Ақмола облысының соты аса ірі мөлшерде ақша тарту арқылы алдын ала сөз байласқан адамдар тобының қаржы пирамидасын құруы және басқаруы фактісі бойынша үш адамға қатысты қылмыстық істі қарады. Сондай-ақ бір қатысушыға бұқаралық ақпарат құралдары мен электрондық ресурстарды пайдаланып қаржы пирамидасын жарнамалау, соның салдарынан азаматтарды тарту және оларға елеулі зиян келтіру, сондай-ақ аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау айыптары тағылды.
Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылардың бірі 2020 жылдың ақпан айынан бастап S-Group қаржы пирамидасына салымшы ретінде қатысып, одан заңсыз табыс алып жүрген. Кейін ол Көкшетау қаласында осы ұйымның бөлімшесін ашып, оны басқарған.
2020 жылдың қазан айында ол бұған дейін басқа қаржы пирамидаларына белсенді қатысқан тағы бір әйелді тартқан. Олар азаматтарға белгілі бір қаржы салған жағдайда табыс табуға болады деп уәде берген.
Ұйымдастырушылар қатысушыларға S-Pharmaceutical брендімен медициналық каннабис өндіру және тарату жобасына, сондай-ақ басқа жобаларға инвестиция салуды ұсынған. Сонымен қатар әрбір жаңа қатысушыны тартқан адамға оның салымынан 5% сыйақы берілетіні айтылған. Қатысу үшін сайтқа тіркеліп, кемінде 100 доллар салу қажет болған.
Бұл қатысушы бұған дейін Life Is Good және Finiko қаржы пирамидаларына қатысып, сол схеманы қайта қолдануды шешкен. Нәтижесінде 59 адам S-Group жүйесіне тартылып, 136 млн теңгеден астам қаражат жиналған.
Жәбірленушілерге 300 млн теңге қайтарылды: «HAS» пирамидасының құрбандары кімдер?
Салымшылардың ақшасына Астана қаласынан автотұрақ орындары бар екі пәтер сатып алынған, кейін сот бұл жылжымайтын мүлікке тұтқын салды.
2021 жылдың мамыр айында бұл іске үшінші қатысушы қосылып, әлеуметтік желілер арқылы салымшыларды белсенді түрде іздеген. Жылдам табысқа үміттенген азаматтар ақша салып, ол қаражат пирамида жетекшілері мен бұрын тартылған қатысушылар арасында бөлінген. Жалпы жиналған қаржы көлемі 136,5 млн теңгені құраған.
Сонымен қатар осы қатысушы Equitix компаниясының қызметіне де қатысып, 2024 жылдың маусым айында бір азаматты алдап, инвестиция салуға көндіріп, оның ақшасын иемденген. Жәбірленуші банк арқылы 30 млн теңге несие алып, оны осы әйелге берген.
Сот шешімі бойынша:
-
екі айыпталушы 6 жылға бас бостандығынан айырылды;
-
олардың біреуінің жазасын өтеуі 1 жылға кейінге қалдырылды және оның мінез-құлқы бақылауға алынады;
-
үшінші қатысушы 6 жыл 6 айға сотталды.
Сот сотталғандардың мүлкін – пәтерлерді, автотұрақ орындарын, көліктерді, гаражды, жер телімін және ұялы телефондарды – тәркілеп, оны жәбірленушілерге материалдық шығынды өтеу үшін берді.
Сонымен қатар мемлекет пайдасына қылмыстық жолмен алынған 136,5 млн теңге тәркіленді.
6,8 млрд теңге шығын келтірген: Абай облысында қаржы пирамидасы әшкере болды
Сотталғандардан жәбірленушілердің азаматтық талаптары бойынша 1,6 млн теңге көлеміндегі өкілдік шығындар өндірілді. Бұдан бөлек, бір сотталғаннан жәбірленушінің пайдасына 30 млн теңге қосымша өндірілді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.