Наурызнама • Бүгін, 09:25

Селтеткізер бердің бе? Ұйқыашар жеп көрдің бе?

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күнін тойлау жастардың бір-біріне «Селтеткізер» сыйлап, «Ұйқыашардан» дәм татуынан бастау алады. Дана халқымыздан жеткен өлең жолдарына жүгінсек жігіт: «...Өйтетіндей, ес кіріп, ерте тұрып, Өзің маған «Ұйқыашар» беріп пе едің?» дегенде, бойжеткен: «Сыйың бар ма селтеткізер бойым-ды, Сонда білерсің қамаудағы ойымды», деп жауап қатады.

Селтеткізер бердің бе? Ұйқыашар жеп көрдің бе?

Ұл-қызының болашағы­ның баянды болғанын қала­ған халқымыз бұл күнді ға­шықтардың бас қосып, сезімін білдіретін уақыты деп санаған. Себебі олар алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтып, бір-бірімен ойнап-күліп, таңның атқанын бірге тосқан. Жігіт ұнатқан қызына «Селтеткізер» беріп, отау құруға әзір екенін тұспалдаса, бойжеткен «Ұйқыашар» әзірлеп, келісетінін жеткізген. Осылайша, бағы жарасқан ғашықтардың ән мен биі, ойын-сауығы түннiң бiр уағына дейiн созылған.

«Әз болмай, мәз болмайды» демекші, малдың тұяғы көкке жетіп, төлдеп жатқанда, қыстың ауыртпалығын ар­т­қа қалдырған бозбала нау­рызбен бірге жарқырап, бар сәнді киімін дайындап, «Селтеткізерге» сезімін білдіруге бойжеткенді ша­қырады. Әрине, жігіт өз тарапынан сүйектен, ағаштан жасалған қазақы ою-өрнек­термен көмкерілген күміс зергерлік бұйымдарды әзірлеп немесе айна, тарақ, әтір су алғызып сыйға тартатын болған. Қыздар жігітті ұнатса, жас малдың етіне уыз қосып, дәмділеп тамақ дайындап, «Ұйқыашар» берген. Осылайша, 21 наурыздан 22 наурызға қараған түні көз ілмей Жаңа жылдың алғашқы таңын күткен. Сөйтіп, күн мен түннің теңелген шағында жігіт пен қыздың жүрегі де табысып, болашақ үлкен отбасын құруға алғашқы қа­дам жасалады. Жастар жағы бастаңғы жасап, ақ дас­тарқан басында емін-еркін қалжыңдасып, ән-жыр айтысып, тойлаған.

Ұлт тарихымен жасап келген «Селтеткізер» мен «Ұйқыашар» қазақ халқының Наурызға ертеден дайындалатынын аңғартып тұрғандай. Үлкендер соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға саламын деп сақтаған. Бойжеткендер болса кес­те, орамал тiгiп, бозбалалар жағы ағаш­­­тан тұрмыс бұйым­­­­дарын жасап, темiрден сәндiк бұйымдарын соққан. Мұның бәрi – күн мен түн теңесетiн шақта кәдеге асатын «ұйқыашар», «селтет­кiзер» жоралғыларының сый-тартулары.

Халқымыз дәстүр мен тәрбиені, махаббат пен сұлу­лықты ұштастыра білген көреген ұлт. Бабаларымыз «Селтеткізер» мен «Ұйқы­ашар» дәстүрін инабаттың және кіршіксіз сезім мен таза махаббаттың шуағы деп қабылдаған. Жастардың бірін-бірі ұнатып, мөлдір сезімін дәстүр арқылы біл­діруі де осының айғағы болса керек. Ертеден айттырылып қойған қызын көргісі келген жігіттің өзі аталған дәстүрдің ережелерін ұс­танған. Әрине жігіттің бер­ген «Селтеткізерін» бой­жеткеннің жеңгелері сұлу­лығын, ақылы мен көркем мінезін, иба-инабатын қалай бағалағанын сынап, ата-ене­сіне тойдың алғашқы хабарын жеткізетін болған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Наурыз» еңбегінде: «Бір құдайдан басқаның бәрі бірінен-бірі туып, өсіп-өнбек. Туып, өсіп-өнетұғынның бәрі де қартаймақ, өлмек. Көк байы да, жер қатыны. Солай болғаны үшін: «Көктен жаудырсын, жерден өндірсін», дейді. Аспанда бұлтқа бұлт шағылысады, сөйтіп жаңбыр жауады. Жаңбыр көп жаумайтын жылы бұлт қысырап қалды деп күні бұрын айтып отырушылар болады. Жаралған жанды-жансыз бәрі де жұп жаралған. Жұп мәнісі ерлі-байлы деген сөз», деп топшылайды.

Сондықтан «Селтеткізер» мен «Ұйқыашар» дәстүрін жалғастырып, ұлттық құн­ды­лық­тарымызды наси­хат­тайық! Ертеден-ақ жылына бір-ақ рет тойланатын Наурыз – махаббатқа тұнған жүректер лүпілінің гүл жаратын мезеті. Жастардың бір-біріне ұяң сезімін білдіруге мүмкіндік берілген тамаша күн.

 

Әсет ПАЗЫЛОВ,

Мәшһүр Жүсіп музейінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Жаңажол ауылы 

Соңғы жаңалықтар

Ғасырлар ғибраты

Наурызнама • Бүгін, 10:15

Шапандар шеруі

Өнер • Бүгін, 10:10

Жүз жыл бұрынғы жыр

Тарих • Бүгін, 10:05

Желкілдеп өскен жас ұрпақ

Тәрбие • Бүгін, 10:00

Құстарға қамқорлық

Қоғам • Бүгін, 09:55

Тазалық – тәртіп пен береке бастауы

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:45

Рухани өнегесі ағыл-тегіл

Наурызнама • Бүгін, 09:40

Сарандағы «сары қазақ»

Қоғам • Бүгін, 09:35