Пікір • Бүгін, 09:50

«Альфа» да анадан туады

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ана – өмірдің өзегі, шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін құ­дірет иесінің құзырындағы ең ұлы парыз – ұрпақ өрбіту мен өсіру. Яғни баланы өмір­ге әкелу бар да, оны өсіру, адам қатарына қосу бар. Жауапкершілігі зор, жүгі ауыр
бұл міндет қай заманда да оңай соқпаған.

Бүгінде жаһандық демография сахнасына альфа ұрпақ, дәлірек айтсақ, 2010 жылдан кейін дүниеге келген, қолына «смартфон ұстап туған» буын шықты. Бұл буынның феноменін өз­дерінің емес, оларды тәрбиелеп отырған ана­лардың тұрғысынан қарастыру әлдеқайда маңыз­ды. Ал альфалардың анасы кім, олар қан­­дай трансформацияларды бастан кешіп жатыр?

Осы сауал төңірегінде ойымызды тарқатар­да буындар классификациясына аз-кем аялда­ғанымыз жөн болар. Америкалық қоғам­танушылар Уильям Штраус пен Нил Хоув негізін қалаған буындар теориясына сүйенсек, 1984–2000 жылдар аралығында туған ұрпақ Ү буыны, кейде миллениалдар деп аталады. Қазіргі балалардың, яғни альфалардың ата-аналары – көбіне дәл осы буынның санатынан. Миллениалдар – жаһандық ауқымда қарастырғанда ескі жүйе мен жаңа технологиялық дәуірдің тоғысқан тұсында тұрған «көпір» буын. Бұл буын кеңестік кезеңнің сарқыншағын сезініп үлгерген және тәуелсіздік жылдарындағы өзгерістермен қатар есейген аралық ұрпақ саналады.

Осынау өтпелі кезеңде өмірге келгендер алдыңғы толқын аға буыннан өзінше ерек­шеленді. Бұл өзгешелік әсіресе қыз-келін­шектердің мінез-құлқынан қатты байқалады. Өйткені айналамыздан, әлеуметтік желілерден әйелдердің психологтерге, коучтарға өте жиі жүгінетінін, терең ізденетінін, мұның әсері отбасынан, тіпті қоғамнан сезіліп жатқанын көріп-біліп жүрміз. Психолог мамандар бұл үрдісті, яғни әйелдердің өзін тануға, дамытуға деген талпынысын «сананың серпілісі» деп ба­ға­лайды. Мұның бірнеше іргелі себебі бар екен.

Трансгенерациялық жарақаттармен жұмыс: Миллениал әйелдер өздерінің ғана емес, аналары мен әжелерінен қалған «үнсіз қалу», «шыдау», «өзіңді құрбан ету» сияқты мінез-құлық үлгілерін талдай бастады. Олар ата-анасы айта алмаған сөзді айтуға, шеше алмаған түйінді шешуге талпынады.

Перфекционизм мен «Сәттілік синдромы»: Әлеуметтік желілер ұсынған «мінсіз өмір» бейнесі әйелдерге ауыр психологиялық қысым түсірді. Психологке жүгіну – осы жалған мінсіздіктен арылып, өз болмысын қабылдаудың жолына айналды.

Шекара қою мәдениеті: қазақ қоғамындағы «келін», «ана», «жар» рөлдерінің арасында өз тұлғалық кеңістігін жоғалтып алмау – осы буынның басты мақсаты. Психологпен жұмыс істеу арқылы олар «жоқ» деп айтуды, өз қажеттіліктерін бірінші орынға қоюды үйреніп жатыр.

Әрине, бастапқыда осынау үрдістің теріс салдары болды. Жас отбасылардың арасында кикілжің, түсінбеушілік көбейді, соңы ажырасуға дейін ұласты. Бірақ келе-келе ер-азаматтар тарапынан отбасын сақтап қалуға, жарының жанына жалау болуға, түсінісуге тырысу ниеті де күшейе түсті. Жалпы, осы жағдайдан отбасылық құндылықтардың үл­кен сынақтан өтіп жатқанын аңғарамыз. Ал бетбұрыстың қоғамдағы оң көрінісі ретінде зорлық-зомбылыққа жол бермейтін, отбасы институтын күшейтетін көптеген заңи тетіктің іске қосылуын айтуға болады. Қазір әйелдерге деген құрмет, қамқорлық жаңа деңгейге көтерілді.

Міне, әйелдердің осы «жеңісі», ұмтылыс­тары, ізденістері, түптеп келгенде, жаңа буын – альфа ұрпақты тәрбиелеуге дайындық іспетті. Бұрынғыларға ана болу дәстүр мен инс­тинк­ке сүйенген «табиғи міндет» болса, бүгінгі аналар үшін – үлкен жауапкершілігі бар интеллектуалды жоба. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, миллениал аналардың 80%-ы бала тәрбиесінде цифрлық технологияларды белсенді қолданады, бірақ сонымен қатар алапат ақпараттық қысымды да сезінеді. Қазіргінің анасы ошақ қасындағы адам ғана емес, ол менеджер: баласының жүріп-тұруын, үйірмелерін, тамақтану рационын – бәрін қосымшалар арқылы үйлестіреді; ол психолог: тәлім-тәрбиені нейропсихология мен эмоционалды интеллект теорияларымен ұштастырады, ол сүзгі: интернеттегі орасан ақпарат тасқынынан баласына пайдалысын іріктеп береді. Яғни альфа анасы – ертегілерді смартфоннан оқытатын, бірақ сол арқылы ұлттық құндылықтарды сіңіруге ұмтылатын реформатор, дәстүр мен инновацияның көпірі.

Альфа – грек алфавитінің алғашқы әрпі. Осылай аталған ұрпақты ғалымдар жаңа әлем құратын және ғаламшарды сақтап қала­тын ерекше буын болады деп болжайды. Яғни алдағы заманымыздың алыбы альфалар болмақ. «Алып та анадан туады» дегендей, бұл буынды тәрбиелеуде аналардың рөлі зор екені айтпаса да түсінікті. Ендеше, сол жолдағы мұрат асыл, еңбек жемісті болғай! 

Соңғы жаңалықтар

Бизнестегі бибілер

Бизнес • Бүгін, 10:20

Сыйлыққа да талғам керек

Таным • Бүгін, 10:15

Кран тізгіндеген Рәзия

Әйел әлемі • Бүгін, 10:10

Бала деп байыз таппаған...

Қоғам • Бүгін, 10:05

«Альфа» да анадан туады

Пікір • Бүгін, 09:50

Димаштың әжесі

Әйел әлемі • Бүгін, 09:45