Партия • Бүгін, 08:22

«Amanat» партиясының үндеуі

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаңа Конституцияның қабылдануына және референдумның сәтті өтуіне орай Мәжілістегі «Amanat» партиясы фракциясының жиыны өтті. Депутаттар дауыс беру нәтижесі азаматтардың тарихи таңдауына айналғанын, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар бағытына деген қоғамның жан-жақты қолдауын растағанын атап өтті. Іс-шараға бейнеконференцбайланыс режімі арқылы өңірлік мәслихаттардағы партия фракциялары да қатысты.

«Amanat» партиясының үндеуі

Мәжіліс спикері, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов отандастарымыздың басым көпшілігі жаңа Конституцияны қол­да­ғанын атап өтіп, барша азаматты осы жеңіс­пен құттықтады. Орталық референдум ко­мис­сиясының мәліметіне сәйкес, саяси науқан­ға қатысқан адамдардың 87,15%-ы жаңа Консти­туцияға дауыс берді. Оның айтуынша, мұндай жоғары нәтиже азаматтардың саяси мәдениетінің артқанын, олардың Әділетті Қазақстанды құруға деген ұмтылысын айқын көрсетеді.

«15 наурыз ел шежіресінде елеулі орын алған тарихи оқиға болды. Бұл – жұртымызды жұмылдырған, ұлтымызды ұйыстырған айтулы күн. Қуатты, Әділетті, прогрессивті Қазақстанды таңдаған күн. Ол – мемлекет дамуындағы жаңа кезеңнің басталуы. Референдум халқымыздың Президент реформаларына зор сенім артып отырғанын айқын көрсетті. Жаңа Ата заңда миллиондаған отандасымыздың талап-тілегі, үміт-сенімі көрініс тапты. Сондықтан жаңа Конституцияның қабылдануы – бүкіл халқымыздың жеңісі. Маңызды құжат елімізді тек биік белестерге, ұлы мұраттарға жетелей береді деп сенемін», деді ол.

Ерлан Қошанов жаңа Конституция­ның қабылдануы мемлекетіміздегі түбегейлі өз­герістердің бастамасы екенін атап өтті. Енді жаңа Конституцияның әрбір бабы маңызды нормаға айналып, адамдардың игілігі жолында қызмет етуі үшін әлі де көп жұмыс атқару қажет. Бұл қоғамның барлық прогрессивті тобының күш-жігерін біріктіруді талап етеді, ал «Amanat» партиясы Президенттің саяси тірегі ретінде осы жұмыстың алдыңғы шебінде болуға тиіс. Сондай-ақ ол партия мүшелері Жалпыұлттық коалиция құрамында ауқымды түсіндіру жұмысын жүргізіп, еліміздің барлық өңіріне барғанын, адамдардың үміті мен тілегін жақсы білетінін және енді олардың толық орындалуы маңызды екенін атап өтті.

Жаңа Конституцияның қабылдануына орай, жиын барысында «Amanat» партиясының үн­деуі де қабылданды. Құжат мәтінін партия­ның атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек оқып берді. Үндеуде 15 наурыз күні халық тарихи әрі саналы таңдау жасап, Президент

Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалар бағы­тына бұрын-соңды болмаған қолдау білдіргені аталып өтті. Бұл – азаматтар сенім артатын, күн сайын өз тиімділігін дәлелдеп, мемлекетті оң өзгерістерге жетелейтін  бағыт. Сонымен қатар «Amanat» партиясы Мемлекет басшысының жетекшілігімен Ата заң нормаларын жүзеге асыру және өркендеген Қазақстан құру жолында өзінің барлық ресурсын – Парламент пен мәслихаттардағы фракцияларын, өңірлік филиалдар желісін, жастар және волонтерлер құрылымдарын жұмылдыратыны айтылды.

Отырыс барысында фракция депутаттары да сөз сөйледі. Ерлан Саиров геосаяси турбуленттілік пен тұрақсыздық жағдайын­да елімізге мемле­кет­тің тұрақтылығын сақтау­ға мүмкіндік бере­тін жаңа Конститу­ция қажет екенін айтты. Сергей Пономарев жаңа Конституция қоғам­дық келісімді нығай­тып, қоғамның этносара­лық бірлігі сияқты негізгі гуманитарлық құнды­лық­тарды сақ­тайтынын атап өтті. Нартай Сәр­сен­ғалиев жаңа Конституцияны қолдау ісін­дегі жастар қауымының белсенді рөліне назар аудар­ды. Депутаттың айтуынша, белсенді жас­тар тұтас ел аумағында мыңдаған кездесу өт­кізді. Сондай-ақ ол Конституцияда волонтер­лер қызметінің бекітілуі жастардың азамат­тық бел­сенділігі артып келе жатқанын айқындай­тынын атап өтті. Юлия Кучинская референдум қоғамдық пікірдің ауқымды көрінісіне айналып, отандастарымыздың саяси кемелдігі мен азаматтық жауапкершілігінің жоғары деңгейін байқатқанын мәлімдеді. Ал Еркін Әбіл пропорционалды сайлау жүйесін енгізу және партиялардың рөлін күшейту қадамы мазмұнды саяси бәсекелестікке жағдай жасайтынына тоқталды. Мұндай жағдайда сайлаушылар, ең алдымен, кандидаттың жеке тұлғасын емес, бағдарламасы мен ұсынған идеяларын бағалайды. 

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жол жабық тұр?

Ауа райы • Бүгін, 09:52

«Жасыл» энергия – жаһан үдерісі

Энергетика • Бүгін, 09:00

Ұлыс пен ырыстың негізі

Наурызнама • Бүгін, 08:50

Қарлығаш – құт-береке рәмізі

Наурызнама • Бүгін, 08:45

Кемел әулетінің кемеңгері

Қоғам • Бүгін, 08:40

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:35