Аймақтар • Бүгін, 13:10

Сағындық Қожамсейітов: Ғибратты ғұмыр белестері

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлытау өңірінде өткен жиын, іс-шараларда Ұлытау облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағындық Үсенұлын жиі көремін. Кейде маған ол кісінің қатысуынсыз жиындардың мәні кірмейтіндей көрінеді. Себебі ол көпшілік бас қосқан маңызды бас қосуда аталы сөз айтып, отырған жұрт ұйып тыңдайды.

Сағындық Қожамсейітов: Ғибратты ғұмыр белестері

Сағындық Қожамсейітов Ұлытау ауданы және Жезқазған қаласының, Қарағанды облысының Құрметті азаматы. Өткен жылы Мемлекет басшысы Жарлығымен «Парасат» орденімен марапатталды. Бұл марапатқа республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов басқарған ардагерлер Кеңесі ұсынды. Демек бұл ұсыныс бар ғұмырын Ұлытау өңірінің өркендеуіне арнаған Сағындық Үсенұлының ерен еңбегіне деген құрметі.

Биыл наурыз айының тамаша күнінде Сағындық Үсенұлы 85 жасқа келді. Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспеков ардақты ардагермен кездесті. Салтанатты кездесу барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтауы табыс етілді. Ақсақалдың иығына шапан жауып, ізгі тілегін жеткізді.

Дәстүр мен тұлға: жыраулық жолдың сабақтастығы

Сағындық Қожамсейітовтің мамандығы – журналист. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы Жоғарғы партия мектебін бітірген. Мектеп қабырғасында «тілші бала» атанған ол небәрі 16 жасында Ұлытау аудандық «Сталин туы» (кейін «Коммунизм туы» ) газетінде атшы болып еңбек жолын бастайды. Уақыт өте газеттің жауапты хатшысы қызметін атқарады. КСРО Журналистер одағына мүшелікке өтеді.  Жастайынан елдің көзіне түсіп, ауызға іліге бастаған еті тірі жас 1961 жылы аудандық комсомол комитетінің хатшысы, бір жылдан кейін туған жері «Аманкелді» кеңшарына партком хатшысы болып ауысады. 

Аудандық газетте очерктер, талдау мақалалар жазып танымал болған жалынды жас 1965 жылы Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Жезқазған қаласы мен Жезді ауданы бойынша меншікті тілшісі болады. Осында қызмет істеген үш жылдың ішінде көбінесе өндіріс саласынан өткір сын мақалалар жазып, қаламының қарымын танытады. 1966 жылы оның «Мыс магниткасы» атты зерттеу мақаласы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Қанаттас қалалар» кітабына  енеді.

Тамдының тумасы, өлеңнің тұлғасы

Кейін Жезді аудандық, Сәтбаев қалалық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарады. 1970 жылдың ортасында Жезқазған облыстық партия комитетінің лекторлар тобының жетекшісі, үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болса, 80 жылдары осы бөлімнің меңгерушісі болып бекітіледі. Сол жылдың ортасында Кеңес дәуірінің «Құрмет белгісі» орденін кеудесіне тағады. 1989 жылы Жезқазған облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне көтеріледі. Осы қызметте жүргенде Орталық комитетке ұсыныспен шығып, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейін құруға қол жеткізеді. Сонымен қатар Қарағанды политехника институтының Жезқазғандағы филиалын Жезқазған тау-кен технологиясы институтына айналдыруға себепші болады.

Партия комитетінің үгіт-насихат жұмысында жүргенде Жезқазған өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына үлес қосты. 1988 жылы Торғай облысы таратылғанда қазіргі С. Қожамқұлов атындағы драма театрды Жезқазғанға ауыстыруға облыстық партия комитетінің басшылығымен бірлесе отырып, көп жұмыс атқарды. Жезқазған қаласында дәстүрлі түрде өткізілетін отыз жылдан астам тарихы бар «Ұлытау үні» республикалық фестивалі де Сағындық Үсенұлының қолдауымен қолға алынды. Содан бері өнер додасында қаншама дарынды өнерпаздар жарқырай көрінді.

Еліміз Тәуелсіздік алған жылы Жезқазған облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасы және құжаттама және мұрағаттар басқармасының бастығы болып істеді. 1997 жылы Сағындық Қожамсейітов Қарағанды облысы мемлекеттік мұрағатының Жезқазғандағы филиалының директоры қызметіне тағайындалды. Ресейдің, Белоруссияның, Қазақстанның тәжірибесін зерттей отырып, Жезқазған қаласы мемлекеттік мұрағатының мәртебесі жөнінде біраз жұмыс атқарады. Мұрағат филиалын дербес Жезқазған қаласы мемлекеттік мұрағаты етіп қайтадан құру туралы ұсыныспен айналысады. Нәтижесінде 1998 жылғы 15 сәуірдегі №238/5 шешіміне сәйкес қала әкімдігінің «Жезқазған қаласы мемлекеттік мұрағатының ұйымдастырылуы туралы» қаулысы шықты. Он бес жылдай Жезқазған қаласы мемлекеттік мұрағатының директоры қызметін мінсіз атқарды. Еңбегі еленді. Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен марапатталды.

Текті әулеттен шыққан өр тұлға 

Сағындық Үсенұлы мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, қарымды қаламгер. Ол туристерге арналған «Ел ұраны – Ұлытау», «Қарашаңырақ Қарсақбай», «Қазақ елінің кіндік мекені – Жезқазған», 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға арналған «Намыстан жаралған халықпыз» кітаптарының авторы. Сонымен қатар «Ұлытау. Ұлытау ауданы» энциклопедиясын жазған. «Жезқазған» энциклопедиялық анықтамалығы мен «Жезқазған. Фотоальбом.» кітаптарын құрастырушы әрі бас редакторы.

Кейінгі толқынға ірілік пен іскерліктің, кісілік пен кішіліктің үлгісін көрсетіп жүрген Сағындық Қожамсейітов – қос қоғамдық жүйенің куәгері. Ардақты ардагер кеңес заманында және еліміз егемендік алғанда да халыққа қызмет етті. Әлі күнге дейін қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Соңғы демі қалғанша, қызмет ете береді.

Ұлытау облысы

Соңғы жаңалықтар