Үкімет • Бүгін, 07:50

Дүниежүзілік банк қаражаты қандай жобаларға жұмсалады?

0 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан Дүниежүзілік банк тобы ұйымдарымен әріптестікті нығайтады. Мәжілістің жалпы отырысында осы мақсаттағы негіздемелік келісімді ратификациялау еліміздегі стратегиялық реформаларды жүзеге асыруға әрі шетелдік инвесторлардың сенімін арттыруға мүмкіндік беретіні айтылды.

Дүниежүзілік банк қаражаты қандай жобаларға жұмсалады?

Дүниежүзілік банк – әлемдегі ең беделді халықаралық қаржы институттарының бірі. Елімізде ол 30 жылдан аса жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында көлік, білім беру, экология, цифрландыру, қаржы салаларында 8 млрд доллардан аса сомаға 50 жоба іске асырылды.

– Қазақстанның тұрақты дамуы мен өсуін жәрдемдесуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту мақсатында Халықаралық қайта құру және даму банкімен, Халықаралық қаржы корпорациясымен және Көпжақты инвестициялар кепілдігі агенттігімен Әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау жобаларды қаржыландыру құралдарын кеңейтуге, мемлекеттің шығыстарын басым жобаларға қайта бөлу есебінен бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ жобаларды іске асыру кезінде рәсімдерді оңтайландыруға мүмкіндік береді, – деді құжат төңірегінде баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Келісім күшіне енсе, еліміздегі ІЖӨ-нің өсуіне, жұмыс орындарын құруға, жеке сектор мен ШОБ-ты дамытуға, инновацияларды ынталандыруға, инвестициялық ахуалды жақсартуға жәрдем береді. Талқылау кезінде депутат Қайрат Балабиев қандай жобалар жүзеге асырылатынын нақтылады.

– Дүниежүзілік банк тобы еліміздің инклюзивті экономикасы үшін жедел цифр­ландыру жобасына 84 млн доллар салады, ол Үкіметтің қарызы саналады. Бұдан бөлек, «Жезқазған – Қарағанды» жолына 1,2 трлн теңге, ал «Бейнеу – Сексеул» жолына 750 млн доллар құяды. Жобалар пайдалануға берілгеннен кейін жолда жүру уақытының қысқаруы нәтижесінде экономикалық пайдасы 93 млрд теңгеден асуы мүмкін. Құрылыс барысында 13 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады. Бұдан бөлек, инновацияны ынталандыру жобасына – 75 млн доллар, Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіруге – 100 млн доллар, суару және дренаж жүйелерін жетілдіруге – 300 млн доллар, теміржол қатынасын және көлік байланыстылығын трансформациялау жобасына – 850 млн доллар, Коммуналдық және энер­ге­тикалық инфрақұрылымды дамытуға – 350 млн доллар, Қамбар ата ГЭС-1-ді салу жобасына 500 млн доллар көзделеді. Осы жобалардың бәрін келісім ратификацияланған кейін іске асыруға мүмкіндік болады, – деп ашып түсіндірді С.Жұманғарин.

Вице-премьер «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар туралы» заңына сәйкес, мемлекеттік қарыздар туралы барлық шарт ратификациялауға жататынын атап өтті.

– Бірақ біз енді Дүниежүзілік банктің ережелері мен саясатын қолданамыз. Ол, біріншіден, бүкіл үдерістің тиімділігін көтеру­ге бағыт­­­тал­ған. Екіншіден, мемлекеттік кепілдік­терді мем­­лекеттік емес ұйымдарға беруді мақсат тұ­тып отыр­­мыз. Бұл мемлекеттік қаржыны сақ­тау­ға, басқа салаларға жұмсауға мүмкіндік бере­ді. Үшін­­­шіден, мемлекеттік қарыздың одан әрі ұл­­ғаюы­на жол бермейді, – деді С.Жұманғарин.

Айта кетерлігі, 2020 жылы Қазақстан Үкіметі мен Азия Даму банкі арасында ұқсас келісім ратификацияланған еді. С.Жұманғарин келісім­ді ратификациялау теріс әлеуметтік-эконо­ми­калық әрі құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді деп сендірді.

Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысында жеке детективтік қызмет туралы заң жобасы және оған ілеспе түзетулер енгізу, 2010 жылғы 10 желтоқсандағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары қаралды. Депутаттар бірауыздан дауыс беріп, салалық комитеттер жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады.

Бұған қоса Мәжіліс 1993 жылғы 22 қаңтар­дағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

– Хаттама ТМД мемлекеттері арасында сот актілерін өзара тану тетігін кеңейтеді. Енді мұн­дай актілер қатарына кәмелетке толмаған бала­ларға алимент өндіру туралы сот бұйрықтары тікелей енгізіледі. Ол ұзақ сот процесін өткізбей шығарылады. Алайда борышкер басқа мемлекетте болған жағдайда, шешім тек қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін. Осы мәселені хаттама шешеді. Кейінгі бес жылда трансшекаралық отбасылық өтініштердің саны 102-ге жетті (Қазақстан соттарымен алименттерді өндіріп алу туралы шешімдерді тану және оларды орындауға рұқсат беру жөніндегі өтініш-хаттар қаралды), – деді заң жобасын таныстырған Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.

Мәжіліс 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы да ратификациялады. Түзетулерге сәйкес, олардың пайдасына алимент өндіру туралы сот бұйрықтарын Кишинев конвенциясына қатысушы мемлекеттердің аумағында тану және орындау көзделеді. Ұсынылған нормаларды іске асыру мемлекетаралық қатынастарда сот бұйрықтарын орындау кезінде туындайтын құқықтық олқылықтарды жоюға, бала құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді деп күтіледі.

Күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралған соң депутат Жарқынбек Амантайұлы шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысқан ел азаматтарына қатысты қылмыстық саясатты ізгілендіру мәселесін қарастыруды ұсынды.

– Қазіргі кезеңде халықаралық қатынас­тар жүйесінде геосаяси және геоэкономика­лық шиеленістер күшейе түсті. Қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша (шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу) тіркелген қылмыстық істердің саны жыл сайын өсіп келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы – 23 іс, 2024 жылы – 36 іс, 2025 жылы 141 іс тіркелді. Осы 2025 жылы тір­келген істер бойынша 26 адам сотталған, – деді Ж.Амантайұлы Бас прокурор мен Ішкі істер министрінің атына жолдаған сауалында.

Мәжілісмен әлем елдерінің құқықтық тәжірибесін жан-жақты зерделеп, Қылмыстық кодекстің 170-172-баптарын жетілдіру, саралау бөлігін нақтылау бойынша заңнамалық өзгерістер пакетін әзірлеп, Парламент қарауына енгізу қажет деп отыр. Ал «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Нұргүл Тау Премьер-министр Олжас Бектеновке елімізде ядролық медицинаны дамыту және томотерапия саласын сақтап қалу мәселесін көтерді.

Өз кезегінде депутат Ермұрат Бапи азаматтарды жаңа Конституция жобасын қолдап, 15 наурыздағы референдумға белсене қатысуға шақырды. Ол Мәжіліс мінберінде бүгінгі әлемдік жағдайға, геосаяси тұрақсыздықтың күшеюі­не, соғыс аймақтарының кеңеюіне назар ау­дарып, осындай алмағайып уақытта Қазақ­стан ел қауіпсіздігін, ішкі бірлікті, тұрақты­лықты қамтамасыз ететін батыл бастамалар жасауға міндетті екенін айтты. Оның айтуынша, дәл осы мақсатта ұсынылып отырған жаңа Конс­титуцияның жобасы стратегиялық маңызға ие.

Депутат Конституция жобасын орынсыз сынаушыларға да үн қатты. Оның пайымынша, нақты реализм мен конструктивизмнен жұрдай сыншылық бүгінгі күрделі жағдайда таза популизмге айналады және ескі жүйенің «диірменіне су құяды». 

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жол жабық?

Ауа райы • Бүгін, 09:40

Ұстаздық ғұмыр белесі

Ұстаз • Бүгін, 08:43