- Таиланд астанасы — Бангкокте бокс-тан 19 жасқа дейінгі ерлер мен қыздар арасында халықаралық турнир өтіп жатыр. Futures Cup додасы бел ортасынан ауып, жекпе-жектер қыза түсті. Ерлер арасында Арман Мірсәбит грузин Шалва Белидзені 2-раундта техникалық нокаутпен жеңіп, келесі кезеңге өтті. Қыздар арасында Жасмин Абрамян (60 кг) Польша боксшысы Мария Горзеланнаны 4:1 есебімен еңсерді. Өкінішке қарай, 51 кг салмақта сынға түскен Айым Таңқыбаева өзбекстандық Назокат Мардоноваға есе жіберді. Марал Төлепберген (54 кг) үндістандық Джойшири Деви Широмның қарымына төтеп бере алмай, 3-раундта жекпе-жек тоқтатылды. Асылай Мұрат (48 кг) өзбекстандық Мафтуна Мусурмоноваға қарсы жекпе-жегінде жарыстан шеттетілді. Өзге қыз-жігіттер турнирдегі жекпе-жектерін жалғастыруда. Дүбірлі дода 15 наурызда мәресіне жетеді.
- Түркияның Анталья қаласында спорттық гимнастикадан әлем кубогінің кезеңі басталды. Еліміздің намысын алты спортшы қорғайды. Атап айтқанда, Париж жазғы Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов, Зейнолла Ыдырысов, Роман Маменов, Нұртан Ыдырысов, Дәмелі Мұқышева, Амина Халимарден додаға түседі.
- Астанада семсерлесуден әлем кубогінің кезеңі өтеді. Ел спортының тарихында тұңғыш рет семсерлесудің шпага сайысынан жаһандық дода 26–29 наурыз аралығында QAZAQSTAN жеңіл атлетика спорт кешенінде түңлігін түреді. Жарысқа 96 елден 600-ден астам спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Турнирде жүлделер ерлер, әйелдер арасында, сондай-ақ командалық са-йыста сарапқа салынады. Бұл бәсеке – Халықаралық семсерлесу федерациясы (FIE) күнтізбесіне енген беделді доданың бірі. Әлем кубогінің кезеңдерін әрдайым Швейцария, Германия, БАӘ, Канада елдері жоғары деңгейде өткізіп жүр. Биыл доданы қабылдау құрметі елордаға бұйырды. Халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) әлем кубогінің бір кезеңін Астанада өткізу туралы шешімі көп жайтты аңғартады. Бұған дейін Орталық Азия елдерінде семсерлесуден әлем кубогі турнирлері өткен емес. Жарыс барысында ұлттық құрама сапында Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов сынды саңлақтар сайысқа түседі.