Саясат • Бүгін, 07:53

Энергетика мен қауіпсіздік мәселесі зерделенді

0 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі энергетикалық, өндірістік жобалар мен көктемгі су тасқынына дайындық барысымен таныс­ты. Мемлекет басшысының энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, жаңа қуат көздерін арттыру, инфрақұрылымды дамыту және төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі тапсырмаларының орындалуына назар аударылды.

Энергетика мен қауіпсіздік мәселесі зерделенді

Көкшетауда салынатын жылу электр орталығы жобасына ерекше мән берілді. Бұл нысан Семей мен Өскемен қалаларындағы стансалармен бірге елдің энергетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жобалардың бірі саналады. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың мәліметінше, ЖЭО құрылысына 227 гектар жер бөлінген, күл-қож қалдықтарына арналған алаңға тағы 130 гектар қарастырылған. Стансаның жобалық электр қуаты шамамен 240 МВт, жылу қуаты 520 Гкал/сағ болады. Қосымша су жылыту қазандықтарын орнату арқылы бұл көрсеткішті 300 Гкал/сағатқа дейін арттыру мүмкіндігі бар.

Қазір дайындық жұмыстары басталған. Күштік трансформатор ор­на­тылып, уақытша жолдар мен құрылыс штабы салынды. Жаб­дықтарды жеткізу 2027 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. Құрылыс кезеңінде шамамен 2,5 мың адам еңбек етеді. Нысан іске қосылған соң, 400-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба «таза көмір» технологиясын қолдану арқылы жүзеге асады. Кешенді газ тазарту жүйесі төмен эмиссиялы қыздырғыштарды, катализаторлар мен электр сүзгілерді қамтиды.

Түтін газын кешенді тазарту жүйесі төмен эмиссиялы қыздырғыштарды, катализаторлар мен электр сүзгілерді қамтиды. Түтін газдарын өңдеу барысында құрылыс саласында қолдануға жарамды гипс түзілетін күкірт тазарту реакторы орнатылады. Осы­лайша, станса Экологиялық кодекс талаптарына толық сай болады.

Үкімет басшысы бұл нысан өңір инфрақұрылымын дамыту мен халықты тұрақты жылу көздерімен қамтамасыз ету үшін маңызды екенін айтты. Болжамға қарағанда, 2035 жылға қарай Көкшетауда жылу энергиясына сұраныс 840 Гкал/сағаттан асады. Қалада жыл сайын 200–240 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп жатыр. ЖЭО іске қосылған соң, Көкшетаудың 195 мыңнан астам тұрғыны жылумен қамтылады, 600-ге жуық көпқабатты үйге ыс­тық су беріледі. Жобаны 2029 жылы аяқтау жоспарланған.

Жұмыс сапары барысында Премьер-министр Көкшетау­дағы өндірістік алаңдарды да ара­ла­ды. «Kokshe Industry» индустрия­лық аймағында ауыл шаруашы­лығы өнімдерін қайта өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру бағытындағы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мұнда «ММ Brick» ЖШС кірпіш зауыты, «Содружество Казахстан» ЖШС майлы дақылдарды өңдеу кешені, «Кедентранссервис» АҚ қолға алған Қазақстан – Қытай құрғақ портының логистикалық терминалы орналасқан.

Көкшетау қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев индустриялық аймақтың аумағы 600 гектар екенін айтты. Қазір құны 22,7 млрд теңге болатын жобалар іске асырылып жа­тыр. Олар 2026–2027 жылдары іске қосылып, 670 жаңа жұ­мыс орны ашылады. 2030 жылға де­йін өңірге 520 млрд теңгеден астам ин­вестиция тартылып, 40-қа жуық өндірістік жоба жүзеге асуы мүмкін.

Премьер-министр «Қазақ­стан агро инновациялық корпора­циясы» ЖШС кәсіпорнына да барды. Зауыт ауыл шаруашылығы мен коммуналдық техника шыға­рады. Кәсіпорын бас дирек­торы Олег Балыбин өткен жылы 65 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 4 мыңнан ас­там техника шығарылғанын айт­ты. Қазір өндірісті кеңейтуге ба­ғыт­тал­ған төртінші кезең аяқ­талған. 3 млрд теңгеден астам инвес­ти­ция өн­діріс көлемін жылына 5 мың тех­никаға дейін жеткізуге мүмкін­дік берген. Алдағы кезеңде өндіріс қуатын 6 мың техникаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 10 млрд теңгеге жуық. Кәсіпорында 400-ге жуық адам еңбек етеді.

