Референдум • Кеше

Шетелдегі отандастарымыздың айқын ұстанымы

0 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Орталық референдум комиссиясында шетелдегі отандастарымыз референдумға белсенді қатысқанын айтты.

Шетелдегі отандастарымыздың айқын ұстанымы

– Шетелдегі дауыс беретін отандаста­ры­мыздың жалпы саны – 14 380 адам. Референдум учас­ке­лерінде дауыс беру Астана уақы­тымен таңғы сағат 03.00-де Токио мен Сеул қалаларында бас­талды. Сағат 08.00-ге дейін 23 референдум учаскесі ашылып, оларға келіп дауыс бергендер саны 198 адамды құрады, – деді СІМ өкілі.

Айта кетсек, шетелдерде рефе­рендум кезінде 54 елде орна­ласқан 71 референдум учаскесі жұмыс істеді. Қазір әлемдегі әске­ри-саяси жағдайдың шиеле­нісуіне, сондай-ақ ел азаматтары санының төмен болуына байланысты 10 елдегі 11 учас­ке (Иран, Израиль, Иордания, Қатар, БАӘ (2 учаске), Оман, Ливан, Кувейт, Украина және Эфиопия) жабық болды.

Вице-министр шетелдегі рефе­рендум учаскелерінің ең соңғы­сы АҚШ-тың Сан-Франциско қала­сында ашылға­нын айтты. Қазақ­стан мен АҚШ арасындағы уақыт айырма­шы­лығына байланысты Астана уақы­тымен сағат 16.00-де Вашинг­тон, Нью-Йорк, Оттава қалала­рындағы және сағат 19.00-де Сан Франциско қаласын­дағы референдум учаскелері жұмысын бас­таған. Сан-Францискодағы учаске бүгін сағат 08:00-де жабылды.

Күншығыс елі Жапониядағы №425 ре­ферендум учаскесі жергі­лікті уақыт­пен сағат 07.00-де ашылды. Корея Рес­публика­сындағы №422 учаске де жұмы­сын осы уақытта бастады.

СІМ баспасөз қызметінің мәлі­метін­ше, Токио қаласындағы референдум учаскесінде отандасымыз, «Нихон» уни­верситетінің 3-курс студенті Жібек Айдын алғашқы болып дауыс берді.

– Референдум еліміздің алдағы даму бағыты үшін маңызды. Бұл ашық­тықты қамтамасыз етіп, қоғам пі­кірін жан-жақ­ты ескеруге мүм­кін­дік береді. Мемлекет әрбір азамат­тың өз таңдауын жасауына қажет­ті жағдай жасап отыр, ал біз үшін бел­сенді азаматтық ұстаным таныту – маңызды міндет, – деді Ж.Айдын.

Ол сондай-ақ шетелде тұратын отандастарымыз еліміздің дип­ломатиялық өкілдіктерінің қол­дауымен референдумға қатысуға мүмкіндік алғанын атап өтті.

– Бұл – еліміздің болашағына қатысты жауапты шешім қабыл­дауға берілген ортақ мүмкіндік. Қабылданатын шешім еліміздің орнықты әрі серпінді дамуына оң ықпал етеді деп сенемін, – деді дауыс беруші.

Сондай-ақ Сеул қаласындағы учаскеде алғашқылардың бірі болып Азия орман ынтымақтастығы ұйымының (AFoCO) қызметкері Қазақстан азаматы Ернар Сәрсен­баев дауыс берді. Ол шетелде жүр­ген азаматтарға маңызды сая-си үдеріске қаты­суға мүмкіндік жасал­ғанына риза болып, бұл әрбір азаматтың азаматтық жауап­кершілігінің көрінісі екенін атап өтті.

– Мұндай маңызды ұлттық мәсе­ле­лер бойынша өз пікіріңді біл­діру – әр аза­маттың парызы. Рефе­рендум еліміздің дамуы мен болашағына қатысты маңыз­ды ше­шім қабылдауға мүмкіндік береді, – деді ол.

Жалпы, Астана уақытымен сағат 09.30-да әлемнің 30-дан аса елінде референдум учаскелері жұмыс істеді. Жапония мен Оңтүс­тік Кореядан кейін Қытай, Синга­пур, Моңғолия, Малайзия, Таи­ланд, Вьетнам мен Индонезияда учас­келер ашылды. Бұған қоса дауыс беру Ресей, Үндістан, Әзер­бай­жан, Армения, Грузия, Қыр­ғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбек­стан мен Түрікменстанда белсенді жүрді.

Сағат 13.00-ге қарай СІМ баспа­сөз қызметі Еуропа елде­рін­де референдум учаскелерінің ашылғанын мәлімдеді. Оның ішінде Болга­рия, Грекия, Латвия, Литва, Румы­ния, Финляндия, Эстония, Аус­трия, Бельгия, Германия, Испа­ния, Италия, Мажарстан, Нидер­ланд, Норвегия, Польша, Слова­кия, Франция, Хорватия, Че­хия, Молдова, Швейцария, Шве­ция, Ұлыбритания мен Порту­га­лия­да отандастарымыз дауыс бер­ген.

