Фото: Ашық дереккөзден
Ә дегенде-ақ елге тұтқа Әли Хаменеидей аятолласынан айырылып, АҚШ-тың әскери қысымы үздіксіз күшейіп, зымырандар үсті-үстіне төпелей түскенде Иран іс жүзінде жалғыз қалды. Оның бұрыннан келе жатқан серіктестері дипломатиялық айыптаулар мен аймақтың алдағы амандығына алаңдаушылық білдіруден басқа нақты қолдау көрсете алмады.
Сөйтіп, әскери арсеналы біраз қырдан асатын Иран АҚШ пен Израильдің шабуылдарына жауап ретінде қарсы шабуылға шығып, қақтығысты Таяу Шығыс шегінен шығарып жіберді. Тегеран АҚШ-пен серіктес Парсы шығанағы елдеріне бағыт түзеген зымырандары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын іске қосты. Көбіне мұнай кен орындары мен базаларын соққының астына алды. Оның салдары әлемдік энергетикалық нарықтарға әсер етіп, Вашингтоннан Бейжіңге дейінгі аралықтағы ресми астаналарды алаңдатып қойды. Сондай-ақ Ормуз бұғазы арқылы өтетін теңіз жолын одан сайын тарылтып, кемелер кептелісін жасады. Бұл жай ғана кептеліс емес, әлемдік экономиканы тұсаулап тастаған стратегиялық соққы болды.
Осылайша, ақпанның соңғы күнінде Иранға қарсы ашылған әскери операциядан бөлек, Ормуз бұғазына қарап қалған «мұнай дағдарысы» да өз алдына үлкен бір геосаяси мәселеге айналып шыға келді. Парсы шығанағын-дағы шырғалаңның алдағы аяқ алысы неліктен осы бұғазға байланып қалды? Тар өткел болса да теңіздегі әлеуетті транзиттік бағытқа айналған бұл дәліздің әлемдік экономикадағы орнына аздап шолу жасап көрелік.
Осыған дейін Ормуз бұғазынан күніне 20 миллион баррель мұнай өтетін. Бұл әлемдік тұтынудың шамамен 20 пайызын құрайды. Ал АҚШ пен бірқатар Еуропа елінің ірі компаниялары инвестиция құйып отырған Парсы шығанағы елдері (араб елдері) мұнайының басым бөлігі экспортқа осы жол арқылы шығады. Орташа есеппен алсақ, Сауд Арабиясы шамамен 80-90, Ирак – 95, Кувейт – 100, Қатар – 100, БАӘ 80–85 пайыз көмірсу шикізатын сыртқа Ормуздағы теңіз дәлізімен алып өтеді. Сондықтан Иран иелігіндегі Ормуз бұғазы жабылса, оның салдары әлемдік энергетикалық дағдарысқа әкелуі мүмкін. Парсы шығанағында бұл тығырықтан айналып өтер балама жолдар болғанымен, олардың шамасы шектеулі. Көбіне құрлықтағы құбырлар арқылы тасымалданады.
Қысқасы, Парсы шығанағы елдерінің бұғазға балама болып отырған барлық бағыттағы құбырларының жиынтық қуаты Ормуз арқылы өтетін мұнайдың тек 10-15%-ын ғана алмастыра алады. Яғни Ормуз жабылса, күніне шамамен 17 млн баррель мұнай айналымнан жоғалады. Мұндай сценарийден әлемдік нарықтың өте үлкен зардап шегетіні айтпаса да түсінікті. Осы артықшылығымен-ақ Ормуз әлемдегі ең маңызды энергетикалық стратегиялық нүктелердің бірі болып отыр.
Сондай-ақ Жер бетіндегі іргелі экономикалық көшбасшылардың бірегейі Қытай елі Иран мұнайының ең ірі сатып алушысы екенін ескерсек, Шығыстағы алып көршіміз көмірсутегіден тарықса, мұның арты не боларын болжау аса қиын емес. Қытай өндіретін тұрмыстық тұтыну тауарларының ғаламдық тапшылығы пайда болса, оның арты қымбатшылыққа ұрынатыны анық. Тіпті қазірдің өзінде әлемдік инфляцияның шеті көрінді. Себебі әлем ақшасы саналатын АҚШ доллары валюталық құнын жоғалта бастады.
Осыдан апта уақыт бұрын Иранның Ормуздан өткен кез келген кемені атамыз деген мәлімдемесіне Қытайдың селк ете қалғаны тегін емес. Қытай үкіметі жақында Таяу Шығысқа әскер емес, арнайы елші жіберді. Ондағы мақсат – Парсы шығанағындағы шиеленісті бәсеңдетуге көмектесу, әскери қақтығыстың кеңеюіне жол бермеу, тараптарды дипломатиялық қадамға бастау.
