Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Жаңа интернет-платформа инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) туралы барлық деректі бір цифрлық ортаға біріктірген. Жоба зейнетақы активтерінің кірістілігі туралы ақпаратты жариялау тәсілдерін үйлестіруді және инвестициялау нәтижелеріне әсер ететін факторларды түсіндіреді.
Платформада пайдаланушыларға зейнетақы жинақтары жүйесі, бағалы қағаздар нарығы, инвестициялық стратегиялар, сондай-ақ ИПБ-лардың қаржылық көрсеткіштері туралы мәліметтер ұсынылады.
Платформа салымшыға өз қаражатының қайда және қалай инвестицияланып жатқанын түсінуге көмектеседі.
Бірыңғай платформа арқылы салымшылар инвестициялық портфельдерді бірнеше көрсеткіш бойынша салыстыра алады. Атап айтқанда:
- портфель құрылымының кірістілігі;
- зейнетақы активтерінің шартты бірлігінің құны;
- қаржылық қызмет нәтижелері;
- инвестициялық қызметтің жалпы тиімділігі.
Салымшылар инвестициялық декларацияларды зерделеп, өз жинақтарын инвестициялық басқару критерийлеріне сәйкес келетін ИПБ-ға беру туралы шешім қабылдай алады.
Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқаруда Қазақстан Ұлттық банкі мен жеке инвестициялық портфель басқарушылары қатысады.
БЖЗҚ активтерінің тиімділігі: Жинақталған кіріс 14 трлн теңгеге жуықтады
Онлайн қызметтер, цифрлық сервистердің дамуы: Жүйенің ашықтығы артып келеді
Платформада салымшыларға арналған жеке кабинет функционалы кеңейтілген. Пайдаланушы:
- аударуға немесе қайтаруға қолжетімді соманы тексере алады;
- ИПБ таңдау немесе өзгерту тәртібімен таныса алады;
- басқарушы компанияға өтініш беріп, оның мәртебесін қадағалай алады;
- басқа да зейнетақы қызметтерін онлайн ала алады.
Салымшылар міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының 50%-на дейін және ерікті зейнетақы жарналарының 100%-ына дейін ИПБ сенімгерлік басқаруына аудара алады.
БЖЗҚ салымшыларға қолайлы жағдай жасау үшін цифрлық қызметтерді тұрақты жетілдіріп келеді. 2025 жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсаны аралығында қор халыққа 43,3 млн қызмет көрсетті.
Оның ішінде:
- 27,2 млн қызмет – электрондық форматта;
- 14,7 млн қызмет – автоматты түрде көрсетілген.
Осылайша цифрлық және қашықтан көрсетілетін қызметтердің үлесі 97,9%-ға жетті.
Салымшылар веб-сервистер арқылы:
- жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме ала алады;
- деректемелерді өзгерте алады;
- өтініш беріп, оның мәртебесін бақылай алады;
- жинақтарды басқарушы компанияға немесе Қазақстан Ұлттық банкі басқаруына қайтара алады.
БЖЗҚ цифрлық экожүйесі зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігін, жеделдігін және ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Қор салымшылармен өзара әрекеттесудің негізгі арнасы ретінде онлайн сервистерді дамытуды жалғастыра береді.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда ГНПФ ЖЗҚ АҚ негізінде құрылған.
Зейнетақы заңнамасына сәйкес қор міндетті және ерікті зейнетақы жарналарын тарту, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, сондай-ақ нысаналы жинақтарды есепке алу қызметтерін атқарады.
Ел тұрғындары баспана мен емделу бағытында БЖЗҚ-дан қанша трлн теңге алды?