27 Наурыз, 2015

Білім бағдарламасы нақтыланды

202 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
100-850Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев пен министрліктің Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаеваның қатысуымен «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыру шеңберінде мектепке дейінгі және орта білім беруді дамыту» тақырыбында брифинг өткізілді. Министрлік жергілікті ат­қа­рушы органдармен бірлесе отырып, Ұлттық қор қаражаты есебінен апатты және үш ауысымды мектептердің орнына құрылыс салуға қажет білім ұяларының санын анықтаған. Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының шеңберінде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Ұлттық қор есебінен 2015-2017 жылдарға жалпы сомасы 61,9 млрд. теңгені құрайтын 73 мектептің құрылысы жоспарланыпты. Яғни үш ауысымды сабақтарды жою үшін Ұлттық қордан 57 мектеп, апатты мектептердің орнына 16 мектеп салу қарастырылып отыр екен. Республикада 8467 мектепке дейінгі ұйым тіркеліп, оларға 727,4 мың бала барады. Оның ішінде 3832 балабақша (541,5 мың бала) және 4635 шағын орталық (185,8 мың бала) бар. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 78,6%-ды құрайды. Республиканың 6 өңірінде – Алматы (62,9%), Маңғыстау (68,1%), Оңтүстік Қазақстан (72,4%), Жамбыл (70,9%) облыс­тарында және Алматы (64,7%) мен Астана (63,1%) қалаларында балаларды мектепке дейінгі орындармен қамту республикалық деңгейден төмен, оларда 2020 жылға қарай 100% нысаналы көрсеткішіне қол жеткізбеу қаупі бар. Осыған байланысты жоғарыда көрсетілген өңірлердің Маңғыстау облысынан (2 балабақша) басқа әрқайсысында Ұлттық қор қаражаты есебінен жалпы сомасы 15,39 млрд. теңге тұратын 3 балабақшадан, басқа өңірлерде 1 балабақшаның құрылысы қолға алынбақ. Жалпы алғанда, осы шаралар 2018 жылға қарай үш ауысымды және апатты мектептерді жоюға және мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан».