Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен жүзеге асып келе жатқан «Қаламгер ұстаханасы» атты жоба қазір қанатын кеңге жайып барады. Әне, соның дәлелі ретінде кеше Астанаға Қырғыздың халық жазушысы, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев арнайы келіп, Ұлттық академиялық кітапханада дәріс оқыды. Осыған дейін оқырманға «Жанжаза», «Топан» сияқты шоқтығы биік романдар ұсынған жазушы сөз басында Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың әдеби байланысы, олардың бір-біріне деген сыйластығы туралы сөйледі.
«Айтматовтың шығармашылық жолында Мұхтар Әуезовтің қолдауы мен қамқорлығы айрықша рөл атқарғаны белгілі. Егер Әуезов қолдамағанда, Айтматовтың әлемдік аренаға шығуы қиын болар еді. Дәлірек айтсақ, алдында Әуезовтей ұстазы із қалдырмаса, Айтматовтың да болуы екіталай. Өнер – өзге өнерді тудырады. Сонымен бірге ұстаздың құндылығы мен ұлылығы оның шәкіртіне үйреткен өнері арқылы өлшенеді. Бұл – мәдениеттің өлмес, көне феномені. Біздің Шыңғыс «Манаспен» өмір сүрді, одан рухани қуат алды. «Манас» ол үшін алтын құзырет еді, Шыңғыс мәңгілік күшті сол жерден алды. Ол «Манаспен» өмір сүріп, ғұмырын соған арнады. Бұл қасиетті ұстазы Мұхтар Әуезов мұра етті. Қиын кезеңдер келгенде, тек «Манас» үшін ғана емес, күллі қырғыз халқы үшін сын сағаттарда Мұхтар Әуезов ұлы эпосымызды қорғап шықты, қазақ бола тұра қырғыз халқына теңдессіз қызмет етті. Өйткені дәл сол кезде қоғамымызда опасыздар мен қара ниеттілер көбейіп, «Манас» эпосы туралы жаман сөз айтып, оны халық тәрбиесіне «зиянды» деп жариялаған еді. Эпикалық мұраға, тіпті Айтматов соңынан шам алып түскенде, Мұхтар Әуезов оны қорғап қалды. Басқасын айтпағанда, Айтматовты өз жазушыларымыз талап жатқанда араша болған осы Мұхтар Әуезов», деді ағынан жарыла.
Қырғызстанның мәдениет министрі міндетін атқара жүріп, әлемдік оқырманға ұялмай ұсынатын таңдаулы романдар жазған Сұлтан Әкімұлының шығармашылық жолы кәсібилікке ештеңе бөгет бола алмайтынын дәлелдейді. Оның «Жанжаза» атты романын оқып, қаламгердің ойлау жүйесі, жазушылық шеберлігіне таңданғанымыз рас. Сол шығарманың жолы болып, өткен жылы Нью-Йоркте ағылшын тілінде жарық көрді. Айтматовтың «Жәмиласынан» кейін 46 жылдан соң Сұлтан Раевтың осы шығармасы Америка асыпты.
«1986 жылы Құранды қырғыз тіліне аудару тобында болдым. Бұл тәжірибе менің дүниетанымымды түбегейлі өзгертті. Қасиетті мәтіндерді оқыған сайын бір нәрсені терең түсіндім. Кез келген дінде үміт сәулесі бар. Құранда да, Інжілде де адамзатқа зор мүмкіндік беріледі. Тіпті ақырзаман туралы ескертулердің өзінде де мына дүниеде бір жылт бар екенін айтады» деген ол «Жанжаза» романындағы жынды жеті кейіпкер, ондағы тылсым әлем, киелі кітап туралы ұғымдарға түсінік бере кетті. Сұлтан Раевтың атын шығарған «Жанжаза» екенін де айта кеткен жөн. Бұл кітап осыған дейін қазақ тілінде екі рет кітап болып шықты. Аталған романдағы қасиетті кітап туралы сана түкпіріне жетер тіпті мифпен ұштасқан эпизодтар бір сәт бізді мына әлемнен алыстатып, қайта-қайта ойландырады. Онда сөз болып отырған адам да, сөз де, ауа мен от та кенет тылсым бір дүниеге айналып кеткендей. Онымен қоймай, олар құдіреттің күшімен бәрі сол қасиетті кітаптың ішінде сөйлеп тұрғандай әсер береді.
Қаламгер өз шығармашылығы, қазіргі рухани байланыс һәм оның әдебиетке берер пайдасы туралы кеңінен толғап, әдебиетсүйер қауымға тұшымды дәріс оқыды. Дәрістен кейін аудитория ауаны сұрақ-жауапқа көшті. Оқырманның бірі «ТҮРКСОЙ арқылы қазақ жазушыларының қандай еңбектері қай тілдерге аударылды?» деген сұрақ қойды.
«Қазақ әдебиетін Абайсыз елестету мүмкін емес. Хакімнің шығармалары түрік және басқа тілдерге аударылды. Сосын Шәкәрім, Сәбит Мұқанов, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов сынды қаламгерлердің шығармалары түрік тіліне аударылып, жарық көрді. Бұл жұмыстар әлі де жүйелі түрде жалғасып жатыр. Мысалы, Абайдың «Қара сөздері» түрік тілінде басылып шықты. Түрік оқырманы жақсы қабылдады. Анкара мен Ыстанбұл университеттерінде Абай шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференциялар өтті. Шәкәрім шығармашылығы бойынша да алдағы уақытта Анкара университеті мен Назарбаев университеті бірлескен ғылыми жиын өткізуді жоспарлап отырмыз. Олжас Сүлейменовтің мерейтойы аясында оның шығармалары бірнеше түркі тіліне аударылды. Сондай-ақ қазақ әдебиетінің этнография, тарих саласындағы зерттеулері де түрік тіліне тәржімаланып жатыр. Бұған мысал ретінде Серікбол Қондыбайдың еңбектерін айтуға болады. Біздің мақсат қазақ әдебиетін түркі кеңістігінде кеңінен насихаттау, ал түркі халықтарының әдеби мұрасын өзара бір-бірімен таныстыру. Бұл – рухани интеграцияның ең маңызды бөлігі деп санаймын».
Кеш соңында ақын, этнограф Баянғали Әлімжанов атақты «Манас» дастанын жырлап, көшпелілер рухын, далалық мәдениеттің үнін жеткізді. Сонымен бірге Сұлтан Раев өзі басқаратын ТҮРКСОЙ ұйымы атынан белгілі қаламгер, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлына түрік тілдес мемлекеттердің достығы мен мәдени, әдеби интеграциясын нығайтуға қосқан үлесі үшін берілетін Алтын медалін табыстады.