этикалық өмір сүру аяларында теріс қоғамдық көзқарастың туындап, дамуына әсер етуі ықтимал. Мұның бәрі, әрине, бізді қатты тол­ған­дырады, әрі шетелдегі азамат­тарымыздың қауіпсіздік шараларын терең зерттеуге мәжбүрлейді. Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының 11-бабына сәйкес, мемлекетіміз өз азаматтарының қор­­ғанысы мен қамқорлығын ел шек­а­­расынан тыс жерлерде де қам­та­ма­сыз ететіні белгілі. Сон­дық­тан, елі­міздің мемлекеттік орган­дары қа­зақ­стандықтарды шет мемле­кет­тердегі түрлі даулы жағдайларға немесе жат діннің идеологиялық арбауына түсу жолдарынан шеттетуге бар күш-жігерін жұмсап отыр. Алайда, мұндай жағдайлардың алдын алуда ата-аналар мен студенттердің рөлі ерекше екенін тағы да атап өту керек. – Дін саласындағы білім беру туралы айта кетсеңіз. – Еліміз тәуелсіздікке қол жет­кізгеннен кейінгі алғашқы жылдары қазақстандық жастардың бір бөлігі теологиялық білім қуып көптеген шет мемлекеттерге оқуға кетті. Осы орайда менің бірнеше мәселеге тоқталғым келіп отыр. Әуелі айтарым, діни білімді отан­дық діни оқу орындарында ал­ған маңызды. Ата-аналар мен студент­тер сапалы діни білім алу үшін Қа­зақстанның да мүмкіндіктері жоғары екенін білулері керек. Бүгінгі күні Қазақстанда бір ислам университеті мен тоғыз медресе, бұдан өзге православие мен ка­то­лик­тік діни семинария­лар жұмыс істейді. Президентіміз Н.Ә. Назарбаев елдің қиын экономикалық жағ­дай­ларына қарамастан, 1993 жыл­дың өзінде Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетін ашқызды. Алғаш құрылған 2000 жылдан қазіргі кезге дейін университет елдің белді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Бүгінде аталған білім ошағы қазіргі күннің талаптарына жауап беретін жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады.  Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған. Сонымен қатар, зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде алты жоғары оқу орнында – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ-де, Е.Бөкетов атын­дағы ҚарМУ мен «Нұр Мүбәрак» университетінде және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Шет тілдері және іскерлік карьера университетінде  дінтану мамандары даярланады. Аталған жоғары оқу орындарында мемлекеттің тапсырмасымен 800 студент – болашақ дінтанушылар мен исламтанушылар білім алуда. Түйіп айтқанда, болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге ар­­наған қазіргі жастарға өз Отан­ын­да кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалған. Бүгінде мемлекет пен отандық оқу орындарының тарапынан шет­елдің діни оқу орындарынан Отанға қайтып оралған қазақстандық сту­­дент­тердің діни білімдерін жал­ғас­­- тыр­уын қам­­тамасыз ету үшін бір­­­лес­кен ша­ралар қолға алынып отыр. Осы орайда, біз ата-аналардан тағы да бала­ларының шетелдің қан­дай діни орта­лықтарында білім алып жатқанын қадағалауды өтініп сұрар едік. Себебі, мұның жастар мен тұтас Қазақстан қоғамының рухани қауіпсіздігіне ық­пал ететін мәселе екенін атап көр­сеткім келеді. Шетелде діни білім алуды мақ­сат еткен жас отандастарымызға айтарым, діни білімге Қазақстанның дәстүрлі конфессияларының бағы­тына сай оқытатын әрі олар ұсын­ған елдердегі жоғары оқу орындарын таңдаңыздар.  Әдетте, бұлар – тексерілген, білім беру мен оқу-тәрбие үдерісін қадағалау саласында ынтымақтастық туралы келісім­шартпен негізделген жоғары оқу орындары. Атап айтқанда, қазіргі кезде Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы мен Дін істері комитетінің атсалысуымен Түркия, Мысыр және Ресейдің бірқатар беделді жоғары оқу орындарымен келісімшарт әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. – Азаматтарымызды шетелде ді­ни білім алудың ерекшеліктері ту­ралы ақпаратпен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар тарапынан қандай іс-шаралар қолға алынуда? – Азаматтарымызды шетелде діни білім мен өзге де салаларда білім алу кезінде ақпараттандыру және қорғау үшін Дін істер коми­теті 2014 жылы «Қазақстан Респуб­ликасының шетелге білім алуға шығатын азаматтарына арналған дін мәселелері бо­йынша жадынама» атты құжат жариялады. Құжат қазақ­стандық жастарға шет­елде жүріс-тұрысын реттеуге, әртүрлі жағ­дайларда дұрыс әрекет ету­ді үйретуге арналған. Атап айт­қанда, жадынамада аза­мат­қа шетелде болған кезінде сол ел­дің мемлекеттік тәртібін, заңдарын, дәстүрлері мен салтын құрметтеу керектігін еске салады. Сонымен бірге, оларға Қазақстан Республикасының азаматы екенін, өзіндік мәдениетіміздің, тарихымыз бен рухани құндылықтарымыздың ешқандай елден кем емес екенін әрі оларды оқу жылы барысында берік ұстану керектігін ескертеді. Азаматтарымыз шетелде болған кезінде Қазақстанның әлемдік қоғам­дастық алдындағы беделі мен шетел­діктердің еліміз туралы түсі­нігін өздерінің іс-әрекеті мен мінез-құлқы арқылы қалыптастыратынын еш ұмытпаған жөн. Сонымен қатар, мемлекетіміз шетелдің жоғары оқу орындарында оқитын жастардың еліміздің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерімен тұрақты байланысқа шығып тұрғанын қалайды. Шет мемлекетке барып орналасқаннан кейін студент уақытты бір айдан асырмай Қазақстан Республикасының елшілігі немесе консулдығына консул­дық есепке тұруы керек. Соны­мен бірге, дипломатиялық өкілдік­терімізбен мүмкіндігінше тұрақты байланыс­та болып, олар ұйымдастыратын қоғамдық-мәдени іс-шараларға қа­тысуы шарт. Бұл – отандық жаңалықтардан хабардар болу, туған жермен байланыс­ты үзбеу үшін маңызды. Деген­мен, жадынаманың басты артықшылығы: онда деструктивті діни ұйымдар мен ағымдар қызме­тінің әдістерін анықтау белгілері көрініс тапқан. Яғни, деструктивті ұйымдармен қа­ты­нас­қа түскен азаматтан алғашқы белгілерді танып, тиісті шара қолдану үшін келелі кеңестер берілген. «Жадынама...» елдің барлық ай­мақ­тарына таратылған әрі Қазақ­станның Мәдениет және спорт минис­трлігі Дін істері комитетінің, сонымен қатар, Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктерінің рес­ми сайттарында қолжетімді. Сондық­тан, студенттер мен олар­дың ата-аналары жадынаманың мазмұнымен танысып, күнделікті өмірінде пайдаланып, бағыт-бағ­дар есебінде қолданғаны жөн деп білемін. – Шетелдерде оқып жүрген Қа­зақ­стан жас­тарына қан­дай ті­лек айтар едіңіз? – Еліміздің келешегі білімді жас­тарға тікелей байланысты. Сондықтан, жастарымыз қайда оқыса да сапалы білім алуға ұмтыл­сын, Қазақстан азаматы деген асқақ аттың беделін төмендетпесін, ата-ана мен елінің үмітін ақтасын дегім келеді. Әңгімелескен Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан».