Аймақтар • Бүгін, 08:25

Шығыстағы сәтті серпіліс

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары Шығыс Қазақстан облысында ауыз толтырып айтар оң өзгерістер аз емес. Күні кеше ғана бірнеше аудан бөлініп, даму қарқындары артты. Одан бұрын аймаққа аса маңызды мәселе болған Күршім көпірі мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Басқа да әлеуметтік-экономикалық мәселелер біртіндеп шешімін тауып келеді. Бір сөзбен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылға дейінгі экономикалық өсім қарқынын екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмалары кезең-кезеңімен орындалып жатыр.

Шығыстағы сәтті серпіліс

Бүгінде өңірдегі әлеу­меттік саланы дамы­тудың бірден-бір жолы – инвестиция тарту. Сол мақ­сатта былтыр Шығыста халық­аралық «Altai Invest–2025» форумы ұйымдастырылды. Алыс-жақын шетелдерден келген кәсіпкерлер түрлі салаға қаржы құятындарын айтып, екіжақты меморандумдарға қол қойысқан. Осы саладағы сандарға көз салсақ, негізгі капиталға салынған ин-вестициялар көлемі 105,2%-ға, құрылыс жұмыстары 109,3%-ға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 102,0%-ға, сауда саласы 108,5%-ға артқан екен. Сонымен қатар 407,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 101,4%-ды құрады.

– Қазір ұлттық инвести­циялық цифрлық платформа аясында өңірде жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрай­тын 65 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 18 жоба іске қосылып, 105,5 млрд теңге инвестиция тартылды, 1 128 жұмыс орны ашылды. Бұл жұмыстар халықтың әл-ауқатын арттырып, өмір сүру сапасын көтереді. Сондай-ақ орташа айлық жалақы да 9,5%-ға өсті. Облыста жұмыссыздық деңгейі 4,6%-дан аспайды. Кейінгі кезеңде 28,7 мың жұмыс орны құрылды, оның 21,8 мыңы тұрақты жұмыс орындары, – деді облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімінің айтуын­ша, өндіріс саласында биыл да бірқатар жос­пар жүзеге асады. Атап айт­сақ, «Шығысмашзавод» АҚ цехында жаңғырту жұ­мыстары аяқталады, «Өскемен арматуралық зауыты» АҚ өндірістік қуаты жаңар­тылады, «Altyn Shyghys» ЖШС-да майды рафинациялау, дезодорациялау цехы салынады. Сондай-ақ «Майқапшағай» көлік-логистикалық орталығын салу да жоспарға енгізілген. Бұл жобалардың жалпы инвестиция көлемі 51,5 млрд теңгені құрайды, 529 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, қоршаған ортаны қорғауға, көлік инфрақұрылымын дамытуға әрі халықты сапалы ауыз­сумен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылған. Ауызсу мәселесі ұзақ жылдар шешімін таппай келе жатқан ауылдарда да су құбырлары реттеліп, тұр­ғындарға су тартылды. Бүгінде облыс 100% ауызсумен қамтылған.

топ

– Топқайың ауылындағы ауыз­су шешілместей үлкен мәселе еді. Қазірде басталған жұмыс аяқталды. Облыс басшысының қадағалауымен ауызсу келді. Қаладағыдай үйдің ішінде суымыз ағып тұр. Кір жуатын машинаға дейін орнатып алдық, – дейді Топқайың ауылының тұрғыны Гүлнар Тәукенова.  

Жалпы, халықтың қа­лып­ты, сапалы өмір сүруіне көп нәрсе қажет емес, ауызсу, жоға­ры жылдамдықтағы интернет, асфальт жол болса жеткі­лікті. Шығыс Қазақстан облысында логистика мен көлік инфра­құрылымын дамыту да басым бағыт. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2024 жылы Бұқтырма көпірі пайдалануға берілді, биыл Зайсан мен Ка­тонқарағайда жаңа әуежайлар іске қо­сылады. Былтыр «Омбы – Майқапшағай», «Өскемен – Талдықорған», «Өскемен – Семей» республикалық маңызы бар көлік жолдарында жөндеу жұмыстары аяқталды. Бүгінде «Өскемен – Рахман қайнары» бағытын­дағы Тереңсай учаскесіндегі респуб­ликалық автожолды қайта жаң­ғырту жұмысы жалғасып жатыр. Көпір салу жұмыстары да қолға алынады. Өскемендегі Үлбі өзені мен Шемонаиха қала­сындағы Үбі өзенінен өтетін жаңа көпірлердің құрылысы басталады. Сонымен қатар туризмді дамыту, Марқакөл көліне көлік қатынасын жақсарту мақсатында «Те­ректі – Ұранхай», «Төсқайың – Шанағаты» жолдарын жөндеу жоспарланған. Был­тыр жалпы ұзындығы 856 шақырым республикалық, жер­гілікті маңызы бар жол­дар жөнделсе, биыл 308 шақырым жолды норма­тивтік талаптарға сәйкес­тендіру жоспарланып отыр.