Арнайы миссиямен маңызды сапарға шыққан Қытай үкіметінің Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Чжай Цзюнь шығанақта үш күн жүрді, біраз араб елдері басшыларымен кездесті. Міне, осыдан-ақ Қытай билігінің шиеленістің ушығуына байланысты алаңдаушылық танытып, арағайындық әрекеттерін күшейтіп жатқанын аңғаруға болады. Әлемдік мұнай сарапшылары Қытай аймақтағы энергия жеткізілімін қорғауға мүдделі екенін айтады.
Бұл қыспақтан шығудың тағы бір жолы ретінде АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі әлемдік энергия бағасының өсуін тежеу үшін Ресей мұнайына қарсы санкцияларды одан әрі жұмсарту мүмкіндігін қарастырып жатыр. Осы мәселені пысықтағысы келді ме екен, Дональд Трамп жуырда Ресей президенті Владимир Путинге телефон соқты.
Ал бұғаздың бұғатталуынан Еуропа елдерінде жанармай қымбаттады. Әлемдік мұнай сапаршылары егер Ормуз бұғазы төрт-бес апта ғана жабылса мұнай бағасы барреліне 150 долларға дейін баратынын болжады. Мұның арты жаһанда үлкен энергетикалық хаос тудыруы әбден мүмкін. Сол себепті еуропалық елдер де алаңдай бастады. Жуырда «Reuters» агенттігі Францияның Таяу Шығыстағы одақтастарын қолдау мақсатында шамамен онға жуық әскери-теңіз кемесін, соның ішінде ұшақ тасығыш кемелер тобын Жерорта теңізіне, Қызыл теңізге, қажет болған жағдайда Ормуз бұғазына жіберуі мүмкін екенін жазды. Ал бұл мәлімдемені Макронның өзі Кипрге барған сапарында айтқан.
Өзімізге келсек, жуырда Ұлттық банк осы жылғы мұнай бағасының болжамын Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты көтерді. Бұл туралы ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменов айтты. Оның айтуынша, мұнайдың әлемдік нарығындағы жағдай бұлыңғыр болып отыр. Бұл ретте ол Таяу Шығыста ахуалдың ушығуына байланысты мұнай бағасының биылғы бірінші жартыжылдықта артуы уақытша құбылыс екенін атап өтті. ҰБ төрағасы жыл ішінде мұнай бағасының біртіндеп төмендейтінін, әлемдік сұраныс пен ұсыныстың теңгеріліміне қарай бір барреліне 60 доллар шамасында болатынын да жоққа шығармады.
Жалпы, Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың күрделенуі, мұнай бағасының шарықтауы еліміздің бюджетіне, экономикасына тиімді. Қара алтын қымбаттаған сайын, қазына да қарық болады, Ұлттық қордың қоржыны да қампая түседі. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, мұнай бағасы берреліне 100 доллардан асса, республикалық бюджетке қосымша 20 млрд доллар, ал 120 долларға қымбаттаса, қосымша 37 млрд доллар түседі.
Бірақ мұнай бағасының бұлай қымбаттауының елімізге тигізер тиімсіз тұсын да жоққа шығармауымыз керек. Бағаның тым жоғары болуы жаһандық экономикаға кері әсер етуі мүмкін екенін жоғарыда айттық. Сөйтіп, ірі экономикалық ойыншылар – АҚШ, Қытай, Еуропалық одақ энергия бағасының қымбаттауынан зардап шегеді, өндіріс шығындары өседі, мұнайға деген әлемдік сұраныс төмендеуі мүмкін. Бұл жағдайда Қазақстан мұнайының экспорты да қысқаруы әбден ықтимал. Ал бюджеттің мұнайға тәуелділігі жағдайында баға ұзақ уақыт жоғары болса, еліміздегі экономиканы әртараптандыру баяулап, шикізатқа тәуелділік күшеюі бек мүмкін.
Бүгінде бұғаз маңындағы дау сәл бәсеңсіп тұр. 9 наурызда қара алтынның құны барреліне 120 долларға дейін көтерілген еді. Осылайша, 2022 жылдың маусым айынан бергі мұнай құны рекордтық көрсеткішке жетті. Десек те Brent маркілі мұнайдың қазіргі құны 96–97 доллар арасында тұр. Ал Халықаралық энергетика агенттігіне мүше 32 ел мұнай бағасын тұрақтандыру үшін стратегиялық қор ашатын болды.
Қысқасы, мұнай бағасының өсуі біршама жан-жақты келіссөздерден кейін аздап тұрақтады. Дегенмен Иран өз позициясынан айни қойған жоқ. Батыс басынуын қоймаса кез келген сәтте кемелерді соққыға алудан танбай тұр.