Саясат • Бүгін, 07:45

Ынтымақтастықтың іргелі негізі

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчамен кездесіп, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Сондай-ақ серіктестікті одан әрі нығайтуға қатысты міндеттерге тоқталды.

Ынтымақтастықтың іргелі негізі

Сенат төрағасы Саранго Раднарагчаға ілтипат білдіріп, еліміз бен БҰҰ-ның дәйекті ынтымақтастығына негіз болатын іргелі құндылықтарды атап өтті. Сондай-ақ ол еліміз Ұйымның барлық құрылымымен тығыз әрі сындарлы байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін айтты.

Әлемдегі геосаяси ахуалды тал­қы­лау барысында М.Әшім­баев еліміз дау-жанжалды ха­лық­аралық құқық және БҰҰ Жарғысы аясын­да дипло­матия­лық жолмен бейбіт шешуге бейіл екенін атап өтті.

«Біз Таяу Шығыстағы ахуал­дың күрт шиеленісуін терең алаң­даушылықпен бақылап отырмыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайдың ушығуына байланысты Парсы шығанағын­дағы бірқатар елдің басшы­ларына қолдау білдірді. Мем­ле­кет басшысы атап өткендей, еліміз қақтығыстарды тезірек тоқтатуды, барлық текетіресті диалог пен дипломатия арқылы бейбіт реттеуді қолдайды», деді М.Әшімбаев.

Осыған орай палата төрағасы Орталық Азия аймағының қауіп­сіздігін нығайтуда өзекті құры­лымның біріне айналған БҰҰ-ның Алматыдағы Өңірлік орта­лығының маңызы туралы айтты. Ол Орталықты құру дер кезін­де қабылданған шешім еке­нін, бұл қадам Қазақстан мен БҰҰ арасындағы сенімге негізделген қарым-қатынастардың нақты нәтижесі саналатынын атап өтті.

Кездесуде Сенат төрағасы елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның іске асырылу барысына да тоқталды.

«Мемлекет басшысы был­тырғы қыркүйекте халыққа ар­наған Жолдауында бір палаталы Парламент жүйесіне көшу туралы бастама көтерген еді. Осы мақсатпен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, еліміздің стратегиялық даму басымдықтарына, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге сай жаңа Конституция жобасы әзірленді. Жаңа Ата заң жоба­сында құқықтық мемлекет қағи­даттары, қоршаған ортаны қорғау, азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарын қамта­ма­сыз ету принциптері бекітіл­ген. Олар мемлекет үшін ең жоғары құндылықтар ретінде айқын­далды. Аталған бастама бойынша қорытынды шешімді еліміздің азаматтары 15 наурызда өтетін республикалық референдумда қабылдайды», деп М.Әшімбаев БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісіне Жаңа Конс­титуция жобасының маңызды ережелері туралы айтып берді.

Сонымен қатар олар алдағы кезеңге арналған бірлескен жұ­мыстың басым бағыттарын жан-жақты талқылап, Орталық Азия­­дағы орнықты даму мақсат­тарына қол жеткізу және геосаяси шиеленіс жағдайында аймақтағы климаттық сын-қатерлерді еңсеру мәселелері туралы пікірлесті.

Өз кезегінде Саранго Рад­нарагча елімізге орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу, адам капиталын дамыту, инклюзияны қамтамасыз ету және БҰҰ-мен серіктестікті нығайту бағытындағы бастамалары үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол көпжақты қарым-қатынасты ілгерілетуге, бірқатар бағыт бо­йынша бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жол жабық?

Ауа райы • Бүгін, 09:40

Ұстаздық ғұмыр белесі

Ұстаз • Бүгін, 08:43