Президент жиында бұл күннің тарихи маңызына ерекше тоқталды.
«Бүгін баршаңыз тарихымыздағы аса маңызды, мән-мағынасы айрықша, ел өмірінде өшпес із қалдыратын оқиғаның куәсі болдыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде бүкіл халық атынан Ата заңымызға қол қойдым. Сонымен қатар Конституцияны іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойылды.
Енді Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Ал Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін болдық. Еліміздің барша халқына Ата заңымыз құтты болсын дегім келеді!» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумның қорытындысын Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жариялаған болатын.

Салтанатты жиынға елдің саяси және мемлекеттік басқару жүйесінің өкілдері, Үкімет мүшелері мен өңір басшылары қатысты.
Мемлекет басшысына республикалық референдум нәтижесіне орай құттықтау жеделхаттары келіп түсті
Президент қол қойған құжат елдің құқықтық негізін жаңғыртып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған. Жаңа Ата заңның күшіне енуі Қазақстанның саяси дамуының жаңа кезеңін айқындайды.