Жолдар жөнделсе, әл­бетте туриз­м дами түседі. Оның үстіне, Шығыстың туризм саласындағы әлеуеті зор. Осы бағытта жүйе­лі жұмыс жүргізуге  облыста Туризм басқармасы құрыл­ды. Өңірдің туристік  картасы бекітілді. Соған сәйкес, 23 басым туристік аумақ ай­қындалып, оларға қатыс­ты ин­фрақұрылымдық жобалар тізімі жасалып жатыр. Саяхат­шылардың көптеп келуіне орай, табиғатты таза ұстау мәселесі де құқық қорғау органдарының назарында. Өңірде эко­логия мәселесі де өт­кір тұр. Шығыс Қазақ­стан елдегі өнеркәсібі да­мыған өңірлердің бірі бол­ғандықтан, Өскеменде ат­мо­сфералық ауаның жай-күйіне мониторинг жүргізуге арналған, «Қазгидромет» РМК-ға қарасты 10 бақылау бекеті жұмыс істейді. Ат­мосфералық ауаның сапасын бақылайтын 25 бағ­дарламалық-аппараттық кешен орнатылды. Сондай-ақ өңірде «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы жұмыс істеп тұр. Бұл ұйым облыстағы экологиялық ахуалға қоғамдық бақылау жүргізеді. Соңғы бес жыл ішінде жүзеге асырылған шаралар Өскемендегі атмо­сфералық ауаның лас­тану деңгейін 9%-ға төмен­детуге мүмкіндік берді. Қаланың қазан шұң­қырда орналасқандығы қолай­сыздық туғызып-ақ келеді. Соған қарамастан, жоғарыда атап өткендей, қыруар шаруа атқарылып жатыр.

Жаңадан Марқакөл, Катон­қарағай, Самар, Тар­бағатай сынды аудандар құрылды. Бұл аудан­дардың дені облыстың шекара шебіндегі стратегиялық маңызды аумақтарда қо­ныс тепкен. Сол тұрғыда оларды демографиялық, әлеуметтік-экономикалықтұрғыдан нығайту керек. Былтыр облысқа 794 адам қоныстанды, шекара ма­ңындағы 3 ауданға 182 адам көшіп келді. Бұл халық саны азайып бара жатқан ауылдар үшін маңызды. Атап айтқанда, Катонқарағайға 71, Марқакөлге 35, Тарбағатайға 76 адам қоныстанып, тұрақты жұмыспен қамтылды. Кә­сіпкерлікті қолдау да нақты нәтижесін берді. Мар­қакөл, Катон­қарағай, Тарбағатай аудандарында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға ниетті 32 адам мемлекеттік қайтарымсыз гранттарды иеленді.

Биылдан бастап облыста шекара маңындағы аумақтарды кешенді дамы­туға бағытталған «Шығыс шақырады» арнайы бағдар­ламасы іске қосылады. Бұл тиімді бағдарлама Мар­қакөл, Катонқарағай, Тарбағатай, Самар аудандарын қамтиды. Жүзеге асқан жағдайда ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту арқылы тұрақты жұмыс орындары құ­рылады, қоныс аударушылар мен қандастар заманауи тұрғын үймен қамтылады. Нәтижесінде, шекара ма­ңындағы аудандардағы де­мографиялық ахуал жақ­­сарып, ауылдардың әлеу­меттік-экономикалық тұ­рақ­тылығы қамтамасыз еті­леді. Түйіндей келгенде, шекара маңындағы елді мекендердің әлеуметтік жағ­дайын жетілдіру, дамыту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар