Құнанбай көшесінде орналасқан 14 қабатты «Абай елі» заманауи тұрғын үй кешенінде өткен салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли мен «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қатысты. Кешеннің бір ерекшелігі – мұндағы үйлерге Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлы тұлғалардың есімі берілген. Аймақ басшысы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басымдығы екенін атап өтті.
«Жыл басынан бері баспанамен қамту жұмысы жүйелі жалғасып келеді. Ақпанда Ұшақтар кентінде 26 отбасына кілт табыс- талса, бүгін көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топтар мен жетім балалар санатындағы тағы 50 отбасы қуанышқа кенеліп отыр. Жыл соңына дейін барлығы 327 семейлік баспаналы болады», деді Б.Уәли.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Л.Ибрагимова өңірдегі тұрғын үй жинақ жүйесіне сұраныс артқанын, қазір облыстық филиалда 80 мыңнан астам салымшы бар екенін жеткізді.
Сарапшылардың пікірінше, тұрғын үй мәселесін шешу өңірдің демографиялық, экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылдың қорытындысы бо-йынша елімізде бір тұрғынға шаққандағы тұрғын үй қоры 24 шаршы метрден асқан. Мемлекет бұл көрсеткішті арттыру мақсатында әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту бағдарламаларын кеңейтіп отыр. Сол тұрғыда Абай облысында да бірқатар ауқымды іс атқарылып жатыр. Былтыр Семейдің Қарағайлы шағын ауданында жалпы аумағы 27 мың шаршы метр болатын бес тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы екі тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр. Биыл әлеуметтік осал топтарға 360 жалдамалы пәтер сатып алынып, «Отбасы банк» арқылы беріледі. «Абай жастары» бағдарламасы аясында 40 пәтер жас мамандарға ұсынылады.
Тұрғын үймен қамту жұмысы тек облыс орталығында ғана емес, басқа қалаларда да жалғасып жатыр. Мәселен, өткен айда Курчатов қаласында 22 отбасы баспаналы болды. Алдағы уақытта тағы 14 пәтерді беру жоспарланған. Жеке инвестордың қаржысы есебінен Мектеп көшесінде орналасқан 36 пәтерлі төрт қабатты тұрғын үй қайта қалпына келтірілді. Оның ішінде 8 бір бөлмелі, 16 екі бөлмелі, 12 үш бөлмелі пәтер бар.
Тұрғын үй мәселесі бір күнде шешілетін шаруа емес. Дегенмен жаңа қонысқа кірген әр отбасының шаттығы бұл бағыттағы жұмыстың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін айғақтай түседі.
Абай облысы