Көрісу күні деп атап кеткен мереке Маңғыстаудан басталып, бүгінде тұтас ел көлемінде тойланып жүр. Қыстың құрсауынан құтылып, жылға аман жеткен ағайын жадырай көрісетін 14 наурыз – киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылып, ұлттық дәстүр мен өнердің салтанат құратын күні.
Маңғыстауда Амал мерекесі кейінгі жылдары тұрақты түрде Отпан тау биігіндегі тарихи-мәдени кешенде тойланып келеді. Өңірлік Қоғамдық коммуникация орталығының хабарлауынша, Маңғыстауда Амал мейрамы биыл да айрықша тойланады.
Екі күнге жоспарланған мерекелік бағдарлама ұлттық рух пен салт-дәстүрді дәріптеуге бағытталған мазмұнды іс-шараларға ұласады. Атап айтқанда, қазақ күресі, кір тасын көтеру, қол күресі, арқан тарту сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Сонымен қатар жыр-терме кеші, қолөнер көрме-жәрмеңкесі, аналар шеруі және концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.
Амал күні Отпан тауда өтетін дәстүрлі іс-шараның бірі – «Бірлік» отын жағу рәсімі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл рәсім жаугершілік кезінде Маңғыстаудың ойы мен қырын жайлаған қазақ қолын біріктіру үшін Отпанның биігінен жағылған ұран от құрметіне және шейіттер рухына бағышталған, бүгінде халықтың бірлігі мен ұрпақ сабақтастығын бейнелейтін белгі болып табылады.
Дәстүрге сай ат спорты да мерекенің басты көркіне айналады. 7 шақырымдық құнан бәйге, 12 шақырымдық топ бәйге мен 18 шақырымдық аламан бәйге жарыстары өтеді.
«Амал – татулық пен бірлік мерекесі» атты мерекелік бағдарлама аясында жергілікті өнерпаздармен қатар, шетелден арнайы шақыртылған дәстүрлі өнер өкілдері көрерменге түркі халықтарының ұлттық музыкасы мен бай мәдени мұрасын ұсынады. Олардың қатарында өзбек халық әндерін орындауда шеберлігімен танымал Өзбекстан мемлекеттік филармониясының әншісі Дильфуза Қабылева, Қырғыз Республикасының белгілі әншісі, Т.Сатылғанов атындағы Қырғыз мемлекеттік филармониясының солисі Жанар Туратова, Әзербайжан Республикасынан келген дәстүрлі әнші, «Vatan Musik Group» ансамблінің вокалисі, әзербайжан халық музыкасын жаңа стильде насихаттап жүрген өнерпаз Сефали Мирзелиев, Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің Бейнелеу өнері бас басқармасына қарасты Анкара мемлекеттік түрік халық музыкасы хорының вокалисі Нильгюн Кизилчи бар.
Көрісу күнін тойлау тек Отпан таумен шектелмейді. Әдемі кештер мен көріністер әрбір аудан, қалаларда, көшелер мен алаңдарда, мәдениет мекемелері мен білім ошақтарында және әрбір отбасында үлкен мерекеге айналады.
Амал – бірлік пен мейірімнің, табиғат пен тарихтың өміршең мерекесі.
Маңғыстау облысы