27 Наурыз, 2015

Теңіз жағасындағы кәсіпорын

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
205Каспий теңізіндегі өндірістік операцияларды жүзеге асыру оңай іс емес. Ондағы күрделі жұмыстың керек-жарағын жаға­лаудан тасымалдап дер кезінде жеткізіп беру, вахталық ауысымдарды қамтамасыз ету өз алдына, өндіріс жұмысына қажетті ерітінділерді дайындап жеткізу де айрықша маңызға ие. Қазір теңізбен жапсарлас орналасқан Түпқараған ауданының орталы­ғы Кетік қаласының, оның маңын­дағы үлкенді-кішілі ауыл­дардың жанын бойлай, теңіз жағалай орналасқан түрлі мекемелер – отандығы бар, шетелдігі бар кәсіпорындар мен компаниялардың негізгі қызметі осы, яғни теңіздегі операцияларды жағалаудан қолдау болып табылады. Солардың бірі – облыс ор­та­лығы Ақтау қаласынан 132 шақырым қашықтықта, яғ­ни Түпқараған ауданында орналасқан «Қаз Эм-Ай» («Эм-Ай Дриллинг») кәсіпорны. Қазақстанның үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жү­зеге асыру барысында 2010 жылы аймақтық индустрияландыру картасына еніп, бір жылдан соң тұсауы кесілген құны 2250 млн. теңге тұратын жоба қазір арада бес жыл өткенде өз жұмысын үйіріп әкеткен іргелі мекемеге айналды. Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін бұрғылау ерітінділерін дайындаумен айналысатын зауытта қазір 30-ға тарта адам жұмысқа тартылған. 9 мың шаршы метр­ден астам аумақта ерітіндіні дайындау қондырғысы, оны уақытша сақтау қоймасы сынды өндіріс жұмысына қажетті ғимарат-жабдықтар орналасқан және аймақ қажетті орындармен асфальт жолдармен байланысқан. Минерал және су түрінде өндірістік қажеттілікке жаратылатын ерітіндінің жылына 84 мың тоннасын дайындауды жоспарлаған кәсіпорын 2013 жылы жобалық қуатының тек 23 пайызын ғана игере алды. Теңіздегі жұмыстар қарқын алған сәтте аталмыш кәсіпорынның жұмыс қуаты да еселене түспек. Өнімдеріне «Agip KCO» және «Жамбыл Петролеум» ЖШС тапсырыс түсіретін кәсіпорынның өнімі – өндіріс, бұрғылау сала­сындағы жұмыстар барысында кең қолданыла бермек. Әзірге жобалық қуатына толық енбегенмен, отандық өнім өндіру­шілер қатарынан табылған кәсіпорынның жұмыс көкжиегі кеңейе түседі деген сенім бар. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.