Дәстүр бойынша Алматыда алғашқы дауыс берушілерге тәтті сыйлықтар үлестірілді. Алғашқы дауыс берушілерге символикалық тәтті сыйлық тарату жақсы дәстүрге айналған. Осындай сыйлықты Алмалы ауданындағы №60 референдум учаскесіне алғашқылардың бірі болып келген Татьяна Вильданова да алды.
«Біз құрбыммен бірге учаскеге ең бірінші болып келдік. Азаматтық борышымызды орындағымыз келді. Таңертеңнен бері ерекше қуаныш сезімін сезінудемін. Қазақстанның болашағы өз қолымызда. Естелік үшін суретке түсіп үлгердік – біз үшін бұл нағыз мереке», деді ол.
Осындай сыйлықтар №117 жалпы білім беретін мектепте орналасқан №197 және №202 сайлау учаскелерінде алғаш дауыс берген тұрғындарға да табысталды. Айта кетейік, мұнда алғашқы жарты сағаттың өзінде 20-дан астам адам дауыс беріп үлгерген.
«Референдумға қатысу – менің азаматтық борышым. Мен өз дауысымды бердім. Мемлекет қазақстандықтарға маңызды шешімді өздері қабылдау мүмкіндігін берді», деді сайлаушы Аида Мұсаханова.
АЛМАТЫ