Сурет: smartnews.kz
Отырыста алдымен Сенат төрағасы республикалық референдум еліміздің ұзақмерзімді дамуының бағыт-бағдарын айқындаған тарихи оқиға болғанын атап өтті. Сондай-ақ М.Әшімбаев сенаторларға өңір тұрғындарына конституциялық нормаларды түсіндіру жұмысына белсенді қатысып, реформаның ашықтығын қамтамасыз етуге қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
«Референдумның алдын ала нәтижелеріне сәйкес дауыс берген азаматтардың басым көпшілігі жаңа Конституцияға қолдау білдірді. Осылайша, 15 наурыз тарихымызға еліміздің стратегиялық даму бағдарын айқындаған күн ретінде еніп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, отандастарымыз жаңару мен жаңғыру үшін дауыс берді. Референдум нәтижесі азаматтарымыз Мемлекет басшысының реформаларын қолдайтынын, жалпы ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті. Халықтың белсенділігі мен жоғары азаматтық жауапкершілігі – тәуелсіз Қазақстанның демократиялық дамуының берік кепілі. Сондай-ақ дауыс берушілер саны бойынша ең жоғары рекордтық көрсеткіш тіркелген жалпыұлттық референдумның ашық әрі әділ өткенін, барлық заң талабы қатаң сақталғанын атап өткен жөн», деді М.Әшімбаев.
Бекітілген күн тәртібіне сәйкес алдағы бейсенбіде сенаторлар «Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50а)-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы және Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 56-бабын өзгертуге қатысты хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарайды. Ұсынылып отырған өзгерістер Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің құрамын 36-дан 40 мемлекетке дейін ұлғайтуға бағытталған. Бұл мүше мемлекеттердің неғұрлым әділ, теңгерімді әрі географиялық тұрғыдан кеңірек өкілдік етуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ техникалық сараптаманы күшейтіп, ұйымның норма шығару қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Аэронавигациялық комиссия құрамын 19-дан 21 мүшеге дейін көбейту көзделіп отыр.
Сонымен қатар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайын жетілдіру, жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралады. Құжаттың мақсаты – жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру. Заң еңбекті және азаматтарды әлеуметтік қорғауды басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Осыған байланысты Еңбек, Әлеуметтік, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстеріне, сондай-ақ «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Бұған қоса Сенат отырысының күн тәртібіне «Бір тараптан ҚР Үкіметі және екінші тараптан Халықаралық Қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы мен Инвестициялар кепілдігінің көпжақты агенттігі арасындағы ҚР орнықты дамуына және өркендеуіне жәрдемдесу мақсатында ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заң және Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясын қызметінен босату туралы мәселе шығарылды.
Сондай-ақ Сенатта осы аптада атом өнеркәсібін дамыту, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың қызметін жетілдіру секілді өзге де өзекті мәселелер қаралады. Депутаттар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған заңдарды Сенат комитеттеріне бөліп берді.