Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, спутниктік байланыстың басты ерекшелігі – оның сигнал сапасы теміржол бойындағы жерүсті мұнараларына тәуелді емес. Төмен орбиталы спутниктер пойыз жоғары жылдамдықпен қозғалған кездің өзінде сигналдың кідіріссіз және тұрақты болуын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде жолаушылар жол бойы 100 Мбит/с дейінгі жылдамдықтағы интернетті пайдалана алады. Бұл жылдамдық мессенджерлерді қолдануға, видеолар көруге және басқа да цифрлық қызметтерді еш кедергісіз тұтынуға мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыру халықаралық технологиялық компаниялар мен отандық байланыс операторларының серіктестігі арқасында мүмкін болды. Пойыздарға орнатылған арнайы жабдықтар қозғалыс жағдайында жұмыс істеуге толық бейімделген және вагондардағы қолданыстағы мультимедиялық жүйелермен интеграцияланған.