Фото: chastnosti
Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында қаралды. Жиында өңдеу өнеркәсібінің бірқатар секторын дамытудың алдын ала нәтижелері талқыланды.
Осы жылдың алғашқы екі айында азық-түлік пен сусындар өндірісінде жоғары өсім байқалды. Мәселен, азық-түлік өндірісінің көлемі 665 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі (НКИ) 111,9% болды. Ал бірінші тоқсан қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 112% деңгейінде болады деген болжам бар.
Сусындар өндірісі де қарқынды дамып келеді. Қаңтар-ақпан айларында оның көлемі 175,4 млрд теңгеге жетті. Бұл ретте НКИ 104,2%, ал қаңтар-наурыз айларына арналған жоспар 110,3% деңгейінде белгіленген. Салыстыру үшін, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанда 1,2 трлн теңгеге сусын өндірілген.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, тамақ өнеркәсібі тұрақты даму серпінін көрсетіп отыр.
«Осы факторлардың қосымша үлесі шамамен 600 млрд теңгеге бағаланады. Бұл осы жылдың соңына қарай өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің үлесін 70%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», деді вице-министр.
2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9 трлн теңгені құрады. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 8,1% жоғары. Ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 4,7 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланған.
«Nauryz Sale»: Мереке қарсаңында азық-түліктер арзан бағада сатылады
Өсім негізінен егіс алқаптарын әртараптандыру, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін арттыру, ішкі нарықты қорғау және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі.
Шикізат базасының кеңеюі мен қайта өңдеу көлемінің артуы нәтижесінде күнбағыс майы өндірісі 890 мың тоннаға дейін көбейеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 100 млрд теңгеге артық өнім деген сөз.
Сонымен қатар жүгеріні қайта өңдейтін екі жаңа зауыт іске қосылады. Нәтижесінде 640 мың тонна шикізат өңделіп, крахмал өнімдері мен аминқышқылдарының өндірісі 205 мың тоннадан 260 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Бұл шамамен 55 млрд теңгенің қосымша өнімін шығаруға мүмкіндік береді.
Сүт саласында да өсім бар. Жоспар бойынша 2,4 млн тонна шикізат қайта өңделіп, шамамен 36 млрд теңгенің қосымша өнімі өндіріледі.
Саланың жүйе құраушы кәсіпорындары да өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Мәселен:
- «Саламат» ұн тарту кәсіпорны ұн өндірісін 232 мың тоннадан 257 мың тоннаға дейін арттырмақ (өсім – 11%);
- Qazaq Astyq Group өсімдік майы өндірісін 106 мың тоннадан 126 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр (өсім – 19%);
- «Масло-Дел» кәсіпорны өңделген сүт өндірісін 98,2 мың тоннадан 121 мың тоннаға дейін ұлғайтпақ (өсім – 23%);
- Жаркент крахмал-сірне зауыты крахмал мен сірне өндірісін 61,5 мың тоннадан 67,6 мың тоннаға дейін арттырады (өсім – 10%);
- «Coca-Cola Алматы Боттлерс» алкогольсіз сусын өндірісін 4,3 млрд литрден 6,7 млрд литрге дейін көбейтуді жоспарлап отыр (өсім – 55%).
Өндіріс көлемі «Кублей» ет өңдеу кәсіпорны мен «Айс» сүт компаниясында да артады.
Жалпы өңдеуші өнеркәсіптің бірқатар саласында биылғы екі айда нақты көлем индексінің жоғары өсімі тіркелді. Атап айтқанда:
- машина жасау – 115,5%;
- құрылыс материалдары өндірісі – 127,4%;
- металл бұйымдары – 131,4%;
- жеңіл өнеркәсіп – 156,4%;
- резеңке және пластмасса бұйымдары – 111,5%.
Сауда саласында да оң динамика байқалады. 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларының қорытындысында жалпы сауда айналымы 9,7 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,9 трлн теңгеге немесе 10,2% көп.
Көтерме саудада НКИ 103,8% болып, айналым 6,5 трлн теңгені құрады. Ал бөлшек саудада НКИ 102,6%, айналым 3,2 трлн теңге болды.
Азық-түлік бағасын негізсіз өсірген кәсіпкерлер жауапқа тартылды
Азық-түлік тауарларын сату көлемі 22% өсіп, шамамен 0,4 трлн теңгеге артты. Бұл бағытта Түркістан облысы (112,1%), Алматы облысы (110,9%), Атырау облысы (103,9%), Ақтөбе облысы (102,7%) және Шымкент қаласы (105,4%) жоғары өсім көрсетті.
Ал азық-түлік емес тауарлар саудасында Маңғыстау облысы (119,2%), Солтүстік Қазақстан (108,5%), Жетісу (108,1%), Шығыс Қазақстан (107,6%) және Түркістан облысы (106,0%) алдыңғы қатардан көрінді.
Жедел штаб отырысында «KazFoodProducts» компаниялар тобы мен «Компания Фудмастер-Трейд» ЖШС өкілдері де сөз сөйлеп, тамақ өнеркәсібіндегі инвестициялық жобаларды іске асыру мен өндірісті кеңейтудің өзекті мәселелерін көтерді.
Талқылау қорытындысында Серік Жұманғарин салалық министрліктерге өндірісті кеңейтуге және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын толық пайдалануға кедергі келтіретін мәселелерді жан-жақты пысықтауды тапсырды.