Олжас Бектенов өнеркәсіп жобаларын жедел іске қосу мен машина жасаудағы жергіліктендіру деңгейін арттыру маңызды екенін айтты. Өнеркәсіп және құрылыс, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне, Ақмола облысының әкімдігіне өндірісті кеңейту жоспарларын қолдау мен инфрақұрылымды уақтылы жеткізу тапсырылды.

Сонымен қатар Ақмола облысында көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі де қаралды. Үкімет басшысы Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізіп, өңірдегі жағдаймен танысты. Көкшетауда Қылшақты өзенін тереңдету мен кеңейту жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде каналдың өткізу қабілеті секундына 136 текше метрге дейін артты. Ұқсас жұмыстар Шағалалы өзенінде де атқарылған. Өңірде 163 елді мекен мен 32 жол учаскесі тасқынға қарсы шаралармен қамтылды.

Жиында Экология және таби­ғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев көктемгі болжамды таныстырды. Қазгидромет дерек­теріне қарағанда, наурыз бен сәуір айларында ауа температурасы қалыпты деңгейден жоғары болуы мүмкін, жауын-шашын мөл­шері ел аумағының басым бөлігін­де көп түседі деп күтіледі. Су ре­сурстары және иррига­ция ми­нистрі Нұржан Нұржігітов ел­де 1395 гидротехникалық құ­ры­­лыс бар екенін айтты. 

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов 1 наурыздан бері гидрологиялық ахуал тәулік бойы бақылауда тұрғанын жеткізді. Ел аумағында су басу қаупі бар 1242 елді мекен анықталған. Азаматтық қорғау қызметтерінің 39 мыңнан астам қызметкері дайындыққа келтірілген. 18 мыңнан аса техника мен арнайы құрал әзір тұр. Жағдай күрделенсе, шұғыл әрекет ету жоспары іске қосылады. Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен ведомствоның материалдық-техникалық базасы күшейтілген. 842 арнайы техника, 27 қайық пен катер, 4 ұшақ сатып алынды. 830 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері тұрғызылды, 1128 шақырым дренаж жүйелері мен каналдар жөнделді не жаңадан салынды. Автомобиль мен теміржол бойында 934 су өткізу нысаны орнатылды немесе жаңартылды. Қауіпті учаскелерде өзен арнасын тереңдету, жағалауды нығайту, тегістеу, тазарту жұмыстары жүргізілді.

Жиында Щучинск пен Семейде болған оқиғалар да назарға алынды. Төтенше жағдайлар министрі екі дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, сараптамалар жүріп жатқанын хабарлады. Щучинск қаласында қаза тапқандардың отбасы­ларына көмек көрсетіл­ген. Ведомствоаралық комиссия қоры­тындысы ұқсас жағдайлардың алдын алуға бағытталған кешенді шараларды әзірлеуге негіз болады. Семейдегі балалар ойын-сауық орталығында шыққан өрт жедел сөндірілген, адам шығы­нына жол берілмеді. Үкімет бас­шы­сы төтен­­ше жағдайлар қызме­тіне әкім­­дік­термен бірлесіп өрт қауіп­сіз­­дігін күшейтуді, профилак­тика­­лық рейдтер мен түсіндіру жұмыс­тарын жандандыруды тапсырды.

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков «Tasqyn» жүйесі арқылы су тасқыны тәуекелдерін модельдеу жұмысы жүргізі­ліп жатқанын айтты. Көлік вице-ми­нистрі Мақсат Қалиақпаров авто­жолдардың қауіпті учаскелері тұ­рақты бақылауға алынғанын жет­кізді. Премьер-министрдің орын­басары Қанат Бозымбаев бір­­қатар өңірде мұз қабатының қа­­лың­­дығы мен топырақтың қату дең­­гейі жоғары екенін баяндады.

Отырыс қорытындысында Үкімет басшысы мемлекеттік ор­ган­дарға су тасқынына қарсы да­йын­дықты күшейтуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар