Сурет: gov.kz
Кездесу барысында Банк басшылығы мен қызметкерлері конституциялық өзгерістердің ел экономикасының тұрақтылығына, даму институттарына және ұзақмерзімді инвестициялық ахуалға ықпалын талқылады.
Жиында ҚДБ басқарма төрағасы Марат Елібаев стратегиялық инвестициялық жобалармен жұмыс істейтін қаржы институты үшін Негізгі заңды жаңарту аса маңызды кезең екенін атап өтті.
– «Қазақстанның Даму банкі» экономикалық өзгерістердің алдыңғы шебінде тұр. Инвестициялық тартымдылықты қалыптастыру құқықтық сенімділіксіз мүмкін емес. 15–20 жылға есептелген ірі жобалар тұрақты институттар мен меншік құқығын қорғауды талап етеді. Ал Президент айтып отырған экономиканы жаңғырту ең алдымен, нормативтік-құқықтық ортаны жаңартудан басталады. Жаңа Конституция мемлекеттік басқарудың жаңартылған негізін қалыптастырып, биліктің неғұрлым теңгерімді әрі есеп беретін моделіне көшуді бекітеді. Бұл қаржы жүйесінің тұрақтылығына, банк секторының орнықтылығына және халықаралық серіктестердің сенімін нығайтуға тікелей әсер етеді, – деді Марат Елібаев.
Кездесуде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, PhD, саясаттанушы Индира Рыстина еліміздегі конституциялық реформаны әзірлеу үдерісі мен жаңа Конституция жобасының дайындалуы туралы жан-жақты баяндады, сондай-ақ арнайы жұмыс комиссиясының қалай құрылғанын түсіндірді.
Бұдан кейін ҚДБ Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің директоры Қарлығаш Ахметжанова еліміздің қолданыстағы Конституциясына енгізілетін негізгі жаңалықтарды таныстырды.
Жиын қорытындысында қатысушылар жаңа Конституцияда айқындалған адам капиталын дамыту мен технологиялық жаңғыруға басымдық беру ашық әрі болжамды іскерлік ортаны қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ алдағы референдумда дауыс берудің маңызы, ел дамуына әрбір отандасымыздың азаматтық ұстанымы айрықша рөл атқаратыны айтылды.