27 Наурыз, 2015

Көңіл айту жеделхаттарын жолдады

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Германия Федералдық канцлері Ангела Меркельге Germanwings авиакомпаниясы ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Жеделхатта Қазақстан Президенті ұшақ апатының салдарынан Германия азаматтарының қаза болғандығы туралы қайғылы хабарды күйзеле қабылдағаны айтылған. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Федералдық канцлерге, қаза бол­ған­дардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ, барша Германия халқына көңіл айтты. * * * Мемлекет басшысы Испания Королі VI Фелипеге Germanwings авиакомпаниясы ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта ұшақ апаты салдарынан Испания азаматтарының қаза болғандығы туралы хабарды  Нұрсұлтан Назарбаевтың күйзеле қабылдағаны атап өтілген. Елбасы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Испания Короліне, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ, барша Испания халқына көңіл айтты. * * * Елбасы Germanwings авиакомпаниясы ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқан Қазақстан азаматтарының туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Жеделхатта ұшақ апатынан қазақ­стан­дық­тардың қаза тапқаны туралы хабарды Мем­лекет басшысының күйзеле қабылдағаны айтылған. Нұрсұлтан Назарбаев олардың туған-туыстары мен жақындарына Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан шын ниетпен көңіл айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көр­сету, марқұмдардың мәйіттерін анықтау және Отанына жеткізу жөнінде Қазақстан Рес­пуб­ликасының тиісті мемлекеттік органдарына тапсырма берді.