– Құмар Іргебайұлы, алда ел болашағын айқындайтын елеулі қадам – Республикалық референдум өтеді. Осы саяси науқанның маңызына тоқталып өтсеңіз.
– Ел Президенті бастамашы болған Республикалық референдум – мемлекет болашағын болашағын айқындайтын маңызды саяси қадам. Қазақстан жаңа даму кезеңінің табалдырығында тұр. Конституциялық реформа мемлекетті басқару жүйесін жаңғыртып, қоғамдағы әділеттілік пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтады.
Жаңа Конституция «Әділетті Қазақстан» идеясын және «Заң мен Тәртіп» қағидатын негізге алады. Онда мемлекеттің басты құндылығы ретінде адам, оның құқығы мен қадір-қасиеті айқын көрсетілген. «Адам – мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» деген қағида барлық мемлекеттік саясаттың өзегіне айналмақ.
– 2025 жылғы Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қандай баға бересіз?
– Өткен жыл өңір үшін табысты кезең болды. Мемлекет басшысының экономиканы кемінде 6 пайыз деңгейінде өсіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының өсімі шамамен 8 пайыз деңгейінде болады деп күтіледі. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен жоғары.
Былтыр 47 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, 26,4 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,5 трлн теңгені құрады.
Кейінгі үш жылда негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,6 есеге өсіп, 2025 жылы 781 млрд теңгеге жетті. Осы кезеңде тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі шамамен 1,5 млрд долларды құрады.
Инвестиция тарту мақсатында облыста жалпы құны 2,4 трлн теңгені құрайтын 79 жобадан тұратын пул қалыптасты. Онда 13,2 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Өңдеу өнеркәсібінің және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі бойынша облыс республикада төртінші орында тұр. Тағам өндірісі бойынша – екінші орында.

Облыс өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша көшбасшы болып келеді.
– Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Қостанай облысындағы цифрландыру бағытында атқарылып отырған жұмыстар қаншалықты қарқынды деңгейде?
– Жаңа Конституция жобасында адамға бағдарланған мемлекет моделі айқындалып, білім мен цифрландыру ерекше мәртебеге ие болып отыр. Кейінгі жылдары мемлекет білімге, ғылымға, инновацияға, ең бастысы – адам капиталын дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді.
Өңіріміздегі кәсіпорындар да заманауи технологияларды белсенді түрде енгізіп келеді. Мысалы, төрт жыл бұрын облыстағы зауыттарда небәрі 3 өнеркәсіптік робот болса, қазір олардың саны 145-ке жетті.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылы облыстағы барлық 440 мектеп жоғары жылдамдықты интернетпен толық қамтамасыз етілді. 44 елді мекенде антенна-мачталық құрылыстар салынды. Нәтижесінде шамамен 14 мың ауыл тұрғыны 4G мобильді интернетіне қол жеткізді.
Ауылдық елді мекендердің сапалы 4G интернетімен қамтылу деңгейі тұрақты оң динамиканы көрсетіп отыр: егер 2022 жылы бұл көрсеткіш 60% болса, 2025 жылы ол 76%-ға жетті.
Қостанай қаласында 5G желісінің 50 базалық станциясы орнатылды. Биыл қаланың шет аймақтарында тағы 24 станция орнатылып, олардың жалпы саны 74-ке жетеді. Жыл соңына дейін өңірдегі базалық станциялардың жалпы саны 400-ге жетеді деп күтіледі.
– Мемлекет басшысы Жолдауында ел экономикасын әртараптандыруды басты бағыт ретінде айқындады. Өңірді дамытуда машина жасау, қара металлургия және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу салалары басым бағыт екендігі анық. Осы салалардағы негізгі нәтижелер қандай?
– Иә, біз облысты дамыту үшін төрт негізгі стратегиялық бағытты айқындадық. Аталған бағыттардың қатарында көлік-логистикалық инфрақұрылым да бар. Соларға тоқтала кетейін.
Кейінгі үш жылда машина жасау саласында 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың ең ірісі – KIA автокөлік зауыты. Мұнда 1500 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Осы зауыт толық қуаттылыққа шыққанда Қостанай облысы еліміздің машина жасау саласының орталығына айналады. Бүгінде республикадағы машина жасау өндірісінің 25 пайызы біздің өңірдің үлесіне тиесілі.

«KamLitKZ» кәсіпорны үш жобаны жүзеге асырды – 2024 жылы шойын құю зауытының құрылысы, 2025 жылы жүк автомобильдерінің жетекші көпірлерін өндіру, арқалықтар өндірісін жергіліктендіру. Нәтижесінде 1150 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Өңір экономикасының тағы бір маңызды саласы – қара металлургия. Бұған дейін темір рудасы негізінен шикізат күйінде экспортталып келді. Қазір Рудный қаласында ыстық брикеттелген темір өндіретін ірі металлургиялық зауыттың құрылысы қарастырылып жатыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға айрықша көңіл бөледі. Міндетіміз – ауыл шаруашылығы өнімінің шикізат өңдіру бағытынан терең өңдеуге көшу.
Осы мақсатта өңірде астықты терең өңдеуге арналған «Qostanai Grain Industry» жобасы жүзеге асырылып келеді. Оның жобалық қуаты жылына 415 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Сүт өнімін қайта өңдеу көлемдерін арттыру мақсатында өңірде 7 цифрландырылған заманауи сүт-тауар фермасы іске қосылды, биыл тағы 5 ферма салынып жатыр. Барлық жаңа 12 ферма жылына 77 мың тонна сүт өнімін өндіреді.
