Наурызнама • Бүгін, 09:30

Тоғызат: атау ма, әлде өркениет моделі ме? (2026 жылғы ғылыми симпозиум негізінде)

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Аттылар кеңістігі мен зияткерлік модель

Адамзат тарихында манкала типтес зерделі ойындар кемінде төрт мың жыл бойы ойналып келеді.

Тоғызат: атау ма, әлде өркениет моделі ме? (2026 жылғы ғылыми симпозиум негізінде)

Сурет: e-history.kz

Африкадан Азияға дейін таралған бұл зияткерлік жүйе ұяшықтарға негізделген құрылымымен және тастарды белгілі бір тәртіппен тарату қағидасымен сипатталады. Көптеген халықта бұл ойын дән, тұқым, тас сияқты шаруашылық семантикамен байланысты.

Бірақ Ұлы далада қалыптасқан нұсқа өзгеше сипат алды. Мұнда ойын тек ресурс айналымын емес, кеңістікті игеру мен стратегиялық қарсыластық логикасын бейнелейді. Бұл айырмашылық кездейсоқ емес. Ол түркі халықтарының атты мәдениетіне негізделген өркениеттік тәжірибесінен туындайды.

2026 жылы 19 ақпанда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана қаласындағы филиалында өткен «Түркі халықтарына ортақ тоғызат/тоғызқұмалақ ойыны: атты мәдениеттің символдық моделі» атты ғылыми симпозиумда дәл осы мәселе жан-жақты талқыланды. Жиын ойын атауын ғана емес, оның артындағы мәдени модельді қарастырды. 

Атты өркениет – түркі дүниетанымының өзегі

Көшпелі мәдениетті атты өркениетсіз елестету мүмкін емес. Бірақ «көшпелі» ұғымы жалпылама. Ол бұғышылықты да, түйешілікті де, қойшылықты да қамтиды. Ал жылқы шаруашылығына негізделген аттылар мәдениеті – Еуразия кеңістігіндегі ерекше өркениеттік құбылыс.

Жылқы:

– қозғалыс құралы;

– әскери стратегияның өзегі;

– әлеуметтік мәртебе өлшемі;

– экономикалық ресурс болды.

Мобильділік – түркі әлемінің басты артықшылығы еді. Далалық соғыс өнерінде қарсыласты тікелей жоюдан гөрі, қозғалысын шектеу, қоршау, ресурсын сарқып әлсірету басым болды. Бұл – кеңістікті басқарудың тактикасы.

Енді осы логиканы тоғызқұмалақ құрылымымен салыстырайық. 

Далалық сананың зердесі

Қазақтың рухани мұрасында сөз де, сан да, ойын да жайдан-жай қалыптаспаған. Әрбірі – белгілі бір өмір салтының, дүниетанымның, тарихи тәжірибенің жемісі. Сол мұраның ішінде тоғызқұмалақтың орны айрықша.

Қарапайым тақта. Әр ойыншыға тиесілі тоғыз отау мен бір қазан. Әр отауда тоғыз тас. Ойыншы бір отаудағы тастарды алып, оң бағытпен бір-бірлеп таратады. Сырттай қарағанда, есепке құрылған зияткерлік ойын. Бірақ қазақ дүниесінде қарапайым көрінген дүние көбіне терең мағына жасырады. Тоғызқұмалақ та сондай. Ол – тек құмалақ жайлы емес. Ол – қозғалыс, кеңістік және қарсыластық туралы. 

Тас емес – ат

Ойын үстінде тастарды «құмалақ» деп емес, «ат» деп атайды.

«Атсырау» – жеңілістің белгісі.

«Атөтпес» – жүріс жолының жабылуы.

«Атсыратар» – қарсыласты қозғалыссыз қалдыру.

Бұл ұғымдар ойынның өзегінде тұр.

Белгілі тілші С.Аманжолов 1936 жылғы еңбегінде ойын барысында тастар «ат» деп аталатынын атап өткен. Кейін зерттеуші Т.Сұлтанбеков те осы деректі нақтылаған. Бұл – ойын мазмұнының кілті. Құмалақ – материал. Ат – қозғалыс субъектісі. Яғни ойын логикасы материалға емес, қозғалысқа негізделген. 

