Биылғы мерекенің басты ерекшелігі – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерінің кеңінен қолданылуы. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында елордада интерактивті алаңдар құрылып, қала тұрғындары мен қонақтарына роботтар мен заманауи технологиялардың көрсетілімдері ұсынылады. Бұл бастама ұлттық дәстүр мен жаңа технологияның сабақтастығын айқын көрсетуді көздейді.
Шаңырақ күні аясында мәдени және спорттық іс-шаралар да Астана қаласында кеңінен ұйымдастырылып отыр. Мәселен, Музыкалық жас көрермен театры «Бақытты шаңырақ жыры» атты кеш өткізіп, отбасылық жұптардың өнерін көпшілікке ұсынады. Ж. Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында мектеп оқушылары арасында ауқымды флешмоб пен «Алтын асық» ұлттық ойыны өтеді.
Жоғары оқу орындары да мерекелік бағдарламаға белсенді қатысып жатыр. С. Сейфуллин атындағы агротехникалық университет «Шаңырақ құру – дәстүр жалғасы» рәсімін көрсетсе, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жас отбасылар арасында «Отбасы – бақыт мекені» ұлттық спорт эстафетасын ұйымдастырады. Ал Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Ақ бата» байқауы өтеді.
Мерекелік күннің мазмұны отбасы құндылығын дәріптеуге бағытталған. Көпбалалы аналарға «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілері табысталады. Сонымен қатар жаңа туған сәбилерге ұлттық үлгідегі бесіктер сыйға тартылып, отбасылық өмірінің 50 жылдығын атап өткен жұптарға құрмет көрсетіледі. «Шаңырақ – отбасының берекесі» челленджі де осы күннің негізгі бастамаларының бірі ретінде жоспарланған.
Осылайша, Шаңырақ күні елордада дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра отырып, отбасы институтының қоғамдағы маңызын айшықтайтын мазмұнды мерекеге айналып отыр.