Сурет: gov.kz
Осындай мақсатта елордада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетімен бірлесе «Jastar X» алаңында студенттермен сараптамалық кездесу ұйымдастырылды.
Жастармен басқосуда «Әділетті қоғамның негізі» тақырыбында сөз сөйлеген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов Конституция жобасының басты ерекшелігі – адамға бағытталуы екенін атап өтті. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Мемлекет тарихы институты» РММ директоры Нұрбек Пұсырманов Конституцияны қоғамды біріктіретін маңызды құжат ретінде сипаттады.
– Конституция – елдің болашақ даму бағдарының стратегиялық негізі. Құжат жай нормалар жиынтығы емес, ұлттың рухани тірегі әрі қоғам мен билік арасындағы сенім кепілі. Қазіргі уақыт талабында ұлттық құндылықты нығайту, азаматтардың құқығын қорғауды күшейту және заң үстемдігін орнықтыру маңызды. Бұл – әділетті әрі қауіпсіз мемлекет құру жолындағы жүйелі қадам, – деді Н.Пұсырманов.
Республикалық медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов «Халық бірлігі – реформалардың сәтті жүзеге асуының басты кепілі» тақырыбында қоғамдық келісім мен бірліктің маңызына тоқталды. Өз кезегінде «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы Талдау және коммуникация басқармасының басшысы Алёна Дмитриева қазіргі цифрлық кеңістіктегі жеке деректерді қорғау, цифрлық қауіпсіздік және онлайн құқық мәселесіне назар аударды.
– Цифрлық дәуір жағдайында азаматтардың құқықтарын қорғау, ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді сақтау – жаңа реформалардың маңызды бағыты ретінде айқындалып отыр. Сондықтан жаңа Конституция ел дамуының келесі кезеңіне жол ашады, – деді А.Дмитриева.
Негізі мұндай ашық кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттыруға, конституциялық реформаны түсіндіруге, сарапшылар мен студенттер арасындағы сенімді коммуникация орнатуға әрі азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған. Кездесу барысында орталықтың ғылыми-зерттеу жобалары, цифрлық ресурстары және «Jastar AI» виртуалды кеңесшісі де таныстырылды.
Кездесуге жастардан бөлек, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшелері, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті профессор-оқытушылары, ведомстволық комитеттер мен ғылыми институт өкілдері, сарапшылар, қоғам белсенділері қатысты.