Атты өркениет: қозғалыс пен кеңістік философиясы

Түркі дүниесінің тарихы – ат үстінде жазылған тарих.

Жылқы қазақ үшін жай көлік емес. Ол – кеңістікке ие болудың мүмкіндігі. Ол – еркіндіктің өлшемі. Ол – әскери үстемдіктің құралы. Ол – әлеуметтік мәртебенің белгісі.

Далалық әскери өнерде қарсыласты бір сәтте күйрету емес, оның қозғалысын шектеу, қоршау, ресурсын сарқып барып әлсірету тәсілі басым болды. Бұл – мобильді өркениеттің стратегиясы.

Енді тоғызқұмалаққа назар аударайық. Ойыншы қарсыластың «атын» бірден жоймайды. Оны біртіндеп азайтады. Жүрісін тарылтады. Кеңістігін шектейді. Ақырында атсырауға түсіреді. Бұл – арифметика ғана емес. Бұл – қозғалысты басқару өнері. Осы тұрғыдан қарағанда, тоғызқұмалақ – есеп ойыны ғана емес, мобильді өркениеттің ықшамдалған стратегиялық моделі. 

«Көшірме» – сыртқы атау

XI ғасырдағы «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінде «көшірме ойын» тіркесі кездеседі. Алайда «көшіру» – механикалық әрекет. Ал тоғызқұмалақта басты мәселе – тарату арқылы позициялық үстемдік орнату. Егер бұл ойын тек көшіру болса, онда «атсырау», «атөтпес» сияқты стратегиялық ұғымдар қалыптаспас еді. Сондықтан «көшірме» – үдерістің сыртқы сипаттамасы ғана.

Ал ішкі мазмұны – қозғалыс пен қарсыластық философиясы.

Тарихи із: Тогуз-ад

1874 жылы этнограф Г.С. Загряжский қазақтың зерде ойынын «Тогуз-ад» деп тіркеген. Бұл – бүгінге белгілі ең ерте жазба атау.

Кейін атау «Тогуз-кумалак» болып орнықты. Материал атауға айналды. Бірақ терминологиялық жүйе өзгерген жоқ.

«Хан ойыны», «Орда», «Тоғыз қой», «Докузташ» – бәрі де белгілі тарихи кезеңдердің тілдік көрінісі. Ал «Тогуз-ад» – тарихи қабат.

Ойын ішіндегі «ат» – мағыналық өзек.

Осы екі дерек қабысқанда «Тоғызат» атауы тарихи да, құрылымдық та негізге ие болып шығады. 

Ғылыми талқылау және ұстам

2026 жылы ақпанда өткен ғылыми симпозиумда осы мәселе арнайы қарастырылды. Тарихшылар «Тогуз-ад» атауының ерте фиксация екенін атап өтті. Филологтер ойын терминологиясының «ат» концептісіне құрылғанын көрсетті. Философтар бұл зерде спортын кеңістік пен ресурс қатынастарының мәдени моделі ретінде бағалады.

Сонымен бірге қазіргі «тоғызқұмалақ» атауы ұлттық деңгейде орныққанын ескеріп, мәселе атауды өзгерту емес, тарихи қабатты ғылыми тұрғыдан зерделеу қажеттігі нақты айтылды.

Симпозиум қарары да осыған байлам қылды.

 

Серік Ерғали,

мәдениеттанушы, түркітанушы

Соңғы жаңалықтар

Ғасырлар ғибраты

Наурызнама • Бүгін, 10:15

Шапандар шеруі

Өнер • Бүгін, 10:10

Жүз жыл бұрынғы жыр

Тарих • Бүгін, 10:05

Желкілдеп өскен жас ұрпақ

Тәрбие • Бүгін, 10:00

Құстарға қамқорлық

Қоғам • Бүгін, 09:55

Тазалық – тәртіп пен береке бастауы

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:45

Рухани өнегесі ағыл-тегіл

Наурызнама • Бүгін, 09:40

Сарандағы «сары қазақ»

Қоғам • Бүгін, 09:35