Сонымен қатар Кипр Респуб­ли­касын­да Қазақстан елшілігі жанынан №511 учаске ашылып, алғаш рет жұмыс істеді.

Сағат 14.00-ге дейін шетелдерде Қазақстанның 66 референдум учаскесі ашылып, оларға келіп дауыс бергендер саны 3 248 адамға жетті. Мәселен, Парижде орналасқан №410 референдум учаскесі жергілікті уақытпен таң­ғы сағат 07.00-де жұмысын бас­­тады. Франциядағы учаске елі­­міз­­дің Консулдығында, Елисей жазы­ғының маңайында орна­ласқан. Референдумда алғашқы болып дауыс бергендер осында бі­лім алып жатқан магистранттар бол­ды. Францияда барлығы 200-ден аса адам тіркелген. Дауыс беру жергілікті уақытпен сағат 20.00-ге дейін жүргізіліп, Астана уақы­тымен түнгі 00.00-де аяқталды.

Ел­іміздің танымал дзюдошы­лары, 2024 жылы өткен Олим­пия ойындарының қола жүл­дегері Ғұсман Қырғызбаев пен әлем чемпионаттарының екі дүр­кін жүл­дегері Әбиба Әбу­жа­қы­нова еліміздің Чехия Рес­пуб­ликасындағы елшілігі жа­нын­­дағы №437 референдум учас­ке­сіне барып, дауыс берді. Осы­лай­ша, Ним­бурк қаласында өтіп жат­­қан халықаралық оқу-жат­ты­­ғу жиы­нында жүрген спорт­шы­­лар өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп, ел үшін маңызды саяси оқиғаға қолдау көрсетті.

Мәскеудегі учаскеде танымал отандық стендап-комик Евгений Чебатков дауыс берді.

– Бүгін ғана мен Челябіден ұшып келдім және үйге бармай тұрып референдумда дауыс беру­ді шештім. Отанымнан алыс, көп уақыт Мәскеуде тұрып жат­сам да, менің сана-сезімім қа­зақ­стандық болып қала береді. Қазіргі тұрақсыз және аумалы-төк­пелі заманда мен мемлекет өміріне қатыстылығымды сезініп, өзімнің азаматтық ұстанымымды танытатын сәттен қалыс қалғым келмейді, – деп пікірін білдірді әртіс.

Сыртқы істер министрлігінің мәлі­метіне сүйенсек, Түркияда дауыс бер­гендердің басым бөлігі – студенттер. Қа­зақстанның Ыстан­бұлдағы Бас консул­дығына қарас­ты провинцияларда білім алып жатқан студенттер референдумға келіп, таңдауын жасады. Елшілікте дауыс берген жастар елге деген сағынышын ән-күймен жеткізіп, ерекше көңіл күй сыйлаған.

Сонымен қатар Ташкент қала­сында орналасқан референдум учаскесіне көгалдағы хоккейден әйелдер ұлттық құрамасы, сондай-ақ Алматы облысының байдарка мен каноэде есу командасы келіп, азаматтық ұстанымдарын білдірді.

Орталық референдум комис­сиясының мүшесі Ә.Жанәбілова брифингте Астана уақытымен сағат 16.00-де Вашингтон, Нью-Йорк пен Оттава қалаларында ре­фе­­рендум учаскелері ашылып, жұ­мы­сын бастағанын айтып өтті. Ал осы уақытта Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай, Сингапур, Малайзия, Моңғолия, Вьетнам, Индонезия мен Таиландтағы шетел­дік референдум учаскелері жұмы­сын аяқтады. Осылайша, бұл уақыт­қа дейін шетелде референ­думның 12 учас­келік комиссиясы жұмысын тәмамдап, 8 079 (56,1 пайыз) ел азаматы дауыс берді.

Орталық референдум комиссиясында сағат 19.00-де өткен брифингте СІМ министрінің орынбасары Арман Исетов шетелдердегі 59 учаскенің жұмы­сы жалғасып жатқанын айтты. Атап айт­қан­да, Орталық Азия, Еуропа, Оңтүс­тік және Солтүстік Америка елдерін­де отан­дастарымыз дауыс беріп жатыр.

– Референдум учаскелерінде дауыс беру үдерісі Астана уақытымен таңғы сағат 03.00-ден бері жүргізіліп келді. Уақыт айырмашылығына байланысты сағат 19.00-ге дейін шетелдегі барлық учаске ашылып, оның 14-і жабылып үлгерді. Осыған дейін келіп дауыс бергендер саны – 9 050 адам. Сағат 00.00-ге дейін шетелдегі 64 учаске өз жұмысын аяқтады. АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы референдум учаскесі ең соңғы болып 16 наурызда Астана уақытымен сағат 08.00-де шетелдегі сайлау жұмысын тәмамдайды, – деді СІМ өкілі.

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жол жабық тұр?

Ауа райы • Бүгін, 09:47

Бірліктің жоғары көрсеткіші

Референдум • Бүгін, 08:50

Халықаралық байқаушылардың бағасы

Референдум • Бүгін, 08:30

Ақпаратты жедел таратты

Референдум • Бүгін, 08:20

Айман мен Шолпанның тілегі

Референдум • Бүгін, 08:10