Болашақта өңірде өсірілетін және өндірілетін барлық өнім соңғы дайын өнімге дейін өңделіп, олардың қосылған құны арта түседі. Осылайша облыста заманауи, толық циклді агроөнеркәсіптік кешен қалыптасып отыр. Мұнда астық пен сүтті экспорттау орнына оларды өңдеу, буып-түю, логистикасын ұйымдастыру және дайын өнім ретінде экспорттау жолға қойылады.
Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы дамыған сайын жүк тасымалы көлемі де жыл сайын артып келеді. Әсіресе астық пен ұн экспортында теміржол инфрақұрылымына түсетін жүктеме жоғары.
Осы мәселені шешу үшін аймақта екі халықаралық көлік-логистикалық кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Оның бірі – Қостанай қаласында «Тобыл» халықаралық көлік-логистикалық кешенінің құрылысы. Жоба құны 63,8 млрд теңге, жылдық қуаттылығы 400 мың контейнер, 500 жұмыс орны құрылады.
Тағы бір ірі жоба Бейімбет Майлин ауданында қолға алынды. Жоба бойынша жемдік ұн өндіру, май зауытын іске қосу көзделген. Көкөніс қоймасы, силос паркі, 3 мың контейнерге арналған алаң, уақытша сақтау қоймасы, 3 теміржол кірме жол желісі, логистикалық орталық және кедендік бақылау аймағын салу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 10 млрд теңге.
– Президент 2025 жылғы халыққа Жолдауында Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкімет назарында болуы тиіс екенін атап өтті. 2026 жылы өңірдің оңтүстігіндегі тұрғындарды қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелдин аудандарының 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму жоспары бекітілді.
Жоспар жобасы жалпы сомасы 165,5 млрд теңгені құрайтын 10 бағыт бойынша 51 іс-шарадан тұрады. Президент елорда мен батыс аймақтар арасындағы қашықтықты 500 шақырымнан астам қысқартатын күре жолдың стратегиялық маңызын атап өтті.
Қостанай және Ақмола облыстары арқылы өтетін «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының Қостанай облысы аумағындағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Қызылордадан Қостанайға дейін жүретін жол 400 шақырымға қысқарды.
Аталған жол құрылыстары толық аяқталған кезде Арқалық қаласы орталық пен батысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын жеңіл және жүк көліктерінің дәлізіне айналады.
Негізгі жобалар: Арқалық қаласында әуежай салу; жол инфрақұрылымын дамыту; туристік нысандар салу; әлеуметтік мекемелерді жаңарту; ауыл шаруашылығы жобаларын іске асыру.
– Сіз үнемі азаматтардың құқықтарын қорғау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету маңыздылығына ерекше көңіл бөлесіз. Бүгінгі күні Қостанай облысындағы қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін және азаматтардың құқықтық санасының деңгейін қалай бағалайсыз?
– Жаңа Конституция жобасында «Әділетті Қазақстан» идеясы мен «Заң мен Тәртіп» қағидаты конституциялық деңгейде бекітіледі. Президент бастамасымен өңірде құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары күшейтіліп, құқық қорғау органдарының тиімділігі артты.
Кейінгі екі жылда ішкі істер саласына шамамен 35 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде кейінгі бес жылда қылмыс деңгейі 40%-ға төмендеп, қоғамдық орындардағы қылмыстар екі есеге азайды.
Қауіпсіздікті цифрландыру аясында Жедел басқару орталықтары дамып келеді. 2025 жылы осы жүйелер арқылы 63 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталып, 370-тен астам қылмыс ашылды. Бейнебақылау камераларының саны бес жылда 3,3 мыңнан 46,9 мыңға дейін артты.
Табиғатты қорғау қағидаты «Таза Қазақстан» бағдарламасымен үндесіп, өңірде абаттандыру, көгалдандыру және инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізіліп келеді.
Былтыр 108 көпқабатты үй жөнделіп, 80 саябақ пен сквер абаттандырылды, 144 мың ағаш отырғызылды, 164 балалар және спорт алаңы салынды.
Сонымен қатар жол инфрақұрылымына бөлінетін қаржы да артып келеді. Былтыр бұл салаға 103 млрд теңге бөлініп, 1 300 шақырым автожол, 400-ден астам көше және 81 кіреберіс жол жөнделді. Ауылдық жерлердегі аулалардың 80%-ы ауызсумен қамтамасыз етілді.
– Сөз соңында ел халқына, Қостанай аймағының жұртшылығына лебіз-тілегіңізді жеткізсеңіз.
– Өткен жыл еліміз үшін де, біздің аймақ үшін де табысты кезең болды. Жүйелі жұмыстар биыл да жалғаса бермек. Тобыл − Торғай өңірі ұлт зиялылары, қоғам қайраткерлері шыққан киелі мекен. Біз қай шаруаны да ақылмен, парасатпен шешіп келдік.
Елдің тұрақты дамуы, әлеуметтік-экономикалық өсімі, жаңа жетістіктерге жетуі – азаматтардың ортақ бірлігінде.
Сондықтан жерлестеріміз 15 наурыз күні Президентіміз бастамашы болған Республикалық референдумда өз таңдауын жасап, тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі үшін дауыс береді деген кәміл сенімдемін.
Әңгімелескен Нұрқанат ҚҰЛАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Қостанай облысы