Саясат • Бүгін, 08:02

Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау маңызды

0 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше бочча спортынан еліміздегі алғашқы жаттықтырушы Сұл­танбек Орынба­саров­ты еске алуға арналған ашық республикалық турнир мәресіне жетті. Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі Астанадағы жаңа Инклюзивті спорт орталығында өтті.

Ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау маңызды

Іс-шараға Парламент Сенаты­ның төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев қатысты. Дәстүрлі спорттық жарыс аясында алғаш рет өнер жұлдыздары мен белгілі тұлғалардың қаты­суы­мен арнайы турнир де ұйым­дастырылды.

Мәулен Әшімбаев пара­­спорт­шыларға ілтипат біл­діріп, алғашқы жаттықтыру­шы Сұлтанбек Орынбасаров­тың елімізде паралимпиадалық боччаның қалыптасуына қосқан үлесіне тоқталды. Сұлтанбек Орынбасаров мүмкіндігі шек­теулі жастардың әлеуетіне сеніп, оларға үлкен спортқа жол ашып берген еді. Қазақстан бочча федерациясының Президенті инклюзивті қоғам құру бағы­тындағы жұмысты одан әрі жалғастырудың маңызына назар аударып, бұл мәселеге Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баса мән беріп отыр­ғанын айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спортты дамытуға әр­дайым ерекше көңіл бөліп, оның қоғам үшін мәні жоғары екенін үнемі айтып келеді. Әр азаматқа тең мүмкіндік беретін қоғам құрудың маңызы да Мемле­кет басшысының басты назарында. Бұл қағида жаңа Конститу­ция жобасында да ерекше мән­ге ие. Бүгінде Президент қолдауының арқасында Қазақстанда параспорт қар­қынды дамып, ерік-жігер мен өз мүмкіндігіне деген сенімнің символына айналып отыр. Сондықтан ерекше қажеттілігі бар спортшыларға тиісті жағдай жасалып, бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғаса береді», деді Сенат төрағасы.

Сондай-ақ Федерация Президенті бүгінде Қазақстанда бочча спорты қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Өңірлерде жаңа филиалдардың ашылуы және ата-аналар мен спортшылар қызығушылығының артуы аталған спорт түрінің қоғамдағы маңызын айшық­тай түседі. Мәулен Әшімбаев боччаның дамуы мен паралимпиадашылар шеберлігінің өсуі спорттың біріктіруші күш екенін және инклюзивті қоғам идеясының өміршеңдігін көрсететінін атап өтті.

Биыл боччадан ашық республикалық турнир аясында алғаш рет өнер және медиа саласының белгілі өкіл­дері қатысқан инклюзивті «Жұл­дыздар турнирі» ұйымдас­тырылғанын айта кеткен жөн.

«Жыл сайын бочча жарысына қатысушылар саны артып келе жатқанын қуана атап өткім келеді. Биылғы турнирге еліміздің 13 өңірінен келген 120-ға жуық параспортшы қатысты. Бұл боччаның Қазақстан спортында өзіндік орны бар екенін көрсетеді. Бүгінгі турнирге дарынды параспортшылармен бірге белгілі азаматтардың да қатысуы – соған дәлел. Өнер жұлдыздары мен медиа саласының өкілдері алаң­ға шығып, боччаның әркімге қолжетімді спорт екенін көрсетіп берді. Осы жерге келуіміз­дегі басты мақсат – ерекше қажетті­лігі бар спортшыларға қолдау көрсету. Бұл турнир асқақ рухты, өзара қолдауды және бірлікті дәріптейтін нағыз мерекеге айналды», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат төр­ағасы 19 наурыз күні «Ерекше» атты фильм қалың көрерменге жол тартатынын хабарлады. Ол адамның табандылығы мен мүмкіндіктері туралы оқиғалар баяндалатын туынды қоғамда паралимпиадалық спорттың маңызын насихаттауға оң ықпал ететініне сенім білдірді.

«Жуырда, 19 наурыз күні, еліміздің барлық кинотеатрында бочча спортына арналған «Ерекше» фильмінің премьерасы өтеді. Бұл – берік рух пен адамгершілік туралы әсерлі оқиға. Фильм көрерменді жігерлендіріп, қоғамның пара­лимпиадалық спорт әлеміне жаңа көзқараспен қарауына жол ашады деп сенеміз. Осы орайда параспортшыларға және осындай маңызды әлеуметтік бастамаларға қолдау көрсеткені үшін «Kinopark» кинотеатр­лар желісінің басшысы Алмаз Малдыбаевқа алғыс білдіреміз», деді Сенат төрағасы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бочча спорт­тық ойын ғана емес. Ол – ең алдымен, мүге­дектігі бар балалар мен ере­сек­тердің оңалуына және қоғам­ға бейімделуіне мүмкіндік бере­тін маңызды тетік. Тұрақты жатты­ғулар спортшылардың физи­калық дайындығын арттырып, қимыл-қозғалыс дағдылары мен логикалық ойлау қабілетін дамытады. Бүгінде бочча мүгедектігі бар балалар мен ересектер арасында кең таралған әрі қолжетімді паралимпиадалық спорт түрінің біріне айналып отыр.

Биылғы турнир бағдар­ламасына жеке жарыстармен қатар командалық және жұптық бәсекелер де енгізілді.

Турнир қорытындысында командалық жарыста бірінші орынды Астана қаласының құрамасы (Итиана Шингисханова, Ерхат Алмат, Меруерт Тілебалды) иеленді. Екінші орын Павлодар облысынан келген командаға (Виктор Кожевников, Ульяна Куликова, Александр Курмантаев) бұйыр­са, үшінші орынға Алматы қаласының спортшылары (Али­на Карамышева, Георгий Павленко, Эльдар Гребнев) табан тіреді.

ВС3 санатындағы жұптық жарыста бірінші орынды Жамбыл облысы мен Астана қала­сының атлеттері (Дилафруз Мах­маддулоева, Темірлан Алтынсары) жеңіп алды. Екінші орыннан Алматы қаласының жұбы (Мирон Спириков, Айсұл­тан Мұхан) көрінсе, үздік үштік­ті Жамбыл және Алматы облыс­тарының спортшылары (Андрей Агапов, Назгүл Исакова) түйіндеді.

Сондай-ақ ВС4 санатындағы жұптық жарыста Алматы қала­сы­ның спортшылары (Эльмира Мусралиева, Азамат Аязбаев) жеңімпаз атанды. Екінші орын Жамбыл және Маңғыс­тау облыстарының жұбына (Әйгерім Тынысбаева, Тәттімбет Теңелгенов) бұйырды.

Айта кетейік, ашық респуб­ликалық турнир 2–6 наурыз аралығында Астанадағы Инклюзивті спорт орталығында өтті. Іс-шараға Қазақстанның 13 өңірінен келген 119 спортшы қатысты. Олардың қатарында Астана, Алматы, Шымкент қала­ларының, сондай-ақ Қоста­най, Жамбыл, Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды, Маңғыстау, Ұлытау, Жетісу және Абай облыс­тарының өкілдері бар.

Жарыс Қазақстан бочча федера­циясының бастамасымен, Астана қаласы әкімдігінің және серіктестер мен демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты елімізде паралимпиадалық қозғалысты дамыту, мүгедектігі бар азаматтардың спортпен айналысу мүмкіндігін кеңейту және инклюзивті қоғам қағидаттарын ілгерілету екенін атап өткен жөн. 

Соңғы жаңалықтар