Шаруашылық • Бүгін, 08:17

Ауыл шаруашылығы кооперациясы: Оларды ынталандыру тәсілі қандай?

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде экономикалық серпіліс жасап, ұлттық экономикамыздың тұрақты өсімін 6–7 пайызға жеткізу, 2029 жылға қарай өндіріс көлемін екі есеге ұлғайту міндеті қойылып отыр. Бұл ретте жетекші саланың бірі агроөнеркәсіп кешенінде әлі де толық пайдаланылмаған резерв аз емес. Соның ішінде, негізінен, мал өсірумен айналысатын жеке қосалқы шаруашылықтардың мүмкіндігі мол.

Ауыл шаруашылығы кооперациясы: Оларды ынталандыру тәсілі қандай?

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне қарағанда, былтыр республикамызда төрт түлік саны біршама өскен. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, дара кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар-дағы ірі қара саны 4 млн-нан асқан.  

Сарапшылардың пікірінше, елімізде ауыл шаруашылығы кооперациясы қалыптасу кезеңін бастан өткеріп  жатыр. Бұған 2015 жылы қабылданған «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң жол ашты. Өткен  ғасырдың 90-жылдары құрылған өндірістік кооперативтердің көпшілігі тарап, олардың орнын өнімді өңдеумен және өткізумен айналысатын, заманауи қызмет көрсететін кооперативтер басып келеді. Алайда барлық ауыл шаруашылығы өнімінің 40 пайыздан астамын өндіретін жеке қосалқы шаруашылықтардың көпшілігі коо­перативтерге біріккен жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, өңірлерде 4,5 мыңға жуық өндірістік кооператив тіркелген. Олардың 1,7 мыңы – мал шаруашылығында, 400-ден астамы – егіншілікте, 2,3 мыңы – басқа салаларда. Кооперативтердің көпшілігі елдің оңтүстік аймақтарында құрылған. Себебі оларда ауыл тұрғындары мен шағын фермерлердің қатары қалың.

Кооперативтерге қатысушылар саны – 35,6 мың, оның 18,6 мыңы – жеке қосалқы шаруашылықтар. Өткен жылғы Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының қорытындысында елімізде 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылық барын ескерсек, олардың небәрі 1,2 пайызға жуығы ғана кооперативтерге біріккен болып отыр. Еуропаның дамыған елдерінде бұл көрсеткіш 80 пайызға жеткен. 2024 жылы ауылдағы осы бірлестіктер 83 млрд теңгенің өнімін өндірген. Бұл – ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемінің шамамен 10 пайызы ғана. Еуропалық одақта кооперативтер азық-түліктің – 60 пайызына дейін, АҚШ-та сүттің – 72 пайызын, қанттың – 53 пайызын, көкөніс пен жемістің 25 пайызын өндіреді. Жапонияда кооперативтер барлық ауылшаруашылық өнімінің шамамен 90 пайызын өңдеп, сатады.                 

Елімізде ауыл шаруашылығындағы кооперацияны ынталандыру үшін бірқатар шара белгіленген. Мәселен,  ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қажет техникалар мен жабдықтардың жекелеген түрлерінің құнын жергілікті бюджет есебінен 50 пайызға дейін  субсидиялау көзделген. Жеке қосал­қы шаруашылықтардан ғана құрыл­ған кооперативтерге етті, сүтті  асыл­тұқымды бұқаны, ірі қараның асылтұқымды аналық басын сатып алуды  субсидиялау кезінде есептік нөмірдің және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің болуы сияқты өлшемшарттар қолданылмайды. Жаңа Салық кодексінде ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 70 пайыздық жеңілдік қарастырылған бұрынғы арнайы салық режімі сақталды.

2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Ауыл аманаты»  жобасы аясында ауыл шаруашылығы кооперативтеріне ба­­сым қолдау көрсетіледі. Осы жоба бойынша оларға жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 8 мың айлық есеп­тік көрсеткішке дейінгі сомада жеңілдік­пен несие беру көзделген. Нәти­­жесін­­де, 400-ден астам кооператив құрыл­ған. 2024 жылы жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша заңна­­маға енгізілген өзгерістерге сәйкес уақытша өтеулі жер пайдала­ну құқығын беру кезінде ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қосымша конкурстық балл беріледі. Кооперативтер мен олардың мүше­лері үшін коммуналдық базарларда жеңілдікті шарттармен сауда орындары ұсынылады. Сондай-ақ олар басқа ауыл шаруашылығы тауар өндіру­шілермен тең дәрежеде мем­лекеттік қолдаудың барлық түріне қол жеткізе алады.

Ауыл шаруашылығы коопера­тивтерінің басты мақсаты – шағын шаруашылықтардың өнімдерін сатуға, қасапханаларды, қоймаларды және сүт қабылдау пункттерін пайдалануға көмектесу, оларды тұқыммен, жеммен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету және агротехникалық немесе ветеринарлық қызмет көрсету. Бірлескен ірі өндіріс құру үшін шаруалар жерді, техниканы және өзге де ресурстарын кооперативке уақытша пайдалануға үлестік жарна ретінде береді. Ең бастысы, олар техника мен жемді арзанырақ бағаға сатып ала алады, өз өнімдерін өткізуді жеңілдетіп, сатып алушыларды таба алады. Нәтижесінде, шағын шаруашылықтар нығайып, өндірісі мен кірісін арттырады. Кооперативтер шаруалардың алыпсатарларға тәуелді болмай, нарыққа өздері шығуына көмектеседі. Ауылдағы жұмыс орындарын көбейтіп, адамдардың табыс табуына да септігін тигізеді. Түптеп келгенде, кооперативтер дұрыс жұмыс істесе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттырып, сапасын жақсартады және елді азық-түлікпен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.

Кооперацияның тиімділігін және мемлекеттік қолдаудың нәтижелілігін қамтамасыз етіп отырған табысты коо­перативтер бар. Мысалы, Жамбыл облы­­сының Жуалы ауданындағы Қайрат және Диқан ауылдарының 85 тұрғынын біріктіріп, майлы және дәнді дақылдарды өндіруге мамандан­дырылған «Жуалы – 2020» кооперативі сияқты озық бірлестіктердің  тәжірибесі кеңінен таратуға тұрарлықтай.

Шынтуайтында, жеке қосалқы шаруашы­­лықтардың иелері коопе­ратив­тердің артықшылығын біле бер­­мейді және басқарудың осындай ұжымдық түріне сенімсіздік білдіріп отыр. Өйткені өткен ғасырдың жиырмасын­шы-отызыншы жылдарында күштеп жүргізілген ұжымдастыру кезінде айтылған «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген нақылды құп көретіндер әлі де аз емес. Қазір ауылдардағы жауапкершілігі шектеулі серіктестік­тер директорларының бірталайы долларлық миллионерлерге айналғаны­­мен, серіктестікке қатысу­­шыларға жартымды пай,  жұмысшыларға жөнді жалақы төле­мейтіндігі де ойландырмай қой­майды. Сондықтан да ауыл шаруа­шылығы кооперативтерінің қатарын көбейту үшін жеке қосалқы шаруашылықтардың иелері арасында түсіндіру жұмысын күшейту қажет.

Соңғы жаңалықтар

Ақылға бірлік

Пікір • Бүгін, 09:00

Би мен музыканың үйлесімі

Өнер • Бүгін, 08:35

Жаңартылған саяси бағыт

Ата заң • Бүгін